– Хи-хии-и... – деп күліп бастады әңгімесін үлкен ас үстінде мосқалдау бір жігіт. – Өмірі кітап оқымайтын едім, «органда» істеп, пенсияға шыққан соң күзетке кірдім. «Сотка-мотканы» игере бермеймін. Содан кітапханадан кітап алып оқып жүрмін. Өткенде Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» кітабын алып оқып тауыстым.
Шіркін, Балуан Шолақ заманында ер болған екен! Анау аузы сүмпиіп жүрген Біржанның әйелі Ғалияны ақыры алады ғой!.. – деді жұртты аузына қаратып.
Денем түршікті. Берекемді кетіріп қарсы уәж айту, әрине, жасы үлкен болған соң, тағы да қиын. Оның үстіне жатқанынан тұрмағыр, Сәбет үкіметінің айтуымен шығып кеткен кітап. Бәлен деп қарсы уәж айтсаң, қазір «сен білесің бе, әлде ол кітапты жазған Мұқанов біле ме!?» деп қарымта сұрақ қою мүмкін. Арты өкініш болып, қызылкеңірдек боламыз ғой.
Аузым өзімдікі деп анау біраз сөйледі. Оның сөзін хош көргендер де бар, мақұлдап бас изеп.
Тұлпары кірмей дүбірге,
Мәстек шауып бәйге алып,
Озып жүрген заман-ай!
Жүн жібекке теңеліп,
Асыл барқыт берендер
Тозып жүрген заман-ай!..
– деймін ішімнен. Ұзағынан көпірді. Қазіргі күні әйтеуір «жүгені күмістің бәрі данышпан». Қарсылық қылсаң, сен жексұрын атанасың.
Иә, Балуан Шолақтың Ғалияға деген махаббаты, оған деген жүрек қалауы ерекше болған. Қозы Көрпеш – Баяндай махаббатқа берік болған қос ғашықтың арасында сүйіспеншілік қаншама уақыт өтсе де елдің аузында түрлі алып-қашпа әңгімемен «қоламтасы» күні бүгінге дейін сөнбей келе жатыр.
Күнделікті қоғамда жаға ұстатарлық бұдан да зор, сұмдық жайттар болып жатса да, оларды біздің саңырау, меңіреу, көзі соқыр қоғам елеп-ескере бермейді. Өткеннің өткеліне көңіл дүрбісін салып, бықсыту арқылы танымал болғысы келеді. Жарайды, ендеше Балуан Шолақ та жас болды. «Ер туса, елге тыныс» демекші, жас жігіт уағында адамның қалт басып, қателесетін уақыты болады. Оның үстіне ел аузына іліне бастаған атағы дүр Балуан Шолақ.
Жалпы, осы тұста көпшілікке түсінікті болуы үшін С. Мұқановтың «Балуан Шолақ» кітабында Балуанды 23 жасында Балқашты алып қашып, содан шаңырақ көтереді деп жазады. Ал Есағамыз болса, «Балуан Шолақтың бәйбішесі – он сегіз құрсақ көтерген Қаныкей» дейді. Он сегіз құрсақтан тек, екі ұлы мен бір қызы ғана аман қалады.
Ал онда Сәбең жазған Балқаш кім? Бәлкім, әдеби суреттеуден туған көркем шығармаға әр кіргізген жан ба? Бұл жағын дөп басып айту қиын. Балуан Шолақты қатты қызғанып, тіпті түрмеде жатқанда ас апара жатқан атасына қатты сөз айтып ренжітетін тұсы бар.
Ол кездегі келіндер ұяң болған. Қазір ғой атасының алдынан көстеңдеп өте шығатын, керім келіндердің заманы һәм гендерлік саясаттың жемісі. Ал, жазушының суреттеуі бойынша Балуан Шолақ абақтыда жатқанда жолда кездескен екі жігіттің «айтақ сөзімен» «Ғалиядан Балуан Шолақты» қызғанып қарғап-сілеген келіншектің образына қарап отырып, шынында да балуанға лайықты жар емес екен деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, реалистік тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл жерде жазушы коммунистік сарынмен сары желіске салып, балуанның сыңарын һәм құдай қосқанын тым әсерлеп суреттеп жіберген сияқты.
Әйтпесе, атан өгізді құдықтан суырып алатын, адуын мінезді балуанның анасы Қалампыр өзі бармай, келінді жіберді дегенге көпшілік илана қоймайды. Тар жерде тарығып жаламен жатқан «бұла ғып» маңдайынан күн сүйгізбей өсірген ұлының тағдырына анасы неге алаңдамайды дейсің, алаңдайды ғой.
Тіпті жазушының, дәл осы сәтімен келіспеуге де болады (қара жер хабаршы болмасын). Келіннің атасына қарсы келуі (ол заманда ұят нәрсе). Осы бір тұсты әдеби көркемдеу бояуы тым қатты қалыңдап кетіп қалған галерея ма дейсің. Ал енді Ғалияға оралайық. Соншалықты асып-тасыған байдың бұла боп өскен қызы емес. Бірақ, әкесінің арқасында аздап болса да білім алған, көзі ашық, көкірегі ояу сол кездегі қазақ қыздарының ішіндегі нәзік жандылардың бірегейі десек те болады.
Оның үстіне қолы епсекті, бармағынан бал тамған ас дайындаудың шебері. Бал қымызының өзі қандай, балдай!.. Өзіне құда түсіп ат тірейтін жерден талайдың кұлқын құрты оянып ынтығып келсе де, ешкімнің бай-батшалығына қызықпай, ақыры орта шаруасы бар Біржан деген жігітпен шаңырақ көтереді. Ғалияның қымызының дәмін татқандардың талайы Біржанның үйіне келіп, қымыз ішіп, отағасының шаруасы оңынан жүре бастайды.
Атам қазақта «сүйген жүректе жазық жоқ» демекші, Балуан Шолақтың түр-тұлғасын көріп ғашық болған Ғалия ерге ер болатындай, сертке серт болатындай жан екен деп сүйсінгенімен, құдай қосқан қосағының ақ адал төсегін былғамайды. Бұл тұсты С. Мұқанов әдемі өрнектеп жеткізген. Ақыры, балуан абақтыда жатқанда, бұрын Ғалиядан ойы бар, бірақ үміті ақталмаған біреулердің кесірінен Біржан мен Ғалия ажырасып тынады.
Сөйтіп барып, сүттей ұйып отырған шаңырақ өсек-сөзге еріп ыдырайды. Басы бос келіншекпен ақыры Балуан Шолақ шаңырақ көтереді. Дейтұрғанмен, тарихта Ғалиямен емес, Балуан Шолақтың есімі Қаныкеймен кеңірек айтылады. Ал енді, балуан ғашық болған Ғалияның есімі қазақ даласында әнмен өріліп, күні бүгінге дейін айтылып та, жазылып та жүр.
Ғалия ақылды, терең ойлы, қиындықтан жол таба білетін, балуанға нағыз жар болған жан екендігін қалай айтсақ та мойындауымыз керек. Кейде, кейбір зерттеушілеріміз қазақтан шыққан тарихи тұлғаларды көди-сөди әңгімемен, пенделік әрекеттерін суреттеп, сол бір шеңберден шыға алмай жатады. Ақиқатында ол кезде қазіргідей үнтаспа, фотоаппарат тағы басқа заман жетістігі болған жоқ. Атақты адамның даңқың ел шығарды, ел аузында халық жадында жүрді. Сондықтан болар, түрлі қауесетке еріп «бәлен былай» деген бос сөзден бойымызды аулақ ұстағанымыз абзал!..
Сөз соңында айтарымыз – қазақтың көгінде мәңгілік есімі қалған, байлық қуып, даңққа малданбаған Балуан Шолақты С. Мұқанов атамыз өшіккен жаулардың қолынан қаза тапты десе, Естай Мырзахметов, балуанды сол тиген оқпен үш жыл жүріп дүние салды деп жазады. Ақиқатында Естай атамыздың сөзінің жаны бар ма деймін. Себебі, отаршыл империяның зорлығына көнбеген балуанға тірісінде тісі бата алмағандар, дүние салған соң қабірін қопарып қиянат жасауы мүмкін еді деген оймен сөзімді тұжырымдайын. Ал Ғалияның түр-тұлғасы емес, «қылығы тәтті» болған дейді ел. Тіпті бұл сөзді Балуанның өзі де айтқан екен. Демек, балуан атамыз сол қылығына ғашық болған ғой деп ойымызды түйіндейік.
Бурабайдың Жеңісі