Баяғы жартас – сол жартас. Жыл сайын жазылып, айтылып келе жатқан Алакөлдің жағдайы көңіл көншітпейді. Өкімет басшылары қолға алмаған еді, биыл депутаттар бас көтерген сыңайлы. Жылдағыдан бөлек, Алакөлдің Абай облысы жағындағы, «Қабанбайға» жол түсіп бардым. Қара және сұр балшығының емдік қасиеті бар екен. Бас тіреп баратын жерімізді таңдап, қасымызда бала-шаға болғандықтан, жағаға жақын «Лазурный берег» деген демалыс орнына келіп орналастық. Қазақша атауы жоқ. Екі қабатты, желдеткіші бар бөлме босап, балалар сонда жайғасты. Бізге ағаштан жасалған үйден бір бөлме берді. Әжетхана мен жуынатын жері сыртта, барып көріп келіп едік, өзіміз шошып кеттік. Ауылдық жерде де ондай әжетхана мен жуынатын орын жоқ, бәрі әдемі, таза. Кешкі тамақты көріп, сырттан ішейік дедік. «Администрация» деген жазуы бар бөлмеде екі қыз отыр. Қабырғадағы жазулар бәрі орысша, кешке қарай демалушылар қыдырады екен.
Біз де шықтық, бірде-бір қазақша сөз көзімізге шалынбады. Барлық жерде орыс тілінде, ал сатушылар қазақтар. Көлден келген соң аяқ киімді жуатын су да жоқ, аяқтағы құмменен бөлмеге кіреміз, біз кеткенше аула да тазаланбады. Тазалық деген мүлдем жоқ. Балалар орналасқан екі қабатты үйге кіретін кіреберісте үтік пен бір үстел тұр, құдды бір қойма дерсіз. Асханада қайнап тұратын ыстық су да жоқ. Айтатындары – «ұнамаса, басқа демалыс орнына барыңыздар!». «Дубайское мороженое» деген жарнама барлық жерде ілулі тұр. Жағада адам отыратын жер жоқ. Биыл ерекше. Шетел азаматтары көп. «Бұл демалыс орнының иесі кім?» деген сұрағымызға, «Бауыржан деген ағай, ректор» деп жауап берді қыздар. Ал төлеген ақшамызға түбіртек те бермеді.
Әйтеуір біреуге төледік. Сонда осынша қаржы бола тұра, демалыс орнын адамдар дұрыс демалатындай жөндеуге болмай ма? Үкімет қолға алған күнде де, қалпына келтіру үшін бірнеше жыл керек-ау. Кешке қарай «базар» басталады. Адамдардың көптігінен аяқ алып жүретін жол жоқ. Оны да реттеуге болады. Әжетхана мәселесіне келсек, екеуін көрдім, біреуі жабық. Ақысы – жүз теңге. Исі мұрын жарады. Жағадан ол әжетханаға келгенше зорға жетесің. Саз балшыққа келсек, үш-төрт жерде бар екен. Демалушылар түсіп, шығып жатыр. Ешқандай дәрігер жоқ. Қалай түсу керектігін бір-бірлерінен сұрап, түсіп шығып, келесі сұр балшыққа барып жатыр. Одан шығып, киіз үйдің ішінде бес жүз теңге төлеп, шөптен жасалған буға кіресің. Олар ешкімге салық төлемейді ғой деймін шамасы. Нағыз салық полициясы осы жерге керек сияқты. Көзге көрініп тұрған аралға барып суға түсіп келу үшін жеті мың төледік. Алакөлді, Балқашты ретке келтіру қиын-ау. Әйтпесе Президент айтты. Үкімет мұнда келді. «Ойбай, қатырамыз!» деді, уәде берді. Қатырғаны осы ма? Сол уәде желге ұшты ма, әлде сумен шайылып кетті ме? Түкке түсінбей біз отырмыз.
Априза АЙТБАЕВА,
ҚР Құрметті журналисі