2026 жылғы 30 қазанда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитіне орай, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің Түркияға жасаған сапары табыспен аяқталды
Қарқынды дамып келе жатқан қазақ-түрік қатынастары
Анкарада екі ел басшыларының қатысуымен өткен кездесулердің барлығы бауырлас елдердің ынтымағын онан ары нығайтып, сауда-экономикалық байланыстарды, инвестиция, және мәдени-гуманитарлық салаларда ауқымды жобаларды табысты жүзеге асыруға уағдаласып қайтты.
Сөз кезегінде Қазақстан Президенті өзара байланыстарды одан әрі нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.
– Қазақ-түрік ықпалдастығы тереңнен тамыр тартады. Тарихымыз – ортақ, тіліміз бен діліміз – бір, дәстүріміз – ұқсас. Екі елдің саяси ынтымақтастығы өзара сенімге және мызғымас достыққа негізделген. Мемлекеттеріміздің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Біз екіжақты және халықаралық деңгейде бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп жүрміз. Сауда-экономика саласындағы қарым-қатынасымыз да күшейіп келеді. Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Бұған қоса, Анадолыдағы ағайын ұлттық экономикамызға көлемді қаржы салған басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Қазақстанда бірқатар түрік компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Біз түрік бауырларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіп жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Түркия Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты және бауырлас қазақ халқын Республика күнімен құттықтады.
– Биыл мамыр айында Астанаға жасаған сапарым барысында бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойдық. Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысында өзара қарым-қатынасты нақты қадамдармен бекіте түсеміз. Біз тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізіп, инвестициялық байланыстарды жандандыруға ниеттіміз, – деді Түрік елінің басшысы.
Келіссөз барысында екі ел басшылары көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауылшаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық мәселелерін талқылады. Мұнда Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізу туралы шешім бекітілді. Сондай-ақ Түркі инвестициялық қоры мен Түркі торгово-өнеркәсіп палатасының мүмкіндіктерін белсенді пайдалану уағдаластығы жасалды. Транскаспий халықаралық көлік маршрутын (Орта дәліз) бірлесе дамыту және транзиттік жүк тасымалын арттыру шаралары мақұлданды. Бұдан бөлек жасанды интеллект, энергетика, ауылшаруашылығы және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдету бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізілді.
Ресми дереккөздердің мәліметіне сенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 5,4 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға өскен екен. 2005-2025 жылдар аралығында Түркия Қазақстан экономикасына 6 млрд доллардан астам инвестиция салыпты. Бұл көрсеткіштер алдағы уақытта арта түспек.
Сөз орайы келгенде айта кететін елеулі бір келісімді түрік медиалары алдағы уақытта Түркияның танымал ҰҰА (ұшқышсыз ұшу аппараттары) қатарынан табылатын Anka дрондарының Қазақстанда құрастырылатындығын жазып жатыр. Бұл аталмыш дронның алғаш рет шетелде құрастырылуы болатын көрінеді. Егер барлығы ойдағыдай жүзеге асатын болса, алдағы уақытта Ақтөбедегі №406 авиажөндеу зауытында өндіріс басталатын сияқты.

Саммиттегі сөз
Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитіне мүше мемлекеттер мен ұйым басшылары қатысты. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов (бақылаушы ел ретінде), Әзербайжан атынан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы – Кубанычбек Омуралиев қатарлы лауазымды тұлғалар қатысты.
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы түркі әлемінің тұтастығын нығайтып келе жатқан бірегей құрылым екеніне назар аударды.
– Бауырлас елдердің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – біздің мызғымас қағидатымыз. Түркі жұрты тонның ішкі бауындай тату болып, бағыт-бағдарынан ауытқымай бірлесіп, алға нық қадам жасауда. «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» атты бүгінгі басқосу тақырыбының мән-мағынасы өте терең. Бұл жиын Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен орайлас өтіп жатыр. Мұның символдық мәні де ерекше. Осыдан бір ғасыр бұрын бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері рухани тұтастығымызды нығайту үшін ортақ мүдде жолында Баку қаласында үлкен жиын ұйымдастырып, күш біріктірген болатын. Біз бабаларымыздың осы аманатына адал болып, түркі әлемінің ауызбіршілігін күшейту үшін жұмыла әрекет етіп келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты нығайту жолында «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын қолданудың маңызы зор екеніне мән берді.
– Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді, – деді Мемлекет басшысы.
Міне, қазақ елі басшысының осы сөзі кезекті саммиттегі ең көп талқыланған, төрткүл дүниенің таңданысын тудырған сөз болды десек артық кетпеспіз. Әлеуметтік желі беттерінде пікір білдірген адамдардың кейбіреулері бұл пікірді жаңсақ түсінген сияқты. Басын ашып алатын бір жайт – Қ.Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына толыққанды мүше етіп қабылдауды ұсынған жоқ. Ол Ресейді «ТМҰ+» форматындағы ынтымақтастыққа шақыру, немесе ұйымға бақылаушы мемлекет мәртебесін беру сынды екі жолды ұсынды.
Осы сөз әлем елдерінің медиаларында қызу талқыланған, көп адам тереңіне бойлай қоймаған пікір ретінде есте қалды.
Жұрт не дейді?
Түгел түркі болмаса да тәуелсіз түркі елдерінің басын қосып саммит өткізіп отырған отағасы ел Түркияның ресми билігі бұл пікірге алабөтен көзқарас байқатқан жоқ. Президент Режеп Тайып Ердоған саммитте түркі мемлекеттерінің бірлігін, ынтымағын нығайту туралы тоқталып өтті. Дегенмен Ресейді аталмыш ұйымға тарту жөніндегі ұсынысқа ештеңе деген жоқ. Ердоған мырза өз сөзінде түркі мемлекеттерінің экономикалық ықпалдастығын арттыру, орта дәлізді дамыту, ортақ цифрлық сауда алаңын құру, түркі тілдеріне негізделген жасанды интеллект жүйесін қалыптастыру, қауіпсіздік және қорғаныс өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты тереңдету керектігі жайлы ұсыныстарын ортаға салды.
31 қазанда түркиялық Turkish Forum басылымында саясаттанушы Сефа Юрюкелдің арнайы сараптамасы жарияланды. Ол Тоқаевтың ұсынысын ТМҰ-ның географиялық және саяси ауқымын кеңейтуге бағытталған қадам ретінде қарастыра келіп аздаған күдігін де жасырмапты.
Ол Ресейдің Украинадағы соғысы мен Батыспен текетіресі ұйымның халықаралық беделіне әсер етуі мүмкін деген болжам айтыпты.
«Ресейдің бақылаушы болуы түркі ұйымының саяси табиғатын өзгертіп жіберуі ықтимал. Ресеймен сауда-экономикалық байланыс орнатудың екіжақты тетіктері онсыз да бар. Сондықтан Ресейге бірден бақылаушы мәртебесін беруден гөрі, энергетика, көлік және логистика салаларында «ТМҰ+» арқылы ынтымақтастық орнатқан дұрыс», – дейді Юрюкел.
Euronews басылымы жариялаған мақаласында Тоқаевтың ұсынысын саммиттің күтпеген жаңалығы деп бағалапты. Сонымен бірге Түркі мемлекеттері үшін Орта дәліздің маңызын және Ресеймен қарым-қатынастың геосаяси салдарын атап көрсеткен.
Испанияның ақпарат агенттігі EFE Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынаста сақтық пен тепе-теңдік саясатын ұстанып келе жатқанын еске ала отырып, Тоқаевтың ұсынысын осы геосаяси жағдай аясында туындап отырған қажеттілік ретінде қарастырыпты.
Әлемдегі танымал басылымдардың бірі Associated Press агенттігі бұл саммитте Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің болмауына көбірек назар аударған. Түркия мен Әзербайжан арасындағы соңғы келіспеушіліктердің түркі әлеміндегі бірлікке ықпалына тоқталған екен.
Қытай тілді басылымдар осы жаңалықты кеңінен таратып жатыр. Әзірге олардың танымал сарапшыларынан гөрі, халықаралық саясатқа қызығатын желі қолданушылары қызу талқылап жатыр. Олардың арасында «ТМҰ Қытайға қарсы ұйым емес пе?» деп күдіктенушілер де бар. Кейбіреулері «ондай болса Шанхай ынтымақтастық ұйымы қайда қалмақшы?» деп сұрау тастапты. Ал азаматтардың көп бөлігі Қазақстан мен Ресейдің ұзаққа созылып жатқан шекарасы мен Ресей ықпалы, өте-мөте Орталық Азиядағы түркі елдері мен Ресей қарым-қатынастарының тереңдігін ескере отырып, Тоқаевтің бұл пікірінің қисыны бар екендігін айтып жатыр.
Ресейдің ықыласы
Ресейлік сайттарда жарияланып жатқан пікірлердің арасында бұл ұсынысты қолдаушылардың қарасы көп екені байқалады. Орыс саясаткерлері бұл ұсынысты Мәскеудің түркі әлемімен және Орталық Азия елдерімен ықпалдастығын арттыратын маңызды геосаяси мүмкіндік деп бағалапты.
«inbusiness.kz» сайты Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың пікірін жариялады. Ол бұл бастаманы «қисынды, орынды және табиғи нәрсе» деп атапты. Песков өз сөзінде Ресей Федерациясының құрамында тарихы мен шығу тегі түркі халықтарымен тығыз байланысты бірқатар өңірлер бар екенін алға тартқан. Песков бұл жерде ұйым жұмысына Ресейдің жекелеген субъектілері немесе аймақтары емес, бүкіл Ресей Федерациясы тұтастай қатысуы тиіс екенін баса айтты. Кремль өкілі Мәскеуге әзірге ешқандай ресми шақырту түспегенін мәлімдеді. Дегенмен, ол бұл тақырып алдағы уақытта Астанамен және ұйымға мүше басқа да серіктестермен өтетін екіжақты кездесулер мен байланыстардың күн тәртібіне міндетті түрде шығатынын жеткізді.
Ресей Федерациясының құрамында «мемлекет» мәртебесіне ие және өз мемлекеттік тілін бекітуге құқылы 7 негізгі түркі тілді автономиялық республика бар. Олар Татарстан Республикасы, Башқұртстан Республикасы, Саха (Якутия) Республикасы, Тыва (Тува) Республикасы, Чувашия Республикасы, Хакасия Республикасы, Алтай Республикасы. Сонымен қатар, құрамында түркі тілдес халықтар байырғы ұлт ретінде өмір сүретін Дағыстан Республикасы, Қабардин-Балқария мен Қарашай-Шеркесия республикаларында да түркі тілді малқар (балкар) және қарашай халықтарының тілдері мемлекеттік мәртебеге ие. Жалпы Ресей аумағында 10 миллионнан астам түркі халқы өмір сүріп жатыр.
Ресей Конституциясында аталған халықтардың ана тілдеріне деген еркіндік мәселесі қарастырылғанымен, шынайы жағдайлар мүлде басқаша сипатталатыны бар. Дегенмен Ресей билігі түркі дүниесі туралы тұмшаланған көзқараста деуге келмейді. «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» конференциясы соның бір дәлелі. Бұған қоса Ресей президенті Путиннің келесі көшпенділер ойынын Татарстанда өткізу туралы шешімін де еске алған жөн...
Біздің пайым
Біздің ойымызша, бұл ұсыныстың геосаяси астары тереңде жатыр деп ойлаймыз. Әсіресе Қазақстан үшін Ресей ықпалы мен географиялық орналасуы, тарихи тамырластығы аса маңызды болмақ. Бұл тұрғыдан қарағанда, солтүстіктегі көршімізден ат тонын ала қашу мүмкін емесі анық. Ал түркі әлемінің ажырамас бөлігі ретінде, бауырлас елдермен болған қарым-қатынастың тереңдей түсуі табиғи нәрсе. Сондықтан істікті де, төстікті де күйдірмей ұстау үшін, Ресейді аталмыш ұйымның жұмысына азды-көпті қатыстыра жүрудің зияны болмайтыны сөзсіз деп ойлаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, Мәскеуге Түркі мемлекеттері ұйымының есігін ашу – Ресеймен байланысты сақтаудың тағы бір дипломатиялық тетігі болғалы тұр.
Тоқаевтің ұсынысы туралы пікір білдірген бір бөлім сарапшылар бұл ойдың астарында «түркі әлемінің географиялық ауқымын кеңейту» идеясы жатқандығына назар аударған екен. Біздің ойымызша, бұл сөздің де жаны бар. Ресей аумағында 10 миллионнан асатын түркі халықтарының тілі, мәдениеті мен тарихи мұрасы түркі өркениетінің құрамдас бөлігі екені даусыз. Алайда, олар мемлекет ішіндегі мемлекеттер болғандықтан, ТМҰ-на мүше болып қатыса алмай отыр. Егер Ресей Федерациясы аталмыш ұйымға бақылаушы ел ретінде қатысар болса, олар бұл ұйымға біртабан жақындай түседі деген сөз...
Кейбір сарапшылар сонымен қоса бұл ұсыныстың астарында, Ресейдің Орталық Азия алаңындағы Түркия ықпалының артуына күдікпен қарап, өзінің байырғы одақтастарына деген сеніміне селкеу түсірмеудің амалы жатыр деген пікір айтыпты. Мәскеудің Түркі мемлекеттері ұйымына күдікпен қарауына жол бермеу. Таулы Қарабахтағы қақтығыстар, Анкараның ОА мен болған әскери-техникалық, экономикалық және мәдени байланыстары күшейе түсуі, Мәскеуде бұл ұйымның болашағына қатысты сұрақтар туындатқаны сөзсіз еді. Сондықтан «Ресейге бақылаушы мәртебесін ұсыну арқылы Қазақстан Мәскеуге: «Бұл ұйым Ресейге қарсы бағытталған құрылым емес» деген дипломатиялық белгі беріп отырған болуы ықтимал» деген көзқарасқа қосылатынымызды айтқымыз келеді.
Түркиялық саясаткер Сефа Юрюкел өз сөзінде, Тоқаевтың ұсынысын Қазақстанның дәстүрлі көпвекторлы саясатының жалғасы ретінде түсіндірген екен.
PS: Түркі мемлекеттері ұйымының дербес саяси күш ретінде қалыптасуына кедергі келтіретін ұйымдардың бой көрсетуі табиғи нәрсе. Соңғы уақыттағы Түркия мен Әзербайжан арасына от жағуды көздеген ақпараттық шабуылдар соның шағын мысалы сияқты көрінеді. Дегенмен Түркия президенті Ердоған Оңтүстік Кореяға сапары барысында Әзербайжан аспанында ұшып бара жатып, бауырлас Әзербайжан еліне, оның президентіне сәлем жолдауы, күдіктің күлін көкке ұшырғандай болды... Дегенмен күллі дүние Ресейге ренішпен қарап отырған сын сағатта, ТМҰ-ның Мәскеуді өз жағына таруты, батыс елдерінің «басқаша ойлауына» жол ашпаса игі еді дейміз. Дегенмен бақылаушы мемлекет толыққанды мүшелермен бірдей шешім қабылдау құқығына ие болмайтынын да ұмытпаған жөн. Бәрінен де маңыздысы – бұл ұсыныс ретінде ғана қалды. Анкара саммитінің қорытынды декларациясында Ресейге бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім, ресми келісім жарияланған жоқ. Алдағы уақытта түгел түркінің ортақ тарихи, тілдік және мәдени негізде жақындаса түсуі секілді оң өзгерістер орын алып жатса құба-құп болар еді.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
















