Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді

Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді

Жылда ел асыға күтетін, жағымды жаңалық тосатын бір дүние бар. Ол – Жолдау! Биылғы халық асыға күткен Жолдау өзінің ерекшелігімен, жаңашылдығымен көптің көңілінен шыққан тәрізді.  Оны әлеуметтік желілердегі жағымды  жазбалардан, арнайы жазылған посттардан аңғаруға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қараша күнгі  «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы несімен құнды? Несімен ерекше? Халыққа әсері қандай? Осы тұрғыдан қарасақ, Жолдауда көп мәселе қамтылыпты. Соны рет-ретімен тарқата жазбақпыз. Жолдаудың бәрін қамту мүмкін емес, әрине. Сондықтан халықтың қолайына жағатын Жолдаудағы өзекті дүниелерге ат шалдырмақпыз. Ең бірінші айтармыз, Ұлттық қор жайлы болмақ. Бұл төңіректе де көп әңгіме айтылып жүр еді. Соған нүкте қойылды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:  «Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату.

Ұлттық қор көп жылдар бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда.

Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл – адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғни ел болашағына салынатын ұзақ мерзімге арналған инвестиция».

Жолдауда айтылған ең маңызды мәселенің бірі халықтық құрылыс – газ, су тартуға, тұрғын үй, әлеуметтік нысан салуға 2029 жылға дейін 6,5 трлн теңге  бөлінетіні. Бұдан байқағанымыз ел көлемінде құрылыс  үдейді. Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтитынын бекер айтпаған секілді. «Тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болады», – деді Мемлекет басшысы.  

Жолдауда құрылысқа басымдық берілді

Келер жылы жаңа Азаматтық кодекс қабылданады; кәсіпкерлікті қолдау күшейеді; Президентіміз мұғалімдердің жұмысын жеңілдету туралы айта келіп: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндетке кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек», – деді. Бұл да көптеген ұстаздардың көкейіндегі бұлқынған ой болатын. Оның да шешімі табылуға шақ тұр.

Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтерілмек. Қ.К.Тоқаев Үкіметке осындай нақты тапсырма жүктеді.

Президенттің есебінше, шешім елдегі 1,8 млн адамның табысына тікелей ықпал етеді. Оның ішінде 370 мыңнан астам бюджет саласының қызметкері бар. Бүгінде айына 85 мың теңгеге қарап отырған азаматтар үшін бұл айтарлықтай өзгеріс.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін учаскелік мамандардың да жалақысы қайта қаралады. Дәрігерлерге 40 пайызға дейін үстемеақы төленбек. Бірақ мұнда маңызды бір деталь бар. Үстеме барлығына бірдей үлестірілмейді, тек үзіліссіз жұмыс өтіліне қарай есептеледі. Реформа жалпы саны 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.

Ашығын айтқанда, 110 мың теңгелік ең төменгі жалақы туралы мәселе қоғамда әлдеқашан пісіп-жетілген еді. Инфляция мен қымбатшылық қысып тұрған шақта 85 мың теңге базалық қажеттіліктерді де өтей алмай қалғаны жасырын емес.

Біздіңше, бұл жердегі ең басты мәселе уақыт. Өсім 2027 жылға, яғни алдағы кезеңге жоспарланған. Үкімет ол уақытқа дейін бағаның өсуін ауыздықтай алмаса, 110 мың теңгенің де сатып алу қабілеті дәл қазіргі 85 мыңның деңгейінде қалып қоюы әбден мүмкін.

Президент медицина мамандарының жалақысына қатысты да пікір білдірді. Тоқаев мәселен жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейту қажет екенін айтты. Осы орайда аталған жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен өсіру қажеттігін жеткізді. Мемлекет басшысы Үкіметке 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Ойлап қараңыз, осы бастама 77 мыңнан астам маманның табысын арттырады. Бұл дегеніңіз кәдімгідей көмек. Кәдімгідей қолдау!

Медицина қызметкерлерінің еңбегін лайықты бағалауды денсаулық сақтау жүйесінің сапасына салынған инвестиция. Өйткені дәрігерлер мен орта буын мамандарының жүктемесі жоғары. Ал олардың жұмысы тікелей адам өмірі мен денсаулығына байланысты. Еңбекақының артуы білікті мамандарды салада сақтап қалуға, кадр тапшылығын азайтуға және қызметкерлердің кәсіби ынтасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

 

Шұғыл өткен жиын

Ертесіне Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынның негізгі тақырыбы – Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру.

Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Президенттің халыққа Жолдауы терең мазмұнды, тұжырымдамалық мәні бар құжат екенін атап өтті. Онда Қазақстанның болашағы, жаңа әлемдік тәртіптегі орны және алдағы жылдардағы даму бағыты айқындалған. Төрағаның пікірінше, биылғы Жолдау ел дамуының ауқымды пайымы мен стратегиялық тәсілімен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы Қазақстанның алдында тұрған міндеттерді жаһандық өзгерістерді, жаңа технологиялық болмысты және елдің одан әрі дамуын айқындайтын заманауи сын-қатерлерді ескере отырып қарастырады. Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің белсенді қатысуын және нақты нәтижелер үшін жеке жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Сондықтан басым бағыттарды айқындап, жалпыұлттық мақсаттарға қол жеткізуге қосатын өз үлесін нақты түсіну аса маңызды.

Ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарларын қалыптастыру мақсатымен Қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірлесіп, жыл сайынғы баяндама дайындау жоспарланып отыр. Бұл баяндама өңірлерден келіп түскен бастамаларды жинақтауға, азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді айқындауға және еліміздің стратегиялық құжаттарын әзірлеуге арналған ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа отандық жетекші сарапшылар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері, соның ішінде Еркін Әбіл, Айгүл Сәдуақасова, Ботагөз Ракишева және Найля Мұхтарова тартылады.

Қатысушылар жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу мәселесіне де ерекше назар аударды. Ерлан Қошанов құжатты дайындау жұмысына азаматтық қоғамның кеңінен қатысуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Кодекс заманауи талаптарға сай болып, халықтың әртүрлі санаттарының мүдделерін ескеруі тиіс.

Бұл жұмысқа белгілі заңгер ғалымдар Исидор Борчашвили, Мәди Мырзағараев және Андрей Лукинді де тарту ұсынылды.

Халықтың цифрлық дағдыларын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Азаматтардың практикалық цифрлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ауқымды білім беру жобасын іске қосу ұсынылды. Ауыл тұрғындарына маркетплейстер мен интернет-платформалар арқылы тауар сатуды үйрету, ал жастарға жеке кәсіп ашу үшін цифрлық құралдарды пайдалануды меңгерту жоспарланып отыр.

Құрылтайда өткен дөңгелек үстел

Құрылтай депутаттары да қарап қалмады. Олар цифрлық экономиканы ескере отырып жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі Президенттің бастамасын талқылады. Тың пікірлер айтылды. Нақтырақ айтсақ,   Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде «Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауы: цифрлық экономика тұрғысынан азаматтық заңнаманы жетілдіру және қайта қарау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

«Әділет» партиясы мен Maqsut Narikbayev University бірлесіп ұйымдастырған алқалы жиынға Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров қатысты.

Отырыста комитет төрағасы Үнзила Шапақ бұл іс-шара Мемлекет Басшысының Жолдауында айтылған жаңа Азаматтық кодексті қабылдау қажеттігі туралы бастамасын іске асыруға бағытталғанын атап өтті. Ол қолданыстағы Азаматтық кодекске қабылданған сәттен бері 150-ден астам өзгеріс пен толықтыру енгізілгенін айтты. Құжатта заманауи шарттық институттардың жоқтығы Қазақстанның шетелдік әріптестер үшін инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Ал цифрлық активтер мен смарт-келісімшарттарды реттейтін нормалардың болмауы IT-сектор мен инновациялық экономиканың дамуын тежейді.

«Жаңа Азаматтық кодексті қабылдау – елдің құқықтық егемендігін нығайту, Қазақстан Республикасының тұрақты экономикалық өсуін және құқықтық жаңғыртылуын қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық қадам. Президент Құрылтай депутаттарының алдына Үкіметпен бірлесіп құжатты әзірлеуге кірісу және оны келесі жылдың соңына дейін қабылдау туралы нақты міндет қойды. Бұл жұмыс заңнама бойынша сарапшылар қауымдастығымен бірге барлық тараптардың бірлесіп әрекет етуін талап етеді», – деді Үнзила Шапақ.

Вице-спикер Нұрлан: «Мемлекет Басшысы өз Жолдауында болашақтың экономикасына байыппен көшудің құқықтық негізіне айналатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажеттігін атап өтті. Электрондық мәмілелер, цифрлық активтер, платформалық экономика, жасанды интеллект технологиялары және деректер айналымы дәстүрлі азаматтық құқық институттарына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл ретте жаңа құқықтық реттеу экономиканың дамуына кедергі келтірмеуге, керісінше, инновациялар мен кәсіпкерлік бастамалар үшін қолайлы жағдай жасауға, азаматтық айналымның құқықтық сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіс, – деді.

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов: «Бұл ретте «Заң және Тәртіп» қағидатын да ескеру керек. Цифрлық экономиканың дамуы заңдылықты нығайтумен, азаматтардың құқықтарын қорғаумен және цифрлық ортадағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қамтамасыз етумен қатар жүруге тиіс. Біз жаңа технологиялардың ұйымдар, цифрлық платформалар немесе автоматтандырылған жүйелер алдында заңды түрде осал болып қалуына жол бермеуіміз керек», – деді.

 

Үкіметте Жолдауды іске асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуге дайын

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шаралары қаралды.

Олжас Бектенов Президент Жолдауында ел дамуының басты мақсаты айқындалғанын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауында Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құруды басты мақсат ретінде айқындады. Оған қол жеткізу үшін еліміздің мол әлеуеті мен қазіргі заманауи инновациялық жағдайларда беріліп отырған орасан зор мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануымыз қажет.

Президент жариялаған ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы экономиканың барлық саласындағы түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер мен реформаларға жол ашады. Жалпыхалықтық жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін береді. Бұл Жолдау – алдағы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат. Оны жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуіміз керек, – деді Олжас Бектенов.

Үкімет демекші, ел президенті Үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың сапасына жауапкершілік жүктеп, «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейтуге пәрмен берді.

«Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет. Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек», – деп атап өтті Президент Қазақстан халқына Жолдауында. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жүк тасымалдайтын кәсіпкерлерге жәрдемдесуге шақырды.

«Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады. Негізгі мақсат – еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру.  Келесі жылы барлық автомобиль өткізу бекеттерін сапалы реконструкциялауды аяқтау қажет. Жақын уақытқа дейін бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілмеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкіметке мына мәселені қадап тұрып айтты.  «Еске саламын: сапалы жолдар мен заманауи жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымы болмаса, Қазақстан жаһандық транзиттік дәліз немесе Еуразияның көлік-логистикалық хабы мәртебесіне үміткер бола алмайды. Мәселенің маңызы осында. Оны қалай болғанда да шешу қажет. Егер шекара бірнеше шақырымға созылатын көлік кептелісін тудыратын «тар өткелге» айналса, ал дәл қазір жағдай осындай болса, онда Қазақстанның көшбасшылық туралы сөз қозғауы да мүмкін емес», – деді Мемлекет башысы.

 

***

PS: Президент Тоқаевтың  1 сағат 30 минуттық Жолдауында ерекше  есте қалғаны – «Халықтық құрылыс». 2027 жыл халықтық құрылыс жылы болу керек дегені. Сосын ең төменгі жалақы 85 мыңнан 100 мыңға дейін өсуі. Мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет дегені де көкейге қонатын нәрсе. Мойынқұм АЭС қүрылысын тезірек қолға алу керек екенін де айтып қалды Президент. Оны да Ресей мен Қытай салатын түрі бар. Нақты айтылмады. Бірақ біздің болжам соған саяды. 

 

«Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдаймын!»

Асқарбек Сейілхан, журналист: 

– Жолдауды тыңдап отырып, ауылдан шыққандықтан, ауылшаруашылығы турасында Президенттің Дженсен Хуангтің ауылшаруашылығына ЖИ еңгізу туралы ұсынысы, менің де ауылдағы еңбек етіп жатқан бауырларымның жағдайын жақсартуға болатыны туралы идея басыма сарт ете түсті. Сонда деймін-ау қазақтардың ішінен неге бір Жексенбай шықпасқа деп армандап кеттім.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын тыңдадым. Президенттің NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуангтың Қазақстан ауылшаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі ұсынысына ерекше назар аударуы – еліміздің технологиялық даму бағытының өзектілігін көрсетеді.

Бүгінде жасанды интеллект тек ақпараттық технологиялар саласының құралы емес, экономиканың барлық секторын жаңғыртатын стратегиялық мүмкіндікке айналды. Әсіресе, ауылшаруашылығында оны қолдану егін өнімділігін арттыруға, су ресурстарын тиімді басқаруға, топырақтың жай-күйін дәл бағалауға және өндірістік шығындарды оңтайландыруға жол ашады. Бұл – цифрлық технологияны нақты экономикалық нәтижеге айналдырудың айқын көрінісі.

Қазақстанның кең байтақ жері мен аграрлық әлеуетін ескерсек, суармалы егіншілікті дамыту және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, әлемдік нарықтағы орнын күшейтуге мүмкіндік береді. Алайда мұндай мақсатқа жету үшін ғылыми негізделген шешімдер, заманауи технологиялар және су ресурстарын жауапкершілікпен басқару қатар жүруі қажет.

Мемлекет басшысының осы бастамаларын толық қолдаймын. Дженсен Хуанг секілді әлемдік технология көшбасшылары көтерген идеяларды нақты жобаларға айналдыру Қазақстанның инновациялық дамуына тың серпін бере алады. Ең бастысы, технологиялық жаңғыру ел экономикасының тұрақтылығына, табиғи ресурстардың сақталуына және халықтың әл-ауқатының артуына қызмет етуі тиіс. 

 

Бір жылдағы өсім көңіл қуантады

Тоқтар Жақаш, журналист, қоғам белсендісі: 

– Бүгінгі Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің ішкі жалпы өнім көлемі 400 млрд долларға жуықтайтынын хабарлады. Былтыр ғана 300 миллиардтық межені бағындырған едік. Демек, бір жылдағы өсім көңіл қуантады. Ішкі жалпы өнім көлемінің ұлғаюы оның жан басына шаққандағы көрсеткішінің артуына да ықпал етеді. Тоқаевтың айтуынша, биыл бұл көрсеткіш 19 мың доллардан асады. Түсінген адамға бұл да маңызды жаңалық.

ІЖӨ көлемі өздігінен ұлғайып жатқан жоқ. Бұған ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жұмыстар ықпал етіп отырғаны анық. Мысалы, өңдеу өнеркәсібінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Сол секілді алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 млрд долларды құраған.

Жолдауда Президент Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыру қажеттігіне де назар аударды. Бұл сала да экономиканы жандандыруға ықпал етеді. Оның үстіне, кейінгі уақытта құрылыс саласының қарқынды дамып келе жатқанын білеміз. Демек, алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы одан әрі кеңеймек. Сіздерге қайдам, әзірге маған биылғы Жолдау ерекше болып тұр.

 

05.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29336
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28899
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46167
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41764
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46472