Сөзге серт,Парасатқа Парыз

Сөзге серт,Парасатқа Парыз

Қазақ журналистикасында уақыт сүзгісінен өтіп, қаламы мен қарымы қатар мойындалған тұлғалар бар. Олар сөзді кәсіп қана емес, азаматтық ұстаным, өмірлік мұрат деп ұғады. Осындай сирек болмысты қаламгерлердің алдыңғы қатарында публицист-жазушы, тәжірибелі журналист, облыстық «Жетісу» газетінің жиырма жылға жуық бас редакторы болған Жақыпжан Мысабекұлы Нұрғожаев тұр. Ол Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Елбасының Алғыс хатын иеленген, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы ұлттық кеңесінің және Қазақстан Журналистер Конгресі атқару комитетінің мүшесі болған, «Ең таңдаулы редактор» сыйлығымен марапатталған, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Қаламды тағдыр еткен жол

 

Жақыпжан Нұрғожаев журналистикаға кездейсоқ келген жоқ. Ол сөздің киесін ерте сезініп, қасиетті жазудың артында адам тағдыры, қоғам тағдыры тұрғанын жете түсінген, әдебиет айдынында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қалам иесі. Сонау бозбала шағынан қалам мен қағазға байланған ішкі жолына әлемнен туындаған тырнақалды туындысы «Жетісу» газетіне басылғанда, киелі сөз, жазу құдіреті өзіне тән екенін сезінген еді.

Қасиетті қара шаңырақ  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң, қызметін Алматы облысы Кеген аудандық радиохабарларын тарату редакциясының редакторлығынан бастайды. 1971 жылы облыстық бас басылым «Жетісу» газетінде әдеби қызметкер болады. Өңірлік баспасөздің бел ортасында жүріп, ол журналистиканың жай ғана хабар таратушы емес, қоғамдық ой қалыптастыратын рухани күш екенін ісімен дәлелдеді. Қай кезеңде де қаламын билікке жалтақтатпай, шындыққа қызмет еткізе білді. Бұл – кез келген журналистің маңдайына жазыла бермейтін биік ұстаным. Одан ары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде он бес жылға жуық тілші, аға тілші, бөлім меңгеруші, Шелек аудандық «Еңбек туы» газетінің редакторы, «Журналист» фотостудиясының директоры, одан кейінгі жылдары республикалық баспасөзге «Көмек» көрсету қорының директоры қызметін атқарды. 

1998 жылы Алматы облыстық әкімшілігі «Жетісу» газетінің бас редакторы етіп тағайындайды. Жақыпжан бұл мінберде табаны күректей жиырма жыл болды. Кезінде тұтас бір журналистік мектептің негізін қалаған Сейдахмет Бердіқұлов сияқты редактордың алдын көрді, талай мықты қаламгерлермен қатар жүрді, тәжірибе жинады, кәсіби шыңдалды. Ұстазының «журналист – халық пен биліктің арасындағы көпір» деген қағидасын берік ұстанған шәкірт қай тақырыпқа қалам тартса да, мәселенің мәніне үңіліп, қоғамдық маңызына баса назар аударды. Жақыпжан Нұрғожаевтың шығармашылық жолы – ұстаз көрген журналистің қандай болу керектігінің нақты үлгісі. Ол – Сейдахмет Бердіқұлов мектебінің дәстүрін жалғап, қазақ баспасөзінің ауыр жүгін арқалап өткен қайраткер редактор.

 

«Жетісу» газетінің бір дәуірі

 

Жақыпжан Мысабекұлы басқарған жылдар «Жетісу» газетінің тарихында айрықша кезең ретінде қалды. Басылым тек облыс жаңалықтарын жариялайтын құрал емес, елдің әлеуметтік, мәдени, рухани өміріне ықпал ететін беделді мінберге айналды.

Газет бетінде ауыл тағдыры, қарапайым еңбек адамы, ұлттық құндылық, тіл мен діл мәселелері батыл көтерілді.  Бас редактор үшін тақырыптың «өтімділігі» емес, қоғамға қажеттілігі басты өлшем болды. Сондықтан да қалың оқырман  сүйікті басылымды асыға күтті, сенді, сөзін күтті, халықтың көзі мен тіліне айналды. Газет ісінің қиындығына мойымай, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсете білді. Сол жылдары басылымның мазмұны байып, бағыты айқындалып, өңірлік деңгейден республикалық деңгейге ұмтылған іргелі ақпарат құралына айналды.

Оның басшылығымен газетте жаңа айдарлар, айқара беттер ашылып, оқырман сұранысына сай мазмұн қалыптасты, дизайн өзгерді. Көпшілік іздеп оқитын «Тарих тағлымы», «Саф ойдың саябағынан», «Ұстаз мәртебесі», «Өнер-білім бар жұртта» т.б. секілді айдарлар рухани-ағартушылық бағытты күшейтсе, отбасына арналған «Шаңырақ», танымдық «Зерде», жастарға арналған «Замандас» беттері газеттің мазмұндық аясын кеңейтті. Сондай-ақ, «Ұлағат», «Ғибрат», «Тағзым» айдары елін, халқын шынайы сыйлаған, өмірі мен еңбегі арқылы қоғамға өнеге болған азаматтарға арналған тағылымды, тәрбиелі айқара беттер еді. Газет аптасына үш рет 8, 16, 24 бет болып (A-3 форматта) шығатын деңгейге жетті. Сонымен қатар редакция ұжымының тынымсыз еңбегінің, ортақ жауапкершілігінің нәтижесі – «Жетісу» газетінің беделі артып, оқырман қатары көбейіп, таралымы тұрақты түрде өсті. 

Жақыпжан аға журналистерге еркіндік берді, олардың кеңседе қамалмай жазатын дүниесін көзбен көріп, қолмен ұстап, зерттеп-зерделеуге, таным көжиегін кеңейтуге мүмкіндік берді. Журналистік мектепті қалыптастырған сақа редактордың тәлімін көрген талай жас тілші бүгінде елге танылған, өз саласында орны бар мамандарға айналды. Ол жасқа тек талап қойып қана қойған жоқ, сенім артты, жол көрсетті, қателігін түзетті. Әріптестері, шәкірттері оның «Айналайын» деп басталатын бір ауыз сөзін ерекше ілтипатпен еске алады. Сол қарапайым сөздің өзінде адамға деген құрмет, жанашырлық, үлкен жүрек жататын. Қатал талап пен әкелік мейірім қатар жүрген редакторлық мектеп – Жақыпжан Нұрғожаев тұлғасының басты қыры.

 

Мұқағалидың әлеміне жол ашқан қаламгер

 

Жақыпжан аға бір әңгімесінде былай деп еді: «Менің жарты ғасырлық журналистік қызметім бір төбе болса, өз басым Мұқағалидың есімімен өте тығыз байланысты жазушылық шығармашылығымның шыңы санайтын осы кітабым – бір төбе. Шыны керек, мен жазуды ерте бастасам да, белгілі бір себептермен үлкен әдебиетке кештеу келген адаммын. Өкінішім жоқ, Мұқағали жайлы жазғандарым көзі қарақты оқырманның жылы ілтипатына бөленіп, аузы дуалы сыншылардың назарына ілікті». Иә, жазушының осы бір керемет дүниесі «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты кітабы шоқтығы биік еңбектердің бірі екені даусыз. Автор ақынның бүкіл ғұмыр жолын көркем қара сөзбен кестелеп, оның тағдырын, ішкі жан әлемін терең сезіммен ашады. Шығармада сол дәуірдің тынысы, заманның мінезі мен қасіреті шынайы әрі дәл бейнеленген. Қаламгер ақын өмір сүрген кезеңнің кескін-келбетін айқын суреттеп, Мұқағали болмысын биік рух, асқақ ой деңгейінде таныта алған.

Бұл кітап үшін Жақыпжан Нұрғожаев Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері атанды. 

«Мұқағали өмірі сыр сандық. Ашып қара, ақтарып қара. Ақынның өткен өмірін жүйелеп, орын-орнына қойсаң, ақын бейнесінің, кескін-келбетінің кеңістігіне тап боласың. Ол – Мұқағалидың ішкі сарайының сәулеттілігінде. Үңіліп көрсең (өзі айтқандай, «әрбір өлеңім өз орнында тұрсын...»), ақындық жолы сан алуан екенін байқауға болады. Оның құдірет сыры-суреткерлігінде, эстетикалық ой-өрісінің, тұжырымдарының философиялық тереңдігінде. Оқыған сайын лирикалық сезім шуағына малындырады. Мен зерттеуші де, Мұқағалитанушы да емеспін. Тек Мұқағали өмірінің иірімдеріне, інжу-маржандарына үңіліп, түйсініп-түсінгенімді тілге тиек еттім», – дейді автор «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында. Осы тұрғыда автор Нұрғиса, Шәмші, Асқар сынды заңғар ағаларының Мұқағали жайлы айтылған сырлы естеліктерін көңіл сүзгісінен өткізіп, кітапқа арқау болған «Мәңгілік аза күй», «Аққу – арман», «Гәкку – ғұмыр» хикаяттары дүниеге келді. 

Белгілі сыншы Бақыт Сарбалаұлы өзінің мақаласында осы хикаят жайлы былай деген: «Шәмшінің махаббаты – Гәкку махаббат болып бой көтерсе, Мұқағали махаббаты – Аққу махаббат болып сой сездіреді. Екеуі де – енсіз, ессіз, кең жазира, асқар да тұңғиық әлем». Иә, шығарманы оқи отырып бөлек күй кешесің, сезімің сергелдеңге түседі, ары қарай не болар екен деген ішкі жан тебіреніс ойламаған жерден басқа арнаға бұра кетеді, ақын өмірі кейде көз алдыңа лентадай жай сырғыса, кейде толқыған теңіздей бұлқан-талқан, ішкі арпалыс, жан азабы, табиғатынан асқақ дарынмен ғана өмір сүрген қасиет иесін танисың, таңданасың, бас иесің, жүрегің үнсіз жылайды... Қара өлеңнің патшасы барлық қара пейілден пәк, мәңгілік арамызда өмір сүрмек.

Ж.Нұрғожаевтың шығармашылық өмірінде ерекше орын алатын жобаның бірі – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған «Мұқағали» журналын шығару. Қазақ поэзиясының алыбына арналған бұл журнал – тек әдебиет сүйер қауым үшін ғана емес, қоғамның рухани байлығын арттыруға арналған тың бастама болды. Басылым бірнеше жыл бойы Мұқағалидың шығармашылығын зерттеу, оның өмірбаяны мен поэзиясына талдау жасау, жас оқырманға таныстыру сияқты маңызды міндеттерді орындады. Осы жобадағы ең үлкен табыс – әдеби мұраны қоғамға қолжетімді ету, жас таланттарды әдебиетке баулу және рухани тәрбиені арттыру.  

 

Публицистикадағы салмақ

 

Қаламгердің публицистикалық мақалалары, очерктері – асығыстықтан ада, ойға құрылған дүниелер. Ол ешқашан айғайға салмады, арзан тақырып қуған жоқ. Қоғамды толғандырған мәселені тереңнен қозғап, оқырманды ойландыруды мақсат етті. Ұлт болмысы, рухани  құндылықтар, тарихи жады – оның қаламынан тыс қалған тақырып емес. Жазған әрбір мақаласынан, сыр сұхбаттарынан автордың парасаты, ішкі мәдениеті, сөзге деген жауапкершілігі сезіліп тұрады, халық ықыласына бөленген арда азамат. Оған дәлел –  «Көксеңгір – Қайыңдының бойтұмары», «Парасат жолы», «Жетісу жылнамасы» атты сүбелі шығармалары. Сонымен қатар ел руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген, ұлттық әдебиеттің, мәдениеттің жанашыры, отандық журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін былтыр Президенттің жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. Бұл марапат бір адамның ғана емес, тұтас бір кезеңнің, тұтас бір мектептің еңбегіне берілген әділ баға. Оның еңбегі, сөзі, ұстанымы – кейінгі буынға аманат. Мұндай азаматтар арқылы сөздің салмағы сақталады, баспасөздің беделі биіктейді. 

Редакциядан: Көрнекті журналист, қаламгер, әріптес ағамыз Жақаңды – Жақыпжан Нұрғожаевты мерейтойымен газет ұжымы құттықтай отырып, бұл кісіге ұзақ ғұмыр, зор шығармашылық табыс, отбасылық бақыт тілейді.

Салтанат БАКЕЕВА

11.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23378
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23045
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39172
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36569
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40682