Арнайы мамандар тәжірибе алмасты

Арнайы мамандар тәжірибе алмасты

Мұнайлы өлкеде инклюзивті білім беру саласында мамандар әлі де жетіспейді. Қоғам ерекше балаларды қабылдамайды. Әсіресе көпшілік орындарда диагнозы бар бүлдіршіндер мен жасөсіпірімге оғаш қарайтын жағдайлар кездеседі. Бүгінде облыста психологиялық-медициналық, педагогикалық консультация есебінде 8515 бала бар. Ал ерекше білімді қажет ететін санаттағы бала саны 8 мыңға жуықтайды. Демек олар да мектеп партасында отырып, сабақ оқуға құқылы. Жақында «Арнайы және инклюзивті білім беру: сапалы білімге тең мүмкіндік» тақыбырында өткен өңірлік инновациялық форумда осынау өзекті мәселелер ашық айтылды. 

Балалық шақ – баршаға ортақ қуанышқа толы болуы тиіс. Бірақ ерекше балалар үшін бұл кезең жиі күреспен өтеді. Оларды түсінбеу, қабылдамау, қоғамнан алыстау – бүгінгі күннің ащы шындығы. Бұл жағдай қоғамның қаншалықты әділетті әрі мейірімді екенін көрсететін маңызды өлшемге айналып отыр. Ресми деректер мен бағдарламаларда «инклюзия» ұғымы жиі айтылғанымен, шынайы өмірде ерекше балалар әлі де қабылданбай келеді. Қоғамның дайын еместігі, стереотиптер мен ақпараттың аздығы оларды оқшаулап отыр. Соның салдарынан мыңдаған бала өз әлеуетін толық жүзеге асыра алмай келеді. Облыстық №1 ПМПК директоры, магистр Алмагүл Қайырлиеваның айтуынша, бүгінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді орта қалыптастыру – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші және білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Осы тұрғыда арнайы және инклюзивті білім беру саясатын өңірлік деңгейде жүйелі түрде жүзеге асырылудың бағыттары айқындалған.

– Атырау облысында 19 арнайы білім беру мекемесі бар. 5 ПМПК, 9 түзеу кабинеті, 3 арнайы мектеп-интернат, 1 оңалту орталығы, 1 арнайы балабақша бар. Соңғы 4 жылда 3 ПМПК, 2 түзету кабинеті іске қосылды. Өткен жылы «ВІ Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қорының қолдауымен 4 білім беру ұйымында, соның ішінде 2 балабақшада инклюзивті  қолдау кабинеттері ашылды. Жобаның ерекшелігі – арнайы мамандардың жалақысы «ВІ Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қорынан төленеді. Жалпы орта білім беру жүйесінде 3334 бала арнайы және инклюзивті біліммен қамтылған, – дейді Алмагүл Бахқызы. 

Баланың даму ерекшеліктеріне байланысты жүргізілетін есепке алу жұмыстары оны тиісті арнайы қызметтермен қамтуға және кейін есептен шығару нәтижесіне бағдарланады.  Былтыр психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың (ПМПК) қорытындысы бойынша 1188 бала есептен шығарылған. Оның ішінде 815 балада оң динамика байқалған. Жақсару көрсеткішімен есептен шығарылған әрбір бала бойынша мәліметтер ПМПК қорытындысында нақтыланады. Атап айтқанда, баламен жұмыс жүргізген білім беру ұйымы мен педагог, сондай-ақ оның қай мекемеде  қолдау алғаны көрсетіледі. 

Ерекше білім беру қажеттілігі бар тұлғаларға кәсіптік бағдар берудің тиімді жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ өңірдегі еңбек нарығының сұранысына сай инклюзивті бағыттағы мамандықтарды енгізу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Баяндамашы атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыстар облыста жүйелі түрде жүзеге асуда. Мәселен, арнайы топтар жұмыс істейтін Сервис, Махамбет көпбейінді ауылшаруашылығы және С. Мұқашев атындағы политехникалық жоғары колледждерінде оң тәжірибе қалыптасқан. Ал биыл Энергетика колледжінде жиһаз өндірісі, Агротехникалық колледжінде өсімдік өсіру және баптау мамандықтарын ашу үшін лицензия алу бағытында жұмыстар жүргізілуде.

– Алдағы кезеңге арналған даму жоспары бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Ең алдымен, кадр тапшылығын шешу мәселесіне басымдық беріледі. Сондай-ақ, Атырау қаласында ерекше балаларға арналған 400 орындық орталықтың құрылысын жүргізу үшін жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. №3 мектеп-интернатына 600 орындық жаңа ғимарат салу да жоспарланып, тиісті құжаттар дайындалуда.

Бұдан бөлек, өңірде үш жаңа психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетін ашу көзделген. Ерте араласу жүйесін дамыту мақсатында барлық түзеу кабинеттерінде 3 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетуге арналған бағдарламаларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Әр балаға жеке оқу жоспарын әзірлеуге бағытталған жеке білім беру траекториясын дамыту жобасын іске асыру жоспарланып отыр,-деп нақтылады Алмагүл Қайырлиева. 

Форум аясында ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін арнайы мамандар тәжірибе алмасты. Бұл шараға Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан осы салада қызмет етіп жүрген мамандар келіп, өңірдегі білім беру ұйымдарының жұмысымен танысты. Айталық, №2 ПМПК базасында өткен секциялық бөлімде қатысушылар ми картасы, интеллект негізі, сөйлеу кеңестігі, баланың түсінік қалыптасуы туралы мағлұмат алса, №20 «Алтын балық» сөйлеу тілінде күрделі бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы балабақшада логопедиялық квест тапсырмалар арқылы дыбыс түзету жолдары талқыланды. Облыстық арнайы мектеп-интернатта сенсомоторикалық дамыту жайы сөз болды. Ал Атырау сервис колледжінде ерекше жасөспірімдеге кәсіптік білім беру жолдары көрсетілді. 

Инклюзия саласында түрлі форумдар мен конференциялар өткізу тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Алайда мұндай алаңдар нақты нәтижеге жеткізетін кешенді жұмыстармен ұштаспаса, олардың тиімділігі шектеулі болып қала береді. Бүгінде басты назар пікірталастан нақты іске көшуге аударылуы тиіс. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін заманауи орталықтар ашу, қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру, білікті мамандар даярлау және оларды өңірлерге тарту – уақыт күттірмейтін міндеттер. Сондықтан инклюзия бағытындағы саясат тек форумдармен шектелмей, жүйелі әрі ұзақ мерзімді жобалар арқылы іске асуы қажет. Нақты нәтижеге бағытталған осындай қадамдар ғана саладағы түйткілдерді шешіп, әр балаға тең мүмкіндік беруге жол ашады.

 

А. ХАМИТТЕГІ
15.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Инженер, құрылысшы, қоғам қайраткері марапатталды
Әсем ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 15.05.2026 36
Субұрқақтар және әсем де жайлы тұрғын үйлер
М. ТАБЫН, Ақтөбе қаласы - 15.05.2026 33
Жаңа ережелер   енгізілуде
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 37
Арнайы мамандар тәжірибе алмасты
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 33

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25120
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24644
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42065
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37929
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42400