ҚҰРМАНБАЙ АҒА

ҚҰРМАНБАЙ АҒА

Ағамен таныстығым біздің үйдің отағасының арқасы. Белгілі жазушы Құрманбай Толыбаев Ерекеңнің жан досы Мұрат Жанболатұлының туған жездесі. Өскен-өнген отбасының тұңғышы, қонақжай, ақкөңіл Роза апамыз Құрманбай ағаның жан жары. Араларында Жанат, Нарат есімді екі ұл мен Дина, Мира есімді екі қыз бар. Аға Нараттың атын туған жерге деген сағынышпен, өзі етегінде туып-өскен Нарат тауының құрметіне атаған.

 Тума-туыс, дос-жаран Мұраттың үйінде жиі-жиі бас қосатын, өйткені әулеттің асыл діңгегі, анасы Нафиса Ғазизоллақызы осы ұлының қолында отырған еді. Орыстілді ортада өскен, интернационалды отбасы жиналған кезде көбіне орыс тілінде сөйлейтін. Жасы да, жолы да үлкен Құрманбай аға қашанда кең дастарқанның төріне жайғасып, тек тілек, бата берерде сөз алып, ортақ әңгімеге көп араласпайтын. Жақынырақ танысып-біліскен соң ғана көрген-білгені көп, мінезге бай ағамыз біздерге іш тартып, ерекше ілтипат білдіре бастады.

Бірде Мұрат досымыз ағаға менің ертегі жазғанымды айтыпты. Аға ол кезде «Балдырған» журналында қызметте. Жедел ертегілерімді алғызып, журналдың кезекті санына айна-қатесіз, сол күйінде басып шығарды. Келесі бір кездескенімізде: «Ертегің тәрбиелік мәні бар, әдемі дүние екен, жаза бер. Түбінде сенен жақсы жазушы шығады», – деген, сол кезден Құрманбай ағамен жақын араласып кеттік.

Өкінішке қарай, екі мыңыншы жылдары ағаның денсаулығы сыр беріп, сусамыр ауруына шалдықты. Ем-шара оң нәтиже бермей, ағаға ота жасады.  Ерекеңмен үйінде жатқан ағаның халін сұрай бардық. Аға біздерді кәдімгідей қуанып қарсы алды. Жағдайы онша жақсы болмаса да, қалжыңдап қояды. «Жолдастарым қоңырау соғып, аяқ қалай деп сұрайды. Кесілген аяқ қалай болушы еді, ақырындап өсіп келе жатыр деп жауап беремін», – деп, аға күліп алды. Арада біраз уақыт өткенде біздің үйге Шыңжаннан қонақтар келді. Мұратқа «жездеңменен біздің үйден қонақ болып қайтыңдар», – дедік. Досымыз «Құреке үйден шықпайды, этаж үйдің биік қабатынан түсіп-шығуы қиын», – деді. Бірақ Құрманбай аға ести салысымен «қайткенде де барамын» деген екен. Жарымжан жандарға арналған кресломен әупірімдеп ағаны біздің үйге жеткізді.

Ағаның сол 2004 жылдың 26 ақпанындағы ашық-жарқын әңгімесі, көңілді отырысы әлі күнге көз алдымда. Аға арқасын кеңге салып, масайрап, Шыңжаннан келген қонақтан ел мен жердің жайын сұрап, ұзын-сонар естелік айтып, біздің үйде ұзақ отырды. Өз басым дастарқан қамымен ас үй мен қонақ бөлменің ортасында шапқылап жүріп, ағаның әңгімесін дұрыс ести алмағаныма қынжылдым. Бұл ағаның соңғы бой жазуы еді. Көп ұзамай сол созылмалы науқастан аға о дүниеге аттанды. Бар шаруаны ысырып қойып, ағаның айтқандарын неге ғана құлағыма құйып алмадым деген өкініш өзегімді өртеп жүрген еді, кетерінде «Еркаш, Маруана! Бақытты болыңдар, ұзақ ғұмыр тілеймін!» – деп қолтаңбасын қалдырған «Бабадан қалған бар байлық» атты этнографиялық-танымдық кітабын қолыма алып, қоямын деген бар сұрағыма жауабын айтып кеткен жазушының сұңғыла табиғатына таңғалдым.

Артынан өшпес даналық із қалдырған Құрманбай ағамыздың рухы шат болсын!

Маруана ХАМЗАҚЫЗЫ, 

жазушы, Мәдениет қайраткері

 

03.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

122 МЛН КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы - 04.06.2026 37
Орташа   жөндеу жұмыстары жоспарлануда
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Тараз қаласы - 04.06.2026 39
Жазғы лагерь   маусымы басталды
А. ХАМИТТЕГІ - 04.06.2026 38

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25610
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25073
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42493
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38341
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42862