«OCEANMAN QAZAQSTAN – 2026»-ның жеңімпаздары

«OCEANMAN QAZAQSTAN – 2026»-ның жеңімпаздары

Ағымдағы жылғы шілденің 4-5-і күндері Алматы облысының Қапшағай су қоймасында жыл сайынғы ашық суда жүзуден «Oceanman Qazaqstan – 2026» халықаралық жарысы өтті. 

Биылғы жарысқа 20 елден келген 3000-нан астам спортшы өзара сынға түсіп, 10 мыңнан астам жанкүйер тамашалады. 

Орта Азиядағы ірі жарыстарға жататын бұл жарыс бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар 500 метр мен 10 шақырым аралығындағы 5 санат:

«Oceanman» (10 км) 

«Half oceanman» (5 км) 

«Sprint» (2 км)

«Oceankids» (500 м) 

«Inspiration» бойынша бақтарын сынады. Ең бастысы, додаға кәсіби спортшылармен қатар әуесқой жүзушілер, балалар, ардагерлер және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар да қатысты. 

Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев: «Oceanman Qazaqstan» байқауы – Алматы облысының ғана емес, еліміздің спорттық күнтізбесіндегі беделді мемлекетаралық жарыстардың бірі. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жүзушілердің басын қосатын үлкен дәстүрлі спорт мерекесіне айналған. Қатысушылар санының жыл сайын артуы жарыстың өзге де мемлекеттер арасында танымалдығы артып келе жатқанын және елімізде ашық суда жүзу спортына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Жыл сайын Қапшағай су қоймасында ұйымдастырылатын бұл сайыс Алматы облысының спорттық және туристік әлеуетін арттыруға, өңірдің атын әлемге әйгілеп, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға зор үлес қосып келеді, – деді.

Екі күнге жалғасқан жарыстың алғашқы күні ерлер мен әйелдер арасындағы ең ұзақ қашықтық бойынша үздіктер анықталды. Оған 1300-ден астам спортшы қатысты. Ерлер арасында 10 шақырымды бірінші болып Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі Лев Черепанов бағындырды. Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанған ол қарсыластарының арасынан топ жарып, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Ашық суда жүзуден өткен әрбір жарыстың өзіндік ерекшелігі бар. Ал бұл додада кіл мықтылар бас қосқан. Сондықтан осы жолғы жеңістің орны ерекше. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. «Oceanman Qazaqstan» фестивалінің жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын», – деді Лев Черепанов.

Әйелдер арасындағы «Oceanman» санатында қазақстандық Ирина Небесная абсолютті чемпион атанды. Ал «Half oceanman» қашықтығында мәреге бірінші болып қазақстандық Тимофей Лебедев пен Анна Резванцева жетті.

Жарыстың екінші күні 16 жастан асқан 800-ден астам қатысушы «Sprint» (2 шақырым) қашықтығы бойынша жарысты. Одан бөлек жүздеген жас спортшы үшін «Oceankids» және «Inspiration» балалар жарысы ұйымдастырылды. Аталған санаттардың қорытындысы бойынша жүлделі орындар түгелдей қазақстандық спортшыларға бұйырды.

Балалар бәсекесінде бақ сынағандардың бірі Астанадан келген Фархад Жұманах: «Жарыс алдында қатты қобалжыдым. Бірақ ата-анам мен көрерменнің қолдауын естігенде өзімді әлдеқайда сенімді сезіндім. Осындай ауқымды шараға қатысқаным мен үшін үлкен жетістік. Болашақта жаттығуды күшейтіп, келесі жылы тағы да ерекше әсер мен жаңа жеңістерге қол жеткізгім келеді», – деді.

Биылғы фестивальдің басты артықшылығы – екі бірдей ірі әлеуметтік жобаның жүзеге асырылуы. «Анашым, мен жүземін» бастамасының арқасында 130 ерекше бала халықаралық фестивальдің қатысушысы атанды. Олардың қауіпсіздігі арнайы жаттықтырушылар мен еріктілердің бақылауында болды. Ал екінші әлеуметтік бағдарлама ауылдық елді мекендерден және әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл жоба арқылы 90 бала алғаш рет халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Фестивальдің ерекше атмосферасын ағылшын тіліндегі аты аңызға айналған жүргізуші Гордон Грэм толықтырды. Ол – әлемдегі «Ironman» сериясының ресми дауысы, халықаралық триатлон және ашық суда жүзу жарыстарының тұрақты жүргізушісі. Оның сайысты тізгіндеуі спортшыларға жігер мен сенім сыйлады.

Жарыста үздік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Oceanman Worldwide Championship» финалдық кезеңіне жолдама алды. Алдағы уақытта олардың кәсібилігі мен шыдамдылығын тағы бір мәрте сынға түсетін болады.

Жалпы, ашық суда жүзу – адамды төзімділікке, тәртіпке, батылдыққа және өз мүмкіндігін шыңдай білуге тәрбиелейтін спорт түрі. Ал, Қапшағай су қоймасында өткен жарыс – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, жаңа белестерді бағындыруға үлкен мотивация болды. Сондықтан жастардың осы спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау – олардың басқа да халықаралық жарыстарға қатысып, әлемдік деңгейдегі жаңа чемпиондардың шығуына серпін беретіні сөзсіз.

Әсем ФАЗЫЛОВА, 

Алматы облысы

16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26500
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25931
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43327
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39123
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43730