Монғол-қазақ қатынасы қай деңгейде?

Монғол-қазақ қатынасы  қай деңгейде?

11 шілде күні Мемлекет басшысы Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхке құттықтау жеделхатын жолдап, Наадам ұлттық мерекесімен құттықтады. Президент Моңғолияның Ухнаагийн Хүрэлсүхтің басшылығымен қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, екі елдің достық қатынастары мен сан қырлы ынтымақтастығы беки түсетініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентінің жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал достас моңғол халқына бақ-береке тіледі.

Наадам жыл сайын 11-13 шілде аралығында тойланатын Моңғолияның басты ұлттық әрі мемлекеттік мерекесі. Арғы тарихы Ғұн империясынан бастау алатын бұл шара ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген. Мейрам кезінде моңғол күресі, ат жарысы, садақ ату сынды ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өтеді.

2026 жылы сәуірде Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген еді. Екі ел басшылары сол жолғы кездесу барысында моңғол-қазақ қарым-қатынастарын онан әрі тереңдете дамыту туралы уағдаласа келе, 13 маңызды құжатқа қол қойған болатын. Мұнда стратегиялық серіктестікті нығайту туралы бірлескен декларация, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасы, сондай-ақ зейнетақымен қамту саласындағы келісімдер қамтылған еді. Екіжақты келіссөздер нәтижесінде: көлік және логистика: тікелей әуе қатынасын дамыту (Астана – Ұлан-Батыр бағытын ашу және Өскемен – Өлгей рейстерін жолға қою); сауда және экономика: 2025-2027 жылдарға арналған экономикалық жол картасын жүзеге асыру; инвестиция және ауылшаруашылығы: екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту, сондай-ақ ветеринария саласындағы ынтымақтастық бағыттарында бірқатар мәселелер талқыға түскен еді.

Жалпы Қазақстан-Моңғолия қатынастары соңғы жылдары қарқын ала бастады. Бір кездері ашылып, қайтадан тоқтап қалған әуеқатынастары қалпына келтірілді. Осы жолғы кездесуде Баян-Өлгий аймағының орталығынан Қазақстан елшілігінің бөлімшесін ашу мәселесі де қарастырылған болатын. Тарихы тамырласып жатқан түркі-моңғол халықтарының жаңа дәуірдегі жаңа беталысы әлдекімдердің мүддесіне жақпай қалды ма, кім білсін? Соңғы екі айдың ішінде ең алдымен әлеуметтік желі беттерінде «жұлдыз болуға» талпынған бір блогердің арандатушылық сипаттағы бейнематериалы аяқ астынан даулы шу тудырған қоламталы тақырыпқа айналып шыға келгені...

Ең алдымен бір блогер қазақтар жиі қоныстанған Баян-Өлгий аймағының бір жерінен видео түсірген. Онда жергілікті қазақтардың моңғол тілін білмейтіндігі, керек десеңіз, моңғол тіліне пысқырып та қарамайтындығы, бұл өңірдің «кіші Қазақстан» екендігі сөз болады. Бұл моңғол тілді Facebook, TikTok, YouTube және X (Twitter) желілерінде кеңінен таралады. Сол-ақ екен, Баян-Өлгий аймағына қатысты сын, мысқыл және кейде ашық этникалық реңкі бар пікірлер қарша борайды. Осыдан біраз уақыт өткенде әлдебір депутат Өлгий қаласынан Қазақстан елшілігінің бөлімшесін ашу әрекетін сынға алған мәлімдеме жасайды. Осы аралықта «Адырна» ұлттық порталында журналист Арман Әубәкірдің тарихшы Жеңіс Жомартпен өткізген сұхбатының үзіндісі моңғол тіліне аударылып, тарала бастады. Бұл отқа май құйғанмен бірдей болған еді.

Осыдан кейін алуан түрлі пікірлер молайып, кейбіреулері бұл аймақты көршілес жатқан Ховда, Увс аймақтарының құрамына қосу керек деген пікірлерді де ортаға салды. Мұндай даулы тақырып Қазақстан мен Моңғолиядағы қазақ тілді аудиторияның назарынан тыс қалған жоқ. Біз төменде осы мәселеге қарата ой қорыта кетуді жөн көрдік.

Ең әуелі Моңғолия Президентінің Астанаға келу сапарынан кейін араға аз уақыт салып осындай шулы материалдың қоғам назарына ілінуі адамның күдігін тудырады. Күлбілтелеп отырмай-ақ, ашығын айтар болсақ, екі елдің арасының жақындай түскені көрші алпауыт елдерге ұнамайтын секілді. 1960 жылдарға дейін Алтай арқылы шекараласып жатқан екі мемлекет Кеңестер Одағының шешімімен Таулы Алтай Республикасының аумағына бұрын Қазақстанға тиесілі болып келген Укок, Құлынды даласын қосу арқылы өзгертіп жіберген еді. 1991 жылы Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін Моңғолия мен Қазақстан тікелей шекараласпайтын елдерге айналды. Осы тұста екі аралықтың 30-40 шақырым ғана аралықпен бөлектенгендігін ұмытпаған жөн... Осылайша құрлық жолы арқылы Қазақстаннан Моңғолияға бет алған жолаушы 1000 шақырымнан астам жол басып, моңғол жеріне жететін жағдай қалыптасты.

Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағы – Моңғолиядағы қазақтар тығыз орналасқан жалғыз әкімшілік аймақ. Ол 1940 жылы құрылған. Қазіргі таңда аймақ халқының шамамен 90-93 пайызы этникалық қазақтар. Аймақ тұрғындарының ана тілі – қазақ тілі болғанымен, мемлекеттік тіл ретінде моңғол тілі де қолданылады. Тәуелсіздік жылдарынан бері Баян-Өлгий Моңғолия қоғамында өзіндік ерекшелігі бар өңір ретінде қабылданып келеді. Бір жағынан бұл – елдің мәдени байлығы болса, екінші жағынан ұлттық бірегейлік мәселесі қозғалған сайын пікірталасқа себеп болатын тақырып.

Біздің пайымдауымыз бойынша негатив пікірлердің күшеюіне бірнеше фактор қатар әсер еткендей көрінеді. Олардың ең басында екі ел басшыларының қол қойған келісімдері мен келешек жоспарлары «әлдекімдерге» ұнамағандықтан, ортаға от тастау мәселесі жоспарлы түрде жасалған болуы мүмкін.

2026 жылы сәуірде Ухнаагийн Хүрэлсүх Астанаға келді. Осы сапар аясында: Қазақстан мен Моңғолия стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларация қабылдады. Баян-Өлгий – Өскемен бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі қарастырылды. Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Баян-Өлгийге арнайы жұмыс сапарымен барды. Баян-Өлгийде Қазақстан консулдығын ашу мәселесі қоғамдық кеңістікте талқыланды. Екі ел арасындағы көлік, сауда, білім және гуманитарлық байланыстардың артуын әлеуметтік желіде кейбір топтар геосаяси қауіп ретінде түсіндіруге тырысты.

Өкінішке қарай, осы жаңалықтар моңғол тілді әлеуметтік желілерде кең таралып, кейбір қолданушылар арасында «Баян-Өлгий Қазақстанға тым жақындап барады» деген күдік туғызды. Негатив пікірлердің негізгі толқыны дәл осы кезеңнен кейін күшейе түсті. Моңғолия қоғамында Баян-Өлгийдің қазақ тілін, қазақ мектептерін және қазақ мәдениетін сақтап қалуы бұрыннан талқыланатын тақырып. Кейбір моңғол қолданушылары мұны «жеткіліксіз интеграция» ретінде қабылдайды. TikTok пен Facebook алгоритмдері де қоламтаны қоздатып жіберді. Бұл әлемжелілерде даулы контент көбірек қаралым жинайды. Бірнеше провокациялық видео мен жазба мыңдаған пікір жинағаннан кейін алгоритмдер сол тақырыпты одан әрі тарата бастайды. Нәтижесінде аз ғана контент бүкіл Моңғолиядағы желі қолданушыларының барлығына қайта-қайта көрініп тұратын дәрежеге жетеді.

Қоғамдағы теріс пиғылды пікірлердің өрши түсуіне елдегі экономикалық мәселелер де белгілі ықпалын тигізгендей. Моңғолияда соңғы жылдары инфляция, жұмыссыздық және аймақаралық теңсіздік мәселелері жиі талқыланып келеді. Мұндай жағдайда әлеуметтік желіде белгілі бір аймақты немесе этникалық топты кінәлау оңай тәсілге айналады. Осылайша «Баян-Өлгийге мемлекет айрықша көңіл бөліп отыр. Олар әлеуметтік жеңілдіктерді көп пайдаланатын адамдар...» деген сарындағы пікірлер де көрініс беріп жатты.

PS: Бұл мәселе соңғы уақытта көрініс берген оқиғалардың арасындағы ауқымы жағынан елді елең еткізген мәселелердің біріне айналды. Моңғолиялық саясаткерлер мен Баян-Өлгийдегі басшылар, ел ағалары БАҚ арқылы елге басу айтып, екі халықтың татулығына сызат түсірушілерді айыптап, мемлекеттің тұтастығының барлығынан да маңызды екендігін дәріптеді. 

Қазіргі қолда бар ашық деректер бойынша, бұл жағдайды ұйымдастырған бір орталық немесе ресми құрылым анықталған жоқ. Негатив толқыны негізінен әлеуметтік желідегі танымал блогерлер, ұлтшыл көзқарастағы аккаунттар, провокациялық контент жасаушылар тарапынан болғаны белгілі болды.

Осындай оқиғалар жүз берген тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолия Президентіне құттықтау жеделхатын жолдауы екі мемлекеттің достығының бір айғағындай болып қалғаны анық еді.

 

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26500
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25931
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43327
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39123
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43730