ҚОЛӨНЕРШІ РАБИҒА ҚАЗАҚҚЫЗЫ

ҚОЛӨНЕРШІ РАБИҒА ҚАЗАҚҚЫЗЫ

Рабиға Қазаққызы (Ғұбайдолла) заманында мұқым Қазақ Елінің батыс аймағына белгілі ишандар әулетінің қызы. Арғы атасы Тоқтамыс ахун (XVII ғасырда өмір сүрген) рулық шежіре бойынша Алты ата Әлімнің Ақкетесінің Аққошқарынан тарайды. 12 жасында қазіргі Қарақалпақ жеріндегі Ишан шәрінде он жыл оқып, ахундық шатырхат (куәлік) алып, елге келіп, бала оқытып, ұстаздық жолына түскен. Тоқтамысұлы Пұсырман да әке жолын қуып, діндар нағашы жұртының демеуімен қазіргі Өзбекстан жеріндегі медреседе білім алып, білімін тереңдету мақсатында 20 жылдай ілім соңында жүріп, елге үлкен ғұлама болып оралады. Қобда ауданының аумағындағы Бегалы ауылына жақын жердегі Аққұдықта мешіт салдырып, балалардың сауатын ашып, иен далаға ел қондырған. Қайтыс болғанда өзінің өсиеті бойынша мешіт ішіне жерленіпті. Осы күні Пұсырман ата ұрпақтары жерленген үлкен қауым бар.

Пұсырман ишанның баласы Ешнияз да ата жолын қуып, Бесқала жақтағы Ишан шәрінде білім алады. Ол да кейін туған жеріне келіп, дінге қызмет жасайды. Айналасындағы ағайын-туыстарына көп қарайласатын, келешекті болжай алатын қасиеті де болған дейді.

1925 жылы дүниеден өтерде аяғы ауыр келінінің бет жүзіне қарап отырып: «Мына өмірге келер бала үйірге қосылмайды. Қосамын деп әуре болмаңдар. Ал келер заманда мешіт болмайды. Мен өлген соң мешіттің төбесін ашып, ішіне жерлеңдер» депті жарықтық!

Біз сөз еткелі отырған Рабиға Қазаққызы осы Ешнияз ишанның баласы Үбінияз ишанның бел немересі болып келеді. Әкесінің азан шақырып қойған аты Ғұбайдолла екен.

1915 жылы дүниеге келген. Көріпкел атасы бір жасар немересі туралы «Бұл баланың заманы – орыстандыру заманы. Солардың ішінде қазақ болып жүрсін.  Бұл баланы Қазақ деп атаңдар» дейді. Ақыры елдегі болып жатқан аласапыран бұл әулеттің де басына төнеді. Діндарлар әулеті болғандықтан қуғын-сүргінге ұшырайды. Ол кезде де, одан әрірек заманда да қазақ байғұс ауа көшумен жан сақтауды ойлаған ғой. Үбінияз ишандар да, басында ауған еліне беттеп шыққан екен. Сандаған қиындықтарды бастан кешкен көш Қоңырат арқылы Ташауызға өтеді. Қазіргі Түркімен елі.

Қашқан, босқан елді қайтару мақсатында құрылған мемлекеттік комиссияның құрамында Сәкен Сейфуллиннің болғандығын тарихи деректерден білеміз. Сәкен Сейфуллин Үбінияз ишанмен жолығып, елге келуін өтінеді. Қолына мандат та беріп кетеді.

Арада біраз жылдар өткесін Үбінияз ишан өзінің жүйрік атын, тазы итін, қыран бүркітін станция бастығына беріп, пойызға қосымша вагон тіркетіп, соңына ерген адамдардың барлығын ертіп, Қазалы стансасына келгенде Сәкен Сейфуллиннің істі болып жатқанын естіп, Ресейге өтіп кетеді. 1940 жылы туған жері қазіргі Темір ауданының жерінде суық тиіп қайтыс болады.

Тұңғыш ұлы Қазақ (Ғұбайдолла) Орынбор облысының Тұзтөбе (Соль-Илецк) елді мекенінде тұрақтап қалады. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Днепр өзенінен өтуде көрсеткен ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталып, маршал Рокосовскийдің қолынан мақтау грамотасын алады. Сол жерде бір аяғын қалдырып, ағаш аяқпен елге оралған.

Соғыстан  күйзелген социалистік жүйенің шаруашылығын қалпына келтіруде де табандылық көрсетіп, құрметке бөленеді. Механика саласында аса білгір маман иесі болған көрінеді.

 

«Мен қалай қолөнерші болдым?»

 

Қызы Рабиға айтады:  «Бала кезімізде машина айдап келе жатқанда Құранды жатқа айтып отыратын. Кейіннен Иранның радиосын жасырын түрде тыңдап, ондағы оқылып жатқан құранмен өзінің оқуын салыстырып отыратын. Негізі әкем қари болған тәрізді. 1960 жылдардан кейін дінге қатты тиісе қойған жоқ. Өйткені біздің үйге Магаданда айдауда болған қарттар жиі келетін. Әсіресе діни мерекелерде мал сойылып, дүниеден өткендерге бағыштап Құран оқылып, тарихи әңгімелер айтылатын.  Біздер әңгімеге үйір болдық. Совхоздың тең жартысы қазақтар болатын. Орысша тіл білмейтін қазақтар да болды. Шешем Шыңғырлау жақтың табын руының қызы болатын. Әкесі Мұхамеджан хазірет болған. Ұсталып содан елге қайтып оралмаған еді. Шешем үй шаруасына өте мығым, пысық болатын. Қолы сәл босаса жыр-дастандарды жатқа айтып, жұмыстарын жалғастыра беретін. Кейде жоқтау айтып адамның сай-сүйегін сырқырататын еді. Мама айтпашы десек, әкем жоқтаусыз кетті ғой... дейтін. Кешке міндетті түрде барлығымыз жиналған соң Кердері Әбубәкір молданың жыр-толғауларын айтатын. «Бек шаттанып қуанам мұсылман болып туғанға» деп басталатын толғаулары болды. Адай Тобанияз хан туралы да әңгімелер көп айтылатын. Біз көрген аталар нағыздың-нағыздары еді-ау!..

Енді қолөнерге қалай келгенімді айтайын. Шешеміз өте ісмер адам болды. Әкеме бешпет, шалбар, бас киімдерін өзі тігіп беретін. Әрине, қыз бала болғасын қасында жүріп, көмектесеміз. Шұлық тоқимыз. Әкеміздің бір аяғы болмағасын «мама, бір аяғына тоқиын» дегенім бар. «Жоқ, қызым, ол дұрыс емес, екі аяғына тоқы» деді. Сөйтіп, жүн түту, киіз басу, тоқымашылықты шешемнен үйрендім десем болады. Мына көріп отырған бұйымдарды, яғни қолөнершілікке  бертінде Ақтөбеге көшіп келген соң түбегейлі бет бұрдым. Өзім бала кезімнен далама ғашық болып өстім. Жусан исі аңқыған қырдың тамаша ауасын аңсап тұратынмын. Даламның әсем көріністерін жүрекке жинай бердім. Оның үстіне жұбайым ерте ауруға ұшырап, үш баламыздың ауыртпалығын әу баста өзім көтеріп жүрдім. Егіннің сапасын зерттейтін лаборант болып жұмыс жасадым. Айлығы аз болатын. Пәтер жалдап тұрамыз. Совет өкіметі ыдырай бастаған уақыт еді. Үкімет үй бермейтін болды. Сонымен сауыншы да болдым. Ет саудасымен де айналыстым. Тұзтөбе (Соль-Илецк)  маңындағы совхоздардан малды сатып алып, сойып қалаға әкеліп сатып жүрдім. Ұлым сегізінші сыныпта оқып жүріп маған қолғанат болды. Қазір Ресейдің Ульянов қаласында әскери ұшқыш болып қызмет жасайды. Елге келіп, қызметіңді осында жаса деп жүрмін. Келемін деп жүргенде соғыс басталып кетті ғой...

2007 жылы Ақтөбе қаласына жақын Мәртөк ауданына қарасты Хлебодаровка ауылына келіп жер алып, нән үй салып алдым. Жұбайым осында келгеннен кейін бір жылдан соң Тұзтөбеге барып, сонда қайтыс болды. Ата-аналары жатқан қауымға қойдық. Елге апарып қоярсыңдар деп ыммен айтып отыратын. Аманаты орындалды.

Хлебодаровка да тұрғанда көше де кетіп бара жатып, бір қапшыққа көзім түсті. Ішін ашып қарасам, қойдың жүндері екен. Шошып кеттім. Мұнысы несі...   Бір күні келе жатып ашық тұрған ауланың ішінде қой сойып жатқан жігітті көрдім. Амандасқан соң «жүнін не істейсің?» деп сұрадым. «Лақтырып тастаймын», – деді. «Онда маған арқа жағының жүндерін қырқып берші», – дедім. Ол лезде қырқып берді. Үйге әкеліп жуып-шайып, түтіп, пайдаға асырдым. Ана тұскиіздер – алғашқы еңбектерім. Мынау даланың көркі болған бәйшешек, қызғалдақ т.б. гүлдерді де өзім тоқыдым. Сөйтсем, қолымнан келеді екен. Сөйтіп, қолөнермен айналысып кеттім. Мәртөк ауданының ауылдарын аралап, жақсы жүн іздедім. Барлық жерде де «ешкім алмайды» деп жүнді лақтырып тастайды. Оның үстіне кеш қырқады. Суға тоғытпайды. Қайызғақтанып кетеді... 

Менің өнерімді естіген соң музей қызметкерлері көрмелерге шақыра бастады. Бұйымдарымды көрмеге қойып, келушілерге көрсетіп, түсіндіремін. Қолдарына ұстап суретке түсулеріне де рұқсат етемін. Бір күні біраз қолөнершілерді шақырып, текемет жасауға тапсырыс берді.Текемет қарала түсті болу керек деді. Екі адамнан бірлесіп жұмыс жасайтын болды. Маған серік табылмады. Сосын үйге келіп қызыма: «Қызым, бұл өнер әжеңнен маған қалды. Ертең сен мамам киіз басатын еді деп айтып отырасың. Мамаң саған үйретпеді ме десе, не дейсің, маған көмектес», – дедім. Сөйтіп бастап кеттік. Басында ауыр болды. Ши жоқ. Целлофанға салып су құйып, орап көрдік, – болмады.

Көп қабатты үйдің ауласында кемпірлер әңгіме айтып отыратын. Бір күні соларға барып «Апалар, сіздерде ши бар ма» деп сұрадым. «Керек болмағасын тастап кеткен едік» деді бір апа. Сөйтіп шиді енді қайдан іздеймін деп жүргенде екі күннен соң бір апай келіп: «пәлен подъезде тұрған бір апамыз көшіп кеткен еді. Соның Шалқардан 50 шақырым жерде ауылында шиі қалыпты. Ертең мен өлгесін отқа тамызық қылады, керек болса алып ал» деген соң жедел түрде  алдыртып алдық. Шидің келгені дұрыс болды, 6 қабаттағы пәтеріміздің залы жұмыс орныма айналды. Текеметті басып, әдемілеп өрнектеп, апарып бердім. Жоғары бағаланды. Көрмелерге қатысып жүрмін.

Соңғы кездері артымнан бір белгі қалсын деп, шәкірттер дайындау туралы көп ойланып жүрмін... Келіп үйренем деушілерге әрқашанда үйретуге дайынмын. Музейдің жанынан мастер класс ашып көрдік. 1-2 адам ғана келді. Сонымен шәкірттер жағы ақсап тұр. Әлі де ойымда көп нәрселер бар. Осы заманға лайықты әдемі әйелдер қалпақтарын да жасап жүрмін. Сөмкелер де тоқимын. Кеудешелер де бар. Бәрі де қой жүнінен жасалған. 

Рабиға Қазаққызының музей үйінен үлкен рухани азық алып, қимай қоштастық. Үш балапанын қанаттыға қақтырмай, тұяқтыға тептірмей, сүйемелдеусіз жүре алмайтын жұбайын қоса қарап баққан жігерлі апамыз осыншама сабырдың түп-төркіні ұядағы тәрбие, тәртіптен деп біледі. 

«Біздің әулет ауыр кезеңдерден өтті. Әкеміз ұстатпай кеттік қой деп отыратын. Қазір Құдайға шүкір, аталарымыздың аттары аталып, елге сіңірген еңбектері еленіп жатыр»... – деді Рабиға Қазаққызы. Осындай әңгімешіл, ісмер апамызға Құдай қуат берсін. Арман тілектері орындалып, ұлттық ою-өрнектерін келешек ұрпаққа жеткізіп, жалғастыратын шәкірттері көп болсын! 

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ, Алматы – Ақтөбе – Алматы
16.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Теріскейдегі жылы жүздесулер
Нұрсайын Шәріп - 16.10.2025 156
Қамбасы дәнге толған Ақмола
Д. ШӨКШІР, Ақмола облысы - 16.10.2025 157

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18819
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18687
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32400
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36205