Ұлттың жаны – тілінде, рухы – дәстүрінде, болмысы – өнерінде, берекесі – дастарқанында, ал тамыры – туған жерінде. Осылардың бәрін бір арнаға тоғыстыратын ұлы құндылық – ұлттық код. Жаһандану дәуірінде әр халықты сақтап қалатын да, өзгеден даралайтын да осы. Бұл – ұлттың ғасырлар сүзгісінен өткен рухани жады. Қазақ үшін сондай мәңгілік құндылықтың бірі әрі бірегейі – Қымызмұрындық.
Өткен аптаның сенбісінде Алматы облысының Кеген ауданындағы көрікті «Қарқара» жайлауының Мыңжылқы жазығында дәстүрлі «Қымызмұрындық – 2026» мәдени-көпшілік және спорттық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Мерекелік салтанатты іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізе отырып, Президентіміздің ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ата дәстүрімізді дәріптеуге арналған осындай тағылымды іс-шараларға ерекше мән беретінін айтып өтті. Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев болса, дүбірлі думанның маңызына тоқталып, қонақтарға ізгі тілегін арнай келе, «Қазақ даласындағы әр салт-дәстүрдің өзіндік тәрбиелік мән-маңызы, ұлттың ерекшелігін айқындап тұратын өзіндік биік бағасы бар екендігін баяндады. Аманат болып жеткен осы құндылықтарды сақтап, оларды заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау – Президентіміз айтқандай, баршамызға ортақ міндет екендігін жеткізді. «Біздің мақсат – туристер санын көбейту ғана емес, олардың туған жеріміздің табиғатын, тарихын жəне мəдениетін терең танып қайтуына жағдай жасау. Сондықтан біз экотуризмді дамытуға ерекше басымдық беріп келеміз. Табиғатты сақтау мен туризмді дамыту – бір-бірімен ұштасқан егіз ұғым. Бұл бағыт Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасымен толық үндеседі», – деді Марат Елеусізұлы.
Құттықтау сөзге шыққан атақты меценат, сол өңірдің тумасы, жасы 90-ға келіп отырған Стақан Белғожаев өз ой-пікірін жеткізсе, Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұлов абыз баба Әлмерек Жаншықұлының рухына Құран бағыштады.
Жалпы «Қымызмұрындық» – қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі. Бұл – қонақжайлылықты, жомарттықты, ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін үлкен мереке. Қымызмұрындықтың мәні: биелер құлындап, сауылғаннан кейінгі алғашқы сүтті жинап, ашытады. Дайын болған кәделі қымызды әркім өз шаңырағында ішпейді, ауыл жұрты сабасын ортаға шығарып, ақсақалдардың батасын алып барып ішкен екен бұрынғылар. Міне, жайлау төріндегі бұл көріністе Қымызмұрындық – қымыз ішетін бір күндік мереке емес екендігін көргендей болдық. Бұл – ұлттың жады жаңғыратын, тарихы сөйлейтін, дәстүрі тыныстайтын рухани кеңістік. Көшпенділер өркениетінің мұрасы музей сөресінде емес, дәл осындай халықпен бірге жасасып жатқан мерекелерде сақталатынына көзіміз жетті.
Сондықтан болар, таңертеңнен бастап Қарқара жайлауына жиналған жұртшылық тақырыптық алаңдарды аралап, жүзден астам киіз үйден құралған этноауылмен танысты. Мұнда қазақ халқының мәдени мұрасын танытатын көрмелер ұйымдастырылып, қолөнер шеберлерінің туындылары, суретшілердің еңбектері, ауылшаруашылығы техникасы мен жергілікті өндірушілердің өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Мұндағы басты мақсат – Қарқараның көркем табиғатын сақтай отырып, этнотуризмді дамыту, өңірге келетін туристердің қызығушылығын арттыру және жергілікті экономикаға серпін беру. Бұл – ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртатын халықаралық деңгейдегі маңызды мәдени алаң – десек артық айтпаған болар едік.
Осымен биыл бесінші рет өткізіліп отырған іс-шара биыл абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналды.
Мерекеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан Республикасынан келген мәртебелі қонақтар қатысты. Бұл ұлттық үлкен мерекеге шамамен 35 мыңға жуық адам жиналып, қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрінің куәсі болды.
Атақты «Қарқара» жайлауында тігілген жүзден астам ақ шаңқан киіз үйден құралған этноауылда келушілер ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесін, суретшілердің шығармаларын және тарихи әртүрлі жәдігерлерді көріп тамашалады. Сондай-ақ жергілікті ауылдардағы өнім өндірушілердің өнімдері мен ауылшаруашылығы техникалары таныстырылып, қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Тіпті күбімен қымыз өнімінің жоғары сапасын көрсеткен ауылдың қымыз өндірушілерінің жарысы қаншалықты қызық десеңізші?
Мереке аясында қазақ халқының ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстар көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырып, таңғалдырды. Шара барысында ұлттық ойындар мен дәстүрлі қойылымдар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ат бәйгесі, қазақ күресі, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, қошқар көтеру сынды сайыстар өткізілді. Сонымен бірге «Топжарған» этно-өнер орталығының шоу бағдарламасы, «Толағай» өнер орталығының қойылымдары, облыс өнерпаздары мен танымал эстрада жұлдыздарының концерті көпшілік қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жастар үшін алтыбақан, арқан тартыс, қол күрес және ұлттық ойындар ұйымдастырылса, балаларға арналған арнайы аймақта аттракциондар, қуыршақ театры, қолөнер, сурет салу, шахмат және тоғызқұмалақ жарыстары өткізілді.
Мереке барысында Мыңжылқының төсін дүбірлеткен мың жылқының көрінісі жиналған көпшіліктің назарын өзіне ерекше аударды. Жер тарпыған жылқылар дүбірін естігенде, елең етпеген ел қалмады. Дүйім жұрттың жігері мен намысын жанып өткен бәйгенің де орны ерекше болды. Биыл бұл жарыста екі жүзге жуық таңдаулы шабандоз бақ сынады.
Жүлде қоры да қомақты болды: 10 000 000 теңге және 3 автокөлік. Аламан бәйгенің жеңімпазы Jetour X70 FL Prestige автокөлігі болса, топ бәйгенің бас жүлдесі CHERY TIGGO 2 PRO автокөлігі, құнан бәйгеге (9 шақырым) JAC J7 автокөлігі берілді. Екінші орынға – 2,5 млн теңге, үшінші орынға – 1 млн теңге берілді.
«Түйе палуан» жарысы да жанкүйерлер назарындағы басты бәсекелердің біріне айналды. Білекті балуандар күш сынасатын сайыстың жеңімпаздары да жүлделі сыйлықтардан қалыс қалған жоқ.
«Қошқар көтеру» жарысын да көпшілік қызыға тамашалады. Сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, бұл сайыс зор күш-қуатты, төзімділікті, қолдың қарымын және дұрыс әдіс-тәсілді талап етеді. Дәстүр бойынша қошқарды ең көп көтерген спортшы оны өз жүлдесі ретінде алды.
«Алыптар сайысында» қатысушылар найза лақтыру, темір шыбық ию, ауыр тасты көтеріп жүру, 100 келілік бөренемен жаттығу және 500 келілік арбаны сүйреу секілді қиын акробатикалық тәсілдерді көрсетті. Сайыс жеңімпазы 1,5 млн теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленсе, өзге жүлдегерлерге де қомақты ақшалай сыйақылар табысталды.

Негізгі жарыстардан бөлек фестивальде қол күресі, арқан тарту, тоғызқұмалақ, шахмат, қой қырқу және көшпелі өмірдің ажырамас бөлігіне айналған өзге де ұлттық сайыстар өткізілді.
Қарқара жайлауында өткен «Қымызмұрындық – 2026» ұлттық спорттың мерейін үстем етіп, қазақ халқының рухани құндылықтарын кеңінен дәріптеген маңызды мәдени шара ретінде есте қалды. Мереке қымыздың қадірін ғана емес, елдік дәстүрдің, дала мінезінің және ұлттық болмыстың терең тамырын тағы бір танытты. Қарқара жайлауында халықтың ұлттық рухын оятып, дарқан даланы думанға бөлеген үлкен мереке өз мәресіне жетті. Қарқара жайлауында ұйымдастырылған бұл мереке ұлттық спорттың мерейін үстем етіп, қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеген, қазақы дәстүрдің көрінісіне айналған, ұлттық рух пен мәдениеттің мерейін өсіретін «Қымызмұрындық – 2026» мерекесі барша жұртшылықты Қарқараның көркем төрінде қауыштырып, үлкен рухани думанға бөледі.
Жұман МАТАЙ, Асым СУЛАЙМАНОВ,
Алматы облысы, Кеген ауданы
Қарқара жайлауы
















