«Театр – өмірдің, ал сахна – жанның айнасы» деген сөз бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы Жанаргүл Құрманғалиева. Оның өнер саласында еңбек етіп жүргеніне 30 жылға жуықтады. «Өнер саласының үздігі», «ҚР Мәдениет саласының үздігі» атанып, басқа да бірқатар марапаттарға ие болған театр актрисасымен сұхбаттасып, өнердегі өзіндік жолымен таныстық.
– Жанаргүл Құрметқызы, өнерге кездейсоқ келмеген шығарсыз. Әңгімені өсіп-өнген әулетіңізден, өнерге деген алғашқы талпынысыңыздан бастасақ.
– Мен қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келдім. Марқұм әкем Құрмет Құрманғалиұлы мен аяулы анам Мәншүк Сапарқызы ел қатарлы адал еңбек етіп, өз орталарында сыйлы болды. Мен – үш ұлдың ортасында өскен жалғыз қызбын. 1976 жылы қазіргі Атырау облысына қарасты Индер ауданындағы Елтай ауылында дүниеге келдім. Менің осы жолға келуіме өнерден құр алақан емес ата-анам себепші болды. Әкем қасиетті қара домбырада ойнайтын, ал анам ән салғанда даусына еріксіз тамсанасың. Әкем ауыл өнерпаздарынан құралған оркестр құрамында сахнада өнер көрсетіп жүрді. Бауырларым барлығы да өнерлі. Ағам Өтеміс ауылдағы Мәдениет үйінде өтетін мәдени-көпшілік шаралардың ортасында жүреді. Ән айтады, эстрадалық ансамбльде ойнайды. Нұрпейіс деген інім де он саусағынан өнер тамған күйші болған еді. Өкінішке орай, ол дүниеден ерте озды. Өзімнен кейінгі інім Бектеміс – ағаштан түйін түйетін қолөнер шебері. Сурет салады, ойы да жүйрік ерекше дарын иесі. Қазір қара шаңырақта ұрпағының тілеуін тілеп отырған анам бар.
Балалық шағыма оралсам, ата-анамыздың өнерге деген ыстық ықыластарын жастайымыздан көріп өстік. Ол кезде теледидардан телеспектакльдер мен айтыстар жиі көрсетілетін. Әкем соларды тапжылмай отырып қарайтын. Халық әндерін, термелерді сүйсініп тыңдайтын. «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген бағдарламаны жібермей көретіні де есімде. Сол бағдарламалар менің де санама ұлттық әнді, қазақи тәрбиені сіңірді. Мінекей, осылайша бала кезімізден өнерге құштар ата-ананың тәлім-тәрбиесін көрдік. Өнерді біз де бойымызға сіңіріп есейдік.

– Атырауда туып-өскен екенсіз, Ақжайықтағы қазақ драма театрына қалай келдіңіз?
– Мен мектеп қабырғасында оқып жүргенде, түрлі іс-шараларға қатысатынмын. Ән айтып, би билеп, бойымда бар өнерді аянып қалмайтын едім. Спорттық ойындардан да қалыс қалмайтынмын. Бірде орта буында оқып жүргенде сынып жетекшіміз Фарида Темірболатова «Жақсылық пен жамандық» деген ертегіні қойды. Ол кезде скетч деп айтылатын. Сол қойылымда мен байдың қызы болып ойнадым. Ал жоғары сыныпта сынып жетекшіміз Ахметжан Зәки маған Мұрат Мөңкеұлының «Топқа түскендегі толғауы» деген термені үйретіп, бағыт-бағдар беріп, аудандық байқауға қатыстырды. Сол байқауда жеңімпаз атанып, Атырауда өтетін облыстық кезеңге өттім. Ол уақытта талантты жастарды осындай сайыстарға жан-жақтан жинайтын еді. Бұл өнер додасында әділқазылар алқасының төрағасы болған Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің доценті, белгілі күйші Өтепберген Хамзин жас өнерпаздардың арасынан сегіз үміткерді таңдап алып, Алматыға жолдама берді. Мен де солардың бірі болдым. Сөйтіп Алматы қаласына барсақ, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға өнерлі жастарды іріктеп жатыр екен. Бірақ ол кезде менің жасым бар болғаны 17-де болғандықтан, аталған оқу орнына ілікпедім. Содан кейін жолдамамен Орал қаласына жолым түсті. Мұнда қазақ драма театры ашылып, соған жас актерларды даярлайтын курс ұйымдастырылып жатыр екен. Мен ән де айтатын, би де билейтін, проза мен қара өлең де оқитын сол курсқа қызығушылық таныттым. Мұндай өнердің қай-қайсысы да маған жат емес болғандықтан, курсқа мен де қабылдандым. Бірінші курстағы алғашқы ұстазымыз – марқұм танымал режиссер Жамбылбек Есенбеков болды. Ол 1993 жылы М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымымен Орал театрының тұсауын кескен болатын. Сонымен қатар режиссер Айман Қуатова, Қазақстанның Халық әртісі Гүлнәр Жақыпова, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов секілді ұстаздарымды да атап өткім келеді. Осындай кәсіби мамандардан білім мен тәрбие алып, төрт жыл оқып, Ақжайықтағы қазақ драма театрына актриса болып жұмысқа қабылдандым.
– Енді театр сахнасындағы рөлдеріңіз туралы ой бөліссеңіз? Өзіңіздің ішкі жан-дүниеңізге қандай кейіпкерлер жақын?
– Театрға жұмысқа қабылданған кезде ең алғашқы рет режиссер М.Ахманов сахналаған «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!» комедиясында Елесті ойнадым. Бұл кейіпкер еркекшора мінезді, ерсілеу қылықты еді. Бірінші құрамда режиссер өзі ойнады, ал екінші құрамда осы рөлді маған берді. Әрине, ол кезде театрға енді келген жаспыз. Сол рөлді ойдағыдай алып шықтым деп айтпас едім. Мүмкін алғашқы рөлім болғандықтан шығар, оның үстіне өзіме тәлім берген ұстазымнан шәкірті ретінде именген болармын. Ал егер сол рөлді қазір берсе, мүлдем басқаша ойнар едім деп ойлаймын.
Жалпы мен дайындалған әрбір рөліме жауапкершілікпен қараймын. Себебі мен сол кейіпкер болып өмір сүріп, оның ішкі жан-дүниесіне енуім керек. Мұның өзі – үлкен жауапкершілік. Сондықтан сахнада ойнаған үлкенді-кішілі рөлдерімді бөле-жара қарамаймын. Барлығы – өз еңбегіммен жасалған дүниелер. Көпшілік сахнада жүрген кезде де әрбір іс-қимылыңа мұқият болуың керек. Ол жерде әріптестеріңе кедергі келтірмей, олардың өз рөлдерін сәтті орындап шығуына септігіңді тигізесің. Бұл – менің жұмысым, өзімнің сүйікті мамандығым. Негізінен менің жаныма драмалық, трагедиялық образдар жақын. Шынымды айтсам, мен – комедиялық актриса емеспін.

– Сахнада осыны сомдасам деп армандап жүрген рөлдеріңіз бар ма?
– Әрбір актрисаның ішінде «осы рөлді ойнасам екем», «осы қойылымға мені таңдаса екен» деген армандары болуы заңдылық. Менің арманым – Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Катаринасы. Сол рөлде ойнауды жас кезімнен армандаймын.
Жалпы классикалық қойылымдарды жаным сүйеді. Қазір көбіне шетелге еліктеушіліктен бе, бүгінгі қойылымдарда сөзден гөрі іс-қимыл басым. Бірақ қазақтың асыл сөздері қандай десеңізші, өзіміз бір ауыз сөзге тоқтаған халықпыз ғой. Бұрынғы классикалық қойылымдардағы қазақтың маржан сөздерінің орны тіптен бөлек еді. Кейде соларды аңсаймын. Қазақтың шешендік тұнып тұрған орамды ойлары сахнадан тағы да естілсе деймін. Әрине, жастардың мұндай эксперименттік тәсілдерге баруы дұрыс шығар. Қазіргі заманға сай, бүгінгі жастардың көзқарасымен өнерді дәріптеп, театрды дамыту керек болар. Дейтұрғанмен, айтылатын өнегелі сөзі бар қойылымдар азайып кеткені ақиқат.
– Жанаргүл Құрметқызы, сіз талантты актриса ғана емес, сүйікті жар, аяулы анасыз. Отбасыңызда сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?
– Иә, оралдық Ербол деген азаматпен шаңырақ құрдым. Менің өнердегі жолыма қолдау көрсетіп жүрген өмірлік жарыма алғысым шексіз. Жолдасым екеуміз Гүлназ, Шахридат, Шахназ, Айзере деген төрт қыз тәрбиелеп отырмыз. Олар да өнерге жақын. Шахридатымыз – жергілікті «Салтанат» би ансамблінде биші-солист. Үшінші қызымыз Шахназ – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Режиссура» факультетінде оқиды.

– Театрдың қоғамдағы, адам өміріндегі маңызы қандай деп ойлайсыз?
– Өзім 1996 жылы қазіргі Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрына жұмысқа қабылдандым. Арада 30 жыл сырғып өте шыққан екен. Жалпы театр өнері – ең таза, шынайы, маңызды өнер түрі.
Театр арқылы көрермен тәрбие алады, жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажыратады. Қойылымдар арқылы өмірдегі түрлі жағдайлармен бетпе-бет келіп, өзінше ой түйеді. Бойына рухани нәр сіңіреді. Сондықтан біз ұлттық құндылықтарымызды театр арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Сұхбаттасқан – Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚО, Орал қаласы














