Бес мың түйе жайылған Күрті, Ақши, Бозой өңірінің табиғаты мен тарихы тамсандырады, таңғалдырады. Ойсылқараның ежелгі жерұйығында Жер-Ананың тылсым күші бар. Жібек жолы тарихында ұлы Қытай қорғанынан Самарқанға дейінгі аралықта отыз мың түйе керуені жүрген деген дерек бар. Қазақ күйшілерінің «Бозінген», «Желмая» атты күйлерінде осы ұлық түліктің кие қасиеті меңзеледі. Асанқайғы желмаясы – аңыз. Міне, сондықтан Күрті өңіріндегі бес мың түйе керуені тарихты жаңғыртып, әлемді тәнті етті.
Түйе – кие
Алдымен астық жөнінде айталық. 1978 жылы күзге салым Алматы облысындағы Күрті ауданы астық жоспарын асыра орындап, жарты әлемді таңғалдырды. Әлемге белгілі «Маяк» радиостанциясы күндіз-түні бұл жөнінде хабар таратты. Құдай тағала осы жылы көктемде бұл өлкеде бұрын-соңды болмаған жаңбыр жаудырды. Алдымен мамыр айында құмды дала қызғалдақтан көрінбей кетті. Содан соң егістікте жайқалып егін шықты. Егіс даласы ертегіні елестетті. Ауданға Қонаев келердің алдында сәуірдің соңында жауған нөсерді тілмен айтып жеткізе алмайсың. Жаңбыр шелектеп құйды. Мен онда аудандық «Шұғыла» газетінде қызметкер едім. Аудандық атқару комитетінде бір бастық жауып жатқан жаңбырды обкомға хабарлап жатты. Жаңылмасам, Е. Егінбаев болатын.
Осы бір астыққа байланысты табиғат пен ерен еңбек тарихын толық айтсам, біразға кетеді. Күрті өңіріндегі бұрынғы астық емес, мені жақында түйе шаруашылығына байланысты төрткіл дүниеге даңқы кеткен мың түйе керуен тізбегі тәнті етті.
Сарыүйсін және Сарытауқұм
Әңгімені түйенің ежелгі жерұйығы – Күрті өңірінен бастайын. Алатау етегінен бастау алып, құмды даланы қақ жарып ағатын Күрті өзені Ілеге құяды. Сарытауқұм аталатын өңір ежелден бұрынғы Үйсін мемлекетінің ұлан-ғайыр жері. Ұлы жүз Үйсіндердің тікелей ұрпағы Сарыүйсіндер Ақши ауылында әлі тұрады. Алматыда мешіт салдырған, қой мен жылқысы, түйесі аңызға айналған Қали бай осы елден шыққан. Қали байдың қызы – өнер жұлдызы Гүлжиханды білмейтін жан жоқ. Тоқаш Бокин осы елде туып өсті.
Ежелден түйе малының өріс даласы атанған өңірде кеңес дәуірінде Айдарлы кеңшарында түйе базасы болды. Жаңылмасам, түйешінің аты Әшімхан атты қазақ еді.
Күрті ауданы құрылды
Күрті өңірі – ұлы Димекеңнің ата-бабалары көшіп-қонған қоныс, жайлаулар екені бесенеден белгілі.
1972 жылы Күрті ауданы құрылды. Балқаш, Жамбыл, Іле аудандарынан оншақты кеңшар бөлініп, бірігіп жеке өңір, аймақ атанды. Димекең және оның ақылман кеңесшілерінің ұйғарымы бойынша құрылған жаңа аудан бес-алты жылдың ішінде мал, егін шаруашылығы бойынша жоспарын орындап отырды. Алматының Көк базарында Күртінің Бозой қарбызының даңқы шықты.
Қазір бұрын аудан орталығы болған Ақши заманауи даму үстінде. Димекең дәуірінде мұнда Қаскелеңнен топтық су құбыры тартылды. Арасы жүз шақырымнан асатын жерге алыстан су әкелді мамандар. Бұл тарих болып қалды. Енді өзгеше бір өмірдегі өзгеріс, төрт түлікке қатысты, оның ішінде желмая түйе тізбегі елді ойламаған жерден қайран қалдырып отыр. Бірнеше шақырымға созылған түйе керуенді жасақтау оңай болмаған.
«Дәулет Бекеттің» түйе малының түр-тұлғасын, кие қасиетін әлемге паш еткен мың түйе атты керуен әлемдік Гиннес рекордтар кітабына енді. Әлеуметтік желіде сағат сайын айтылады. Осы жерде түйе қасиеті жөнінде бір қызықты айтайын. Белгілі жазушы Қуандық Түменбай Күрті өңірінде болған. Ауасын жұтып, дәм татқан. 1979 жылы оның туған күні – 22 тамызда мен оған өркешті түйе мүсін-сувенир сыйладым. «Нар түйедей мықты, қуатты бол, Қуаш!» – деп. Құдайдың құлағына шалынған шығар, Қуандықтың шығармашылық жолы табысты әрі даңқты болды. Оншақты кітаптың авторы ол қазір әдебиеттің нар атанып, жетпіске келді. Күрті өңірімен қанаттас Іле ауданында тұрады. Әлмерек әулие жатқан жерден онша алыс емес.
Кезінде Айдарлыда кеңестік кездегі түйелерді көріп, айран, шұбат ішкен ол кейін малшылар жөнінде мақала жазды.
Шұбаттың емдік қасиеті жөнінде әңгіме таусылмайды. Ал түйенің жүнінен тоқылған киімдер өте таза. Синтетика емес. Түйенің құрты тек азық емес – ем, шипа ғой. Бұл жайында Тамақтану академиясы айтады.
Бір жылдары мен түскі үзіліс кезінде Көк базардан күнде шұбат ішетін едім. Аллаға шүкір, денсаулығым жаман емес.
Бала Димаш болған
Данағайып Димекеңнің ата-бабалары көшіп-қонған. Әкесі Меңліахмет Қали баймен дос болып, саудамен оңды-солды көп жүрген. Ақши, Топар, Желтораңғыға келгенде баласы Димашты жанынан тастамайтын Жұмабай қажының ұлы Мекеңнің бұл өңірде табанының ізі қалған.
Бала Димаш Балатопарға келгенде сырқаттанып, оны атақты молданың Құран сүрелерін оқып емдегенін осы жолдардың авторы кезінде жазды.
Жалпы, Сарытауқұм деп аталатын құмды далада тарих тұнып тұр. Өтеген батырдың атымен аталатын өріс, қоныс бар. Қазыбек бектің де есімімен аталатын жерге белгі қойылған. Күрті өзенінің жарқабақтары ертегіні елестетеді. Күре жолдың бойында атақты бір әулиенің кесенесі тұр. Алматы – Астана бағытындағы жолдың жиегінде «Он екі құдық» атты Тәңір тылсымы сезілетін жерде бір жылдары жол апаты, тосын оқиғалар қайталанды. Бозой, Қарой жер-су атаулары осы өңірдің дала ерекшелігін көрсетеді.
Албан, Адай, Арғын...
Күрті даласы – әлемге әйгілі «Қыз Жібек» киносының эпизодтары түсірілген тарихи өңір.
Жаңа аудан құрылғанда мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен қазақтар келді. Албан, Адай, Арғын, Найман, Дулат және басқа да рулар өте тату-тәтті тұрды. Олардың ішінде Түрікменстаннан келген адайлар ежелгі қазақ салт-дәстүрін жақсы ұстанды. Албан Шайым атты молда – Әлмерек әулиенің ұрпағы еді. Алматы облысының әкімі марқұм Аңсар Мұсаханов, Серік Үмбетов, белгілі ұстаз Кеңесбек Аманбеков еңбек жолын осы өңірден бастаған. Еңбек Ері Өміртай Өмірбеков, озат шопандар Айтжан Көшербаев, Шәудірбай Елубаев т.б. есімдері аудан тарихында тұр. Қазір түйеші Дәулетов Сыдықтың есімі төрткіл дүниеге белгілі. «Шұбат өндіру мұнай өндіруден жақсы», – деген ол жайында қанатты сөз қалыптасқан.
«Дәулет Бекет» компаниясына байланысты деректер жетіп артылады.
Тоқ ететін айтқанда, бес мың түйеден алынған шұбат тек Қазақстанға ғана емес, біраз шетелге белгілі. Әсіресе, Қытай жақтан сұраныс көп. Бұл – ұлт үшін мақтаныш. Түйе саны бойынша дүниежүзінде екінші орын алатын шаруашылық жөнінде айтқанда, бұдан елу жыл бұрын осы өңірдің болашағын болжап, жаңа Күрті ауданын құрған данағайып, әулие Димекең көз алдыңа келеді. Мақала басында айтылғандай, Димекең жетпісінші жылдары мұнда келгенде «түбінде бұл өңірдің болашағы зор» деп айтқаны – данышпандық қой. Таудай адамды алғаш Ақшиде көрген үлкен кісілердің «Қонаевты көргенде біз Құдайды көргендей болдық» деп айтқандары кейін қанатты сөзге айналып кетті. Қазір аудан орталығындағы көше Қонаев атымен аталады. «Дәулет Бекеттің» байланыс орны да осы көше бойында.
Маңғыстаудағы пір Бекет пен Алатаудағы Димекең – Дінмұхамед рухы Ақшиде нұр болып аспанда көзге көрінбей қалқып жүргендей елестейді.
Ораз ҚАУҒАБАЙ,
қонаевтанушы,
бұрынғы Күрті аудандық
«Шұғыла» газетінің қызметкері















