Ғылым – ұлттық дамудың өзегі

Ғылым – ұлттық дамудың өзегі

Қазақстан соңғы жылдары білім мен ғылым жүйесін жаңғыртуға басымдық беріп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, 2019 жылдан бері бұл салаға бөлінетін қаражат үш есе артты. 

Бұл мемлекет үшін білім мен ғылыми зерттеулерді ұзақ мерзімді экономикалық дамудың негізгі тетігі ретінде қарастырудың айқын белгісі. Қаржыландыруды көбейту арқылы ғылыми инфрақұрылымды жаңарту, жас зерттеушілерді қолдау және ғылыми нәтижелердің сапасын арттыру мақсаты қойылып отыр.

Тағы бір маңызды бағыт – жоғары оқу орындарының дербестігін кеңейту. Университеттер енді білім беру бағдарламаларын өздері жасай алады, кадрлық саясат пен ғылыми басымдықтарды анықтауда еркіндеу көзқарас қалыптасып келеді. Мұндай өзгеріс жоғары білім жүйесін жаңғыртып қана қоймай, оқу орындарының арасындағы бәсекені де күшейтеді. Бұл болашақта білім сапасына да тікелей әсер етеді.

Сонымен бірге зерттеу университеттерінің санын арттыру мәселесі күн тәртібіне шықты. Қазақстанда ғылымды тек оқу орнында емес, нақты зерттеу орталықтарында жүргізу тәжірибесі де жиілеп келеді. Ғылыми жобаларды коммерцияландыру, өндіріске енгізу, отандық инновациялық әзірлемелерді қолдау – ғылым нәтижесінің экономикалық құндылығын арттыратын бағыт ретінде қарастырылып отыр.

Мемлекет ғылымды дамыту арқылы жаңа технологиялық өндірістердің, жоғары құнды өнімнің, экспортқа бейім салалардың қалыптасуын көздейді. Ғылымға, білімге инвестиция – елдің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігі. Мемлекет басшысының «Қазақстан білім-ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отыр» деуі де осы стратегиялық бағдармен сабақтас.

Нақтылай түссек, Президент Қ.Тоқаев биылғы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеп, біраз жайтты атап өтті.

Президенттің пікірінше, білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш, ал университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы, ғылыми ізденіс ортасы.

«Қазір адамзат түбегейлі өзгерістер дәуіріне қадам басқан кезде білім ордалары заман талабына сай озық болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны анық. Қазақстан білім-ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отыр. 2019 жылдан бері осы салаға бөлінетін қаржы үш есе ұлғайды. Елімізде жоғары оқу орындарының дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Мемлекет ғалымдарға, әсіресе, жас зерттеушілерге барынша қолдау көрсетуде. Жоғары білімнің барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы – өте маңызды міндет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қыркүйек айында Президент жанындағы Ғылым және технология жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында: «Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Сондықтан елімізде ғылымды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі», деп айтты. Бұл – елдің ұзақ мерзімді даму басымдықтарының нақты бағдары. Шын мәнінде, ғылым – прогрестің қозғаушы күші. Жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономикалық модель – бәрі де сапалы ғылыми ізденіс пен нақты ғылыми нәтижеден басталады. Ғылымсыз қоғамның табысты дамуы да мүмкін емес. Сондықтан ғылымды қолдау тек салалық міндет емес, бұл – мемлекет дамуының тірек факторы. Қазақстан қазір осы бағытта жүйелі өзгерістерді кезең-кезеңімен жүзеге асыруды көздеп отыр.

Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Аманкелді Садановтың айтуынша, соңғы жылдары отандық ғылымды дамытуға қомақты қаржы бөлініп, оның көлемі ұдайы өсіп отыр. 

Әсіресе қаржыландыру саясатын мақсатты бағдарламаларға қарай бағыттағанның нәтижесінде, көптеген ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орындары бүгінгі талапқа сай озық құрал-жабдықпен қамтылып келеді.

«Жас мамандарды шетелдегі жетекші ғылыми орталықтарда даярлауға мүмкіндік туды. Сонымен бірге халықаралық беделі жоғары ғалымдармен байланыс кеңейіп, қазақстандық кадрларды шетелде оқытудың арнайы бағдарламалары іске асты. Енді жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми әлеуетін күшейту мәселесі күн тәртібінде тұр. Дегенмен мемлекет те, қоғам да ғылымнан нақты нәтиже күтеді. Ғылыми ізденістер елдің экономикалық, технологиялық және әлеуметтік дамуына нақты үлес қоса білуі тиіс.

Қазір Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ғылымды ілгерілету бағытында кешенді бастамалар көтеріп жатыр. Шындығында, ғылым елдің өзекті мәселелерінен бөлек тұра алмайды. Зерттеу нәтижелері жаңа технологиялар, жаңа жабдықтар, биологиялық және фармацевтикалық инновациялар, экологиялық қауіпсіз азық-түлік өнімдері түрінде нақты өндіріске енгізілуі қажет. Өкініштісі, қазіргі кезде ғылыми зерттеулердің өнеркәсіп пен экономикалық даму қарқынына ықпалы әлі де төмен. Практикаға енген жобалар саны шектеулі, ал отандық өндіріс үшін қажет заманауи ғылыми әзірлемелер аз», дейді академик Аманкелді Саданов. 

Осы себепті ол ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруды, қолданбалы сипатта қайта форматтауды түбегейлі күшейту міндеті туындап отырғанын алға тартып отыр.

Сағадат Бақытбек

 

17.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20123
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19955
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35076
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33651
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37479