ЕЛІМІЗДЕ МӘСЛИХАТТАР ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУ БОЙЫНША 10 338 САЙЛАУ УЧАСКЕСІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

ЕЛІМІЗДЕ МӘСЛИХАТТАР ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУ БОЙЫНША  10 338 САЙЛАУ УЧАСКЕСІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

 

НҰРЛАН ӘБДІРОВ: САЙЛАУ «ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ БОЙЫНША ӨТУІ ТИІС

 

          Қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлау күні еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейтін 10 338 сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында аталған учаскелердің сайлауға дайындығы талқыланды.

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров еліміздегі сайлау науқанының бұған дейін бекітілген Күнтізбелік жоспарға сәйкес өтіп жатқанын атап өтті.

«Бұл сайлау науқаны барысында Орталық сайлау комиссиясының отырыстарында және комиссия мүшелерінің еліміздің барлық өңірлеріне жасаған инспекциялық сапарлары кезінде негізгі ұйымдастырушылық мәселелердің барлығы қаралып, тиісті тапсырмалар берілді. Сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелерінің дайындық деңгейімен танысып, оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Қазір біз сайлау науқанының қорытынды кезеңіне келдік. Ендігі басты міндет - дауыс беру күнін ұйымдасқан түрде өткізіп, азаматтардың сайлау құқықтарының толық іске асырылуын қамтамасыз ету. Еліміз бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың жалпы саны - 12 679 459 адам. Дауыс беру күніне сайлау учаскелерінің дайындығын қамтамасыз ету барысында олардың материалдық-техникалық жабдықталуын, мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы жағдайлардың жасалуын, сайлау бюллетеньдерін жеткізу, сондай-ақ дауыс беруді ұйымдастыруға қатысты басқа да маңызды мәселелерді ескеру өте маңызды», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Аумақтық сайлау комиссияларының жиырма төрағасының баяндамалары тыңдалды. Әр өңір бойынша сайлау комиссияларының, кандидаттардың, сайлаушылардың саны, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы, сайлау бюллетеньдерін басып шығару және есептен шығару куәліктерін беру жөніндегі статистикалық мәліметтер ұсынылды. Сондай-ақ дауыс беру күні азаматтарды тексеру және тіркеу бойынша онлайн-сервистердің жұмыс істеуіне ерекше назар аударылды.

Отырысты қорытындылаған Нұрлан Әбдіров сайлау күніне дайындық жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталғанын атап өтті. Сонымен қатар ол аумақтық сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдарға дауыс беру күніне дейін қалған уақытта жоспарланған іс-шараларды толық аяқтауды тапсырды.

«Сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын, учаскелерде кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстарын толық аяқтауды, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайларына дайын болуды тапсырамын. Әсіресе шалғай елді мекендерде жергілікті атқарушы органдардың, төтенше жағдайлар қызметтерінің, жол және коммуналдық қызметтердің өзара іс-қимылын алдын ала үйлестіру қажет. Комиссияның барлық мүшесі заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға міндетті. Бұл - сайлау процесінің барлық кезеңіндегі басты талап әрі ортақ жауапкершілігіміз. Біздің барлық жұмысымыз «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатына негізделуі тиіс», - деп түйіндеді Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы.

 

27.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29930
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29477
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46702
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42265
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 47052