Родина – XXI ғасыр ауылы

Родина – XXI ғасыр ауылы

«Qazaqstan dauiri» газетінің  «Әділет» партиясы,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі,  ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ,  «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Цифрлық Қазақстан ауылы – ұлт руханиятының қайнар көзі: Жасанды интеллект, Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан, «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», Инновациялық даму, Ұлттық жад, Ұлттық рух – елді көркейту жолындағы Президентіміздің салиқалы саясаты – дәстүрлі экспедицияның алтын арқауы» атты дәстүрлі экспедициясы Ақмола облысында

 

Родина республикамыздағы ерекше ауыл. Оның бүгінгі жетістіктерінің сыры неде?

1961 жылы Целиноград ауданының «Новый быт» және «Большевик» колхоздары біріктіріліп, «Родина» кеңшары құрылды. Жаңа шаруашылыққа «Родина» атауы берілді. Кеңшарды алғашында Н. Тимошенко 12 жыл басқарса, кейін бұл міндетті А. Савенко атқарып, 14 жыл жетекшілік етті. Дегенмен сол кезеңде кеңшар айтарлықтай жетістіктерімен ерекшелене қоймады. Алайда 1987 жылы шаруашылық тізгінін Иван Сауэр қолына алғаннан кейін Родинаның дамуында жаңа кезең басталды. Тәуекелге бел буа білетін, жігерлі де іскер басшы артта қалған шаруашылықты өркендетіп, оны республикаға танымал, іргелі кәсіпорындардың біріне айналдырды. Оның табандылығы мен жаңашыл көзқарасының арқасында ауылдың келбеті түбегейлі өзгеріп, болашаққа бағытталған үлкен бастамалар жүзеге аса бастады.

Бүгінде «Қалаға бергісіз ауыл» тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асырған «Родина» агрофирмасы – өзіндік бірегей экожүйесі қалыптасқан, ауыл шаруашылығы мен заманауи инфрақұрылымды үйлестіре білген ерекше елді мекен.

Мұнда сүт өнімдерін өндірудің толық технологиялық циклі жолға қойылған. Кәсіпорын тәулігіне 80-90 тонна сүт өнімін өндіреді. Тұрғындар жыл бойы табиғи әрі сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етілген. Агрофирма өндірген өнімнің басым бөлігі елорда нарығына жеткізіледі.

Екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қаладан кем емес. Мұнда заманауи үлгідегі жайлы тұрғын үйлер, кең әрі көрікті көшелер, демалыс саябағы, супермаркет, сұлулық салоны, мейрамхана, шағын дәмхана, фитнес орталығы және жел генераторлары бар. Ауыл супермаркетінде қызметкерлер мен келушілерге арналған қосарланған баға жүйесі де қарастырылған. Әсіресе, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне ерекше көңіл бөлінеді. Балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. 

«Родина» – шын мәнінде, қалалық үлгідегі заманауи елді мекен. Мұнда ауыл өміріне тән қарапайым тіршіліктен бөлек, қала мәдениеті мен өркениетінің барлық дерлік игілігі тоғысқан. Атап айтқанда, хайуанаттар бағы, еуропалық үлгідегі жабық хоккей корты, мәдени-демалыс саябағы, заманауи кітапхана, клуб, мешіт, шіркеу, әскери техника мұражайы, жайлы тұрғын үйлер мен сәулеті келіскен коттедждер бар. Сонымен қатар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын күтуіне арналған сән салоны мен фитнес клубы да жұмыс істейді.

Ауылдың сыртқы келбеті де ерекше көрікті. Аулалары жасыл желекке бөленген, көшелері асфальтталған, әрбір ғимараттың сәулеттік келбеті мен тазалығына мән берілген. Мұнда бірде-бір үй пешпен жылытылмайды, барлық ғимарат орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Сонымен қатар ауылда жел энергиясын электр қуатына айналдыратын қуаты 750 киловаттық жел генераторы орнатылған. Бұл – табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, экологиялық таза энергия көздерін дамытуға бағытталған маңызды қадам.

«Родина» ауылының өркениетті даму үлгісі елімізден тыс жерлерде де танылып, халықаралық деңгейде жоғары бағасын алған. Оның жарқын дәлелі – ауылдың Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) жүзеге асыратын Villages Recognition Initiative халықаралық бастамасы аясында үздік деп танылған ауылдар қатарына енуі.

Бұл жетістік – «Родинаның» тек Қазақстандағы ғана емес, халықаралық деңгейде де ауылдық аумақтарды дамытудың озық үлгісіне айналғанын көрсетеді. Ең бастысы, мұнда ауыл тұрғындарына жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалып, еңбек пен тұрмыс, табиғат пен технология, дәстүр мен жаңашылдық өзара үйлесім тапқан.

«Родина» округінің орталығындағы барлық тұрғын үй бір орталықтандырылған жылу қазандығымен жылытылады. Ауыз су мен электр энергиясы тұрғындар мен әлеуметтік сала мекемелеріне тиімді бағамен ұсынылады. Көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдары асфальтталып, энергия үнемдейтін заманауи шамдар орнатылған.

Жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылдары олар үшін 20 коттедж және әрқайсысы сегіз пәтерден тұратын алты екіқабатты үй пайдалануға берілген. Тұрғын үй құрылысы жыл сайын тұрақты жалғасын тауып келеді.

Агрофирмада еңбек өнімділігі мен қызметкерлердің әл-ауқатына ерекше мән беріледі. Бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 18 млн 300 мың теңгені құрайды. Орташа жалақы 2025 жылы 478 мың теңге болса, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 508 мың теңгеге жеткен. Өндірістің таза пайдасы – 3 млрд 600 млн теңге.

Бір отбасының орташа табысы 2025 жылы 770 мың теңгені, 2026 жылы 850 мың теңгені құраған. Қызметкерлер жылдық сыйақымен қатар, 13-ші жалақы да алады.

Агрофирма отбасылық қуаныштарға да қаржылай қолдау көрсетеді: бірінші бала дүниеге келгенде – 400 мың, екінші және одан кейінгі балаларға – 500 мың теңге, ал жас отбасылар некеге тұрған кезде 400 мың теңге беріледі. «Жыл оқушысы» атанғандар мен «Алтын белгі» иегерлеріне 150 мың теңге сыйақы табысталады. Қызметкерлерге азық-түлік жеңілдіктері де қарастырылған. Жергілікті дүкендерде нан мен сүт өнімдері өзіндік құнымен сатылады. Мәселен, жұмысшылар үшін нанның бағасы небәрі 50 теңге.

Жоғары сапалы азық-түлік өнімдері жергілікті жерде өндірілетіндіктен, тұрғындар бұрынғыдай мал өсіруге, әсіресе ірі қара ұстауға аса құлықты емес көрінеді. Өйткені дүкен сөрелерінде қолжетімді бағадағы сапалы азық-түлік түр-түрімен самсап тұр. Ет, сүт өнімдері мен жеміс-жидектерге де округ тұрғындары үшін едәуір жеңілдіктер қарастырылған.

Әрбір ересек тұрғынға арнайы дисконттық карта берілген. Оның көмегімен тауарларды төмендетілген бағамен сатып алуға болады. Бір қызығы, тұрғындарға айтарлықтай жеңілдік жасалғанына қарамастан, «Шаруашылық маркеті» дүкенінің жылдық таза пайдасы 700 млн теңгеден асады екен.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы «Родинада» кеңінен жүзеге асқан. Оның игілігін тауарлы-сүт фермасынан бастап, кітапхана, мәдениет ошақтары мен көше инфрақұрылымынан да көруге болады. Ауылда қоғамдық тәртіп пен тазалыққа ерекше мән беріледі. Барлық жерде бейнебақылау камералары орнатылған. Соның нәтижесінде ұрлық-қарлық пен қоғамдық тәртіп бұзушылықтары сирек кездеседі. Көшеге қоқыс тастауға да жол берілмейді. Тіпті қоқыс жәшіктерінің өзі өзгеше үлгіде жасалып, ауылдың заманауи келбетіне үйлесім тапқан.

 

Ауыл шаруашылығы және өндіріс

Агрофирманың егін шаруашылығындағы жетістіктері де қомақты. Жалпы көлемі 50 мың гектар алқапқа егін егіліп, мол өнім жиналуда. «Родинаның» елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге қосып отырған үлесі зор.

Күн сайын Астана қаласына 60 тоннаға жуық сүт өнімдері жеткізіледі. Ет өндіру көлемі де 900 тоннадан асқан. Соңғы жылдары сүт өндірісі 40 мың тоннадан асып, өндірілген және сатылған өнімдердің жалпы көлемі 22 млрд 23 млн 593 мың теңгеге жеткен.

Бір сиырдан жылына орта есеппен 11 900 келі сүт сауылады. Бұл – шаруашылықтағы мал өнімділігінің жоғары деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Осындағы екі бірдей тауарлы-сүт кешенінде 1300 асыл тұқымды ірі қара заманауи «Глобал-90» және «Ёлочка» айналмалы қондырғыларымен сауылады. Өндірісті қуаты 750 КВт жел қондырғысы арзан электр қуатымен қамтып тұр. 

Мұражай кешенінің жанындағы абаттандырылған саябақта бронды танктер, авиациялық және су әскери техникасының үлгілері, соның ішінде әйгілі Ми-6 тікұшағы қойылған.

Мұражайдың ішкі экспозициясы «Родина» ауылының іргетасы қаланған кезден бүгінге дейінгі даму тарихын баяндайды. Сонымен қатар мұнда Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен сақталған сирек жәдігерлер мен қару-жарақ үлгілері де келушілер назарына ұсынылған.

Агрофирма мен ауылдың жеткен жетістіктері, алған марапаттары аз емес. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің дәстүрлі «Қараөткел» көрмесінде «Алтын белгі» марапатын үш рет иеленген.

Кәсіпорын кеңсесіне, өндірістік және әлеуметтік нысандарына бас сұқсаңыз, түрлі марапаттар мен сыйлықтарды көріп, тұтас бір мұражайды аралағандай әсер аласыз.

«Родина» ауылы облыстық «Үздік елді мекен» атанса, оның мәдениет ошағы республикалық «Үздік клуб» атағына ие болған. Сондай-ақ агрофирма «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша республикалық «Парыз» байқауының екі дүркін жеңімпазы атанған.

Сапалы өнім өндіруде де кәсіпорынның жетістігі мол. «Сүт өнімдері» номинациясы бойынша «Халық маркасы» атағын иеленіп, облыстық «Қазақстанның үздік тауары» байқауында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.

Көпсалалы агрофирма «Алтын сапа» сыйлығының алғашқы жеңімпазы атанған. 2016 жылы халықаралық «Сала көшбасшысы» атағын иеленіп, «Үздік мал шаруашылығы кәсіпорны» алтын медалімен марапатталған.

Агрофирма жыл сайын өнер мен спортты дамытуға 46 млн теңге қаржы бөледі. Мұндай қолдаудың нәтижесінде родиналық спортшылар да толайым табыстарға қол жеткізіп келеді. Ауыл құрамасы аудандық «Ақ бидай» спартакиадасының 20 дүркін жеңімпазы атанған. 

Осылайша, атағы алысқа кеткен, жетістігі мол, береке-бірлігі жарасқан ауыл мен агрофирмаға сапарымызды аяқтадық.

2011 жылы «XXI ғасыр ауылы қандай болмақ?» деген сауалға жауап іздеп, «Родинаға» экспедиция жасаған едік. Арада 15 жыл өткен соң сол ауылға қайта оралып, оның тыныс-тіршілігімен танысып, жетістіктерін өз көзімізбен көріп, ой түйіп қайттық.

Мұнда  цифрландыру жүйесі де жолға қойылған. Ауылдың тыныс-тіршілігі мен жетістіктерін толық баяндауға бір газет беті емес, тұтас бір басылымның өзі аздық етер. Біз жазғанымыз – көргеніміз бен көңілге түйгеніміздің бір парасы ғана.  «Родинаның» басты байлығы – оның зәулім ғимараттары мен өндіріс орындары ғана емес, береке-бірлігі жарасқан халқы, еңбекті бағалайтын ортасы. Иван Сауэрдей білікті басшының жетекшілігімен ауыл өркендеу жолынан жаңылмай, болашаққа нық қадам басып келеді. Сондықтан оны «XXI ғасыр ауылы» деп мақтанышпен атауға әбден лайық.

 

Дахан ШОГШИР

 

23.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29782
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29336
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46561
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42140
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46912