Дәстүрлі экспедициямызға сәт сапар!

Дәстүрлі экспедициямызға сәт сапар!

Елді көркейту жолындағы Қазақстан Республикасының 

Президенті Қасым-

Жомарт Тоқаевтың салиқалы саясатын қолдау бағытындағы дәстүрлі экспедиция Ақтөбе облысынан бастау алды. 

«Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен және «Әділет» партиясы, «ЕлАна» сайтымен бірлескен дәстүрлі экспедициясы бар екенін оқырмандарымыз біледі. Аталған экспедиция аясында жыл сайын еліміздің әр өңірін аралап, ауыл тұрғындарымен жүздесіп, олардың тыныс-тіршілігімен танысып, түйткілді мәселелерін көтеріп, елді мекендердің әлеуетін танытуға үлес қосып келеміз. 

Дәстүрлі экспедиция аясында «Qazaqstan dauiri» халықаралық  қоғамдық-саяси  газетінің  бас директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы ат басын Ақтөбеге тіреді. 

Сапар мақсаты – өңірдің тыныс-тіршілігімен танысу, ауылдардың даму қарқынын зерделеу, ел ішіндегі игі бастамаларды насихаттау және тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асу.

Алдымен экспедиция жетекшісі Сәуле Мешітбайқызын Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қабылдады. Кездесуде ел болашағы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және экспедицияның негізгі мақсаты мен міндеттері талқыланды. Сондай-ақ ауылдардың тыныс-тіршілігін таныту, ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеру және игі бастамаларды насихаттау бағытындағы баспасөздің рөлі сөз болды. 

Кездесу барысында Ақтөбе облысы мен «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газеті арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға басымдық берілді.

Цифрлық дәуірдегі ауыл: 

мүмкіндік пен міндет

– Биылғы экспедицияның мақсаты айқын. Ол –  ел өміріндегі оң өзгерістерді көрсету, еңбек адамдарының жетістіктерін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және цифрлық технологиялардың ауыл тіршілігіне ықпалын зерделеу. Өйткені ауыл – ұлттың алтын бесігі, ұлттық болмысымыздың қайнар көзі, елдігіміздің тірегі. Ауылдың әлеуетін арттыру, ондағы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, жастарға мүмкіндік туғызу – мемлекет дамуының маңызды бағыттарының бірі.

Бүгінде цифрландыру мен жасанды интеллект қоғам өмірінің барлық саласына еніп келеді. Бұл үдерістен ауыл да шет қалмауы керек. Заманауи технологияларды ауылшаруашылығында тиімді пайдалану, білім беру мен медицина салаларына цифрлық шешімдерді енгізу, кәсіпкерлікті дамыту – ауылдың жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына ықпал етеді. Сонымен бірге ұлттық жадты сақтау, ана тілі мен дәстүрді ұлықтау, жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру де өз маңызын жоғалтпайды, – деді Сәуле Мешітбайқызы. 

С.Мешітбайқызының айтуынша, экспедиция барысында ауылдардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне назар аударып қана қоймай, елді мекендердің ертеңіне де үңілу қажет. Туған жерін түлетіп жүрген азаматтардың еңбегін көпшілікке танытып, ауылдағы игі бастамалар мен өзекті мәселелерді көтеру де – экспедиция мақсаты. Өйткені ауылдың өркендеуі – елдің өркендеуі. Ал цифрлық дәуірдегі ауылдың дамуы ұлттық құндылықтармен сабақтасқанда ғана ұлт болашағының жарқын көрінісіне айналады.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ауылдың дамуы мен елді мекендердің әлеуетін арттырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ауылды өркендету үшін инфрақұрылымды жақсартумен қатар, тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ашып, еңбек адамдарының бастамаларына қолдау көрсету қажет. Цифрландыру дәуірінде ауылшаруашылығына заманауи технологияларды енгізу, жастардың білім алуына жағдай жасау және ұлттық құндылықтарды сақтау да маңызды міндеттердің қатарында.

Сонымен бірге Ақтөбе облысы әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. Соның ішінде Мемлекеттік басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Сонымен бірге өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер, инвестиция тарту, ауылшаруашылығын қолдау, инфрақұрылымды дамыту, автомобиль жолдарын жөндеу, елді мекендерді газбен қамту және тұрғын үй құрылысы бағытындағы жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларындағы атқарылып жатқан істерге, халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Өңірде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар, өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту туралы да айтылды. Соның ішінде байланыс желілерін кеңейту, 5G технологиясын енгізу және өңірлік сараптамалық платформаны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мағлұмат берді. 

Биыл Ақтөбе облысының 274 елді мекені мобильді интернетпен қамтылған. Биыл Елек, Ақсу, Байжанкөл және Дмитриевка ауылдары интернет желісіне қосылды. Бұдан бөлек, былтыр OneWeb спутниктік жүйесі арқылы 24 шалғай ауыл интернетпен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде ауыл тұрғындарын интернетпен қамту деңгейі 98,8 пайызға жетті. Жыл соңына дейін тағы сегіз елді мекен қосылса, көрсеткіш 99,6 пайызға дейін артпақ.

– Цифрлық инфрақұрылым – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сапалы интернет білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, инвестиция тарту және мемлекеттік қызметтердің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жүргізе береміз, – деді облыс әкімі. 

Асхат Шахаров ауыл өмірін кеңінен насихаттап, ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеруде бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, дәстүрлі экспедицияның жұмысы ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып, өңірдің жетістіктерін танытуға және шешімін күткен мәселелерге қоғам назарын аударуға мүмкіндік бермек. 

 

Ауылдың әлеуеті – 

ұлттың байлығы

Бұдан соң экспедиция жетекшісі Сәуле Мешітбайқызы «Әділет»  партиясының облыстық филиалы басшысы Қазыбек Әлішевпен кездесті. Кездесуде экспедицияның мақсаты мен міндеттері, ауылдардың тыныс-тіршілігін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өңірдің дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. 

– Бірнеше жылдан бері дәстүрлі экспециямызды ұйымдастырып, ауыл-елді аралап келеміз. Бұған дейін «Ауыл аманаты», «Ауыл – алтын бесігі» бағыттарымен жұмыс істеп, ауылдың тыныс-тіршілігін, ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтердік. Өйткені ұлттың мықты азаматтары ауылдан шыққан. Мен экспедиция барысында ұлттық құндылықтарды үнемі басты назарда ұстаймын. Себебі ұлттық құндылық – тәрбиенің қайнар көзі. Бүгінде ұлттық болмысымызды сақтау, ұрпақ санасына сіңіру мәселесі ерекше маңызды.

Биылғы экспедицияның негізгі бағыттарын да осы мақсатпен сабақтастырдық. «Цифрлық Қазақстан», «Таза Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» бастамаларын ұлттық құндылықтармен ұштастырып, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Ауыл – ұлттың алтын бесігі, ел болашағының тірегі. Сондықтан экспедиция барысында ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігін ғана емес, ұлттық рухын, дәстүрін, ел болашағына қосып отырған үлесін де көрсетуге тиіспіз, – деді Сәуле Мешітбайқызы. 

Облыстық филиалдың жаңа төрағасы болып жақында ғана сайланған Қазыбек Әлішевтің айтуынша, бүгінде партияның облыстық филиалы құрамында 36 мыңға жуық адам бар. 

Кездесуде ауылға халықты тұрақтандыру, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, ауылда да қаладағыдай жағдай жасау, цифрлық мүмкіндіктерді ауылға тарту секілді тақырыптар да айтылды. Қазыбек Әлішевтің айтуынша, ауылға халықты тарту үшін, ең алдымен, тұрғындардың тұрмысын жақсартып, кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасау керек. 

– Бұл ретте «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы зор. «Әділет» партиясында ауыл бизнесінің түрлі бағыттарын дамытуға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру жобасы жүзеге асырылып жатыр, – деді Қ.Әлішев. 

Ауылды түлетудің бір жолы – жерді тиімді пайдаланып, халықты еңбекке тарту. Бүгінде игерілмей жатқан жер де, ауылшаруашылығына қажетті мамандарға деген сұраныс та бар. Сондықтан жерді еңбек адамдарына қолжетімді етіп, ауылға кәсіби мамандар мен жастарды тартуға жағдай жасау қажет. 

– Ауылда жұмыс пен тұрақты табыс болса ғана халықты сонда тұрақтандыра аламыз. Ауыл мәселесі – әлі де өзекті. Кей облыстарда халық сиреп, ауылдар бос қалуда. Газетімізде бұл мәселені, соның ішінде солтүстік өңірлердегі елді мекендердің тағдырын талай көтердік. Алдағы экспедицияларда да ауыл тақырыбына басымдық береміз. Өйткені ауыл көркеймей, ұлт көркеймейді, – деді С.Мешітбайқызы. 

 

Сапалы ұлт сапалы 

мектептен басталады

 

Ақтөбеге сапарында С.Мешітбайқызы облыс орталығындағы мектептерге, колледждерге де бас сұқты. Білім ордаларының ұжымдарымен кездесіп, білім сапасы, ұрпақ тәрбиесі тақырыбында келелі әңгімелер өткізді. 

«Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қазыбек Әлішев пен «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы Ақтөбедегі «Ақбөбек» халықаралық мектебі мен Aqbobek Lyceum ұстаздар қауымымен кездесті. Кездесу барысында ұлттық құндылықтар, білім саласындағы өзгерістер және өскелең ұрпақ тәрбиесі туралы мазмұнды әңгіме өрбіді. 

Ұлт болашағын қалыптастырудағы мектеп пен ұстаздың рөлі талқыланған тағылымды жүздесуде Сәуле Мешітбайқызы мектеп ұжымына жылы қабылдауы үшін ризашылығын білдірді. 

– Бүгінгі таңда мемлекеттік мектептердің де, жекеменшік білім ошақтарының да жауапкершілігі өте жоғары болуға тиіс. «Ақшасын төлесе болды, бағасын қойып береді» деген ой болмауы керек. Бізге білімді де талапшыл мұғалімдер, сапалы оқу орындары керек. 

Бүгінде білім саласына жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Әрине, жасанды интеллект – заман талабы, одан қашып құтыла алмаймыз. Дұрыс, мектептерге ЖИ технологияларын енгізу керек, бұл даму үшін қажет. Бірақ мұның екінші жағы да бар. Мысалы, пышақты алайық. Оны дұрыс қолдансақ, пайдасын көреміз, күнделікті тұрмыста қажетімізге жарайды. Ал теріс мақсатта пайдалансаң, адамға зиян келтіруі мүмкін. Жасанды интеллект те дәл сол сияқты.

Мені қазіргі балалардың өз бетімен еңбек етуге құлықсыздығы қатты толғандырады. Жасанды интеллект баланың орнына ойланып, оның орнына тапсырма орындап беретін құралға айналмауға тиіс. Ең бастысы – баланың өзі оқуы керек, өзі ізденіп, кітап оқып, ойлау қабілетін дамытуы керек. ЖИ тек көмекші құрал болуы тиіс, ал негізгі салмақ баланың өз еңбегінде болғаны абзал. Сондықтан жасанды интеллектіні дұрыс пайдаланып, оқушыларға оның мүмкіндіктері мен жауапкершілігін түсіндіруіміз керек. Цифрлы Қазақстанның болашағы үшін бұл өте маңызды. Өйткені әлем күн сайын өзгеріп жатыр.

Сондықтан экспедицияның негізгі бағыттарының бірі ретінде осы мәселені алға қойдық, – деді Сәуле Мешітбайқызы.

Бұл ретте С.Мешітбайқызы балаларға газет-журнал оқу мәдениетін қалыптатыру қажеттігін айтты, себебі баспасөзге жақын бала кітапқа да жақын болады. Сондықтан мектептер ұжымы балаларға газет-журналға жазлдырып, балалар шығармашылығын басылымдарда жариялауға күш салса деді. 

«Ақбөбек» халықаралық мектебінің құрылтайшысы Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, білім ордасында балалардың 80 пайызы – қазақ тілінде, 10 пайызы – орыс тілінде, 10 пайызы ағылшын тілінде оқиды екен. 

– Мектебіміз 2020 жылы ашылды. Сол жылы дәлізбен келе жатқанымда, балалардың бәрі маған орысша «Здравствуйте!» деп амандасатын. Ал қазір мектепке кірсеңіз, балалардың бәрі қазақша сәлем береді. Оларға ешкім «Қазақша амандасыңдар, қазақша сөйлеңдер» деп талап қойған жоқ, ұрысқан да емес. Бұл – уақыт өте келе табиғи қалыптасқан үрдіс. Бұл мені қатты қуантады. Биыл екі орыс сыныбын ашуды жоспарлаған едік. Алайда сұраныс жыл сайын азайып келеді. 

Қазіргі заманда балаға білім беру оңай емес. Әсіресе жасанды интеллект пен әлеуметтік желілер кең тараған кезеңде оқушының қабілетін ашу, оны қоғамдық ортаға тарту, түрлі іс-шараларға қатыстыру көп еңбекті талап етеді, – деген Күлпаршын Айдарханова «Ақбөбек» халықаралық мектебі мен Aqbobek Lyceum ұжымы мен оқушылары «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетімен және «Мөлдір бұлақ»  журналымен тығыз байланыс орнататынын айтты. 

Ақтөбеге сапарында С.Мешітбайқызы Ақтөбе педагогикалық колледжінің ұжымымен, білім алушыларымен кездесті. Басқосуда білім беру саласының өзекті мәселелері, ұстаз мәртебесі, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жайы сөз болды. Сондай-ақ қазіргі цифрландыру дәуірінде жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде тиімді пайдалану, білім алушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне назар аударылды. Ұстаздың бала тәрбиесіндегі рөліне тоқталған С.Мешітбайқызы жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, олардың тұлға ретінде қалыптасуына бағыт-бағдар берудің маңызын атап өтті.

Кездесу барысында білім алушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алмасты. Еркін форматта өткен жүздесу болашақ мамандарға кәсіби міндеттерін терең түсінуге, ұстаздық мамандықтың жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік берді.

– Ұстаздар тек балаға білім беріп қана қоймай, оның тұлға болып қалыптасуына, болашақ мамандығын таңдауына да ықпал етеді. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, қабілетін ашу, өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар беру – үлкен жауапкершілік. Мұның бәрі ұстаздың білімі мен тәлім-тәрбиесінің арқасында жүзеге асады. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық, – деді С.Мешітбайқызы. 

 

P.S. Ақтөбедегі кездесулер мен жүздесулер дәстүрлі экспедицияның негізгі мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін таныту, ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеру, игі бастамаларды насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу екенін айқындай түсті. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылдарды интернетпен қамту, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мәселелері өзара сабақтас екені аңғарылды.

Экспедиция жетекшісі Сәуле Мешітбайқызының облыс басшылығымен, партия өкілдерімен және білім беру ұйымдарының ұжымдарымен кездесулері ауылдың бүгінгі жағдайын ғана емес, ертеңгі даму бағытын да зерделеуге мүмкіндік берді. Әсіресе цифрлық технологияларды енгізу барысында ұлттық болмысты сақтау, жас ұрпақтың өз бетінше ойлау қабілетін дамыту және еңбекке баулу мәселелерінің маңызы айқын көрінді.

Ауылдың дамуы тек инфрақұрылыммен немесе интернеттің қолжетімділігімен өлшенбейді. Ең бастысы – тұрғындардың тұрақты табысы, сапалы білім мен медициналық қызметке қолжетімділігі, жастардың туған жерінде болашағын құруына мүмкіндік болуы. Ал осы өзгерістер ұлттық құндылықтармен сабақтасып, халықтың игілігіне қызмет еткенде ғана нәтижелі болмақ.

«Qazaqstan dauiri» газетінің дәстүрлі экспедициясы аясында газетіміздің алдағы сандарында Ақтөбе өңірі туралы мақалалар топтамалары жарияланатын болады. 

М.ТАБЫН, 

Ақтөбе облысы

 

14.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28608
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28121
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45437
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41090
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45747