Баксшы болу арманы еді

Баксшы болу арманы еді

Қайтпас қайсар ұлан

 

Досжаным  кішкене күнінен-ақ спортқа бейім болып өсті. 3-сыныптан бастап көркем гимнастика және акробатикамен әуестенді. Оған циркте жұмыс істейтін Абай деген бапкер ағайы сабақ беріп жүрді. Доскен үйірмеге 4-5 айдай қатысып, бір күні: «Мама, мен енді ары қарай жалғастыра алмайтын шығармын», – деді. «Неге балам?» – деп едім, қабағын түйіп: «Басында 20 шақты бала едік, бәрі қиыншылыққа шыдамай кетіп қалды. Қазір топта 3-ақ баламыз. Енді ағай бізді таратамыз деп отыр», – деді. Әдейі көрейінші деп сабағына қатынастым. Жаттығулары күрделі екен. Абай ағайлары да тым қатал-ақ. Қолында цирктегі секілді таяқшасы бар, жаттығуларды дұрыс істемесе, аяқтарына салып қалады екен. Кейінірек тағы бір бала шығып кетіп, 2-ақ бала қалды. Ақыры үйірмелері жабылды. Мен ұлымның сол кездегі төзімділігіне таңғалдым. Жоғарғы класта оқып жүргенде Досжанның  ықыласы бірден боксқа ауып кетті. Мектебінде үйірмесі болмағандықтан, бұрынғы Халық шаруашылығы институтындағы спорт залға студенттермен бірге қатысып жүрді. Ерінбей-жалықпай үйден қашық болса да, аязды түндерде жаяу барып келетін.

– Балам-ау, түнде қорықпайсың ба, ең болмаса автобусқа отырсаңшы, – десем:

– Жоқ, мама, мен үйге дейін жүгіріп келем, маған сол пайдалы, – дейтін. Кейде: 

– Доскен, осы боксты тастасаң қайтеді, өмірде соққыдан  миы шайқалып жарымжан болып қалған спортшылар аз ба? – дейміз.

– Әй, мама-ай, қызықсыздар, спорт менің өмірім, келешегім емес пе? – дейтін. Мен Досжанның осындай сөздеріне таңданып қалушы едім. Базарға бара қалсам, ылғи маған еріп алатын. «Мама, мен зат көтерісуге көмектесейін, саған ауыр көтеруге болмайды ғой», – деп. Екеуіміз базар аралап жүрсек, көзі міндетті түрде спорт жабдықтарын сататын бөлімге түсетін. «Мама, ақша артылса ана нәрсені әпересің ғой?» – деп сол жерден айналшықтап шықпай қоятын. Досжанға бокс қолғабын, шлемін, «тісін», орауышын, т.б. заттарын сатып әпердім. Ондай кездерде: «Көкем екеуің не деген кеңпейіл  жандар едіңдер!» – деп бізге риза боп қалатын.

 

Спорт жұлдыздарына 

қатты еліктеп өсті...

 

Досжан үйірмеге 2 жыл барды. Соңғы жылдарында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына барып, жасөспірімдер арасында өтетін жарыстарға қатысып, жанкүйер боп жүрді. Ерінбей велосипедімен 3 күн қатарынан барғаны есімде. Бірде Республика сарайында өткен Бекзат Саттархановты еске түсіру кешінде болып, зор әсермен келді: «Білесіңдер ме, мен Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Ермахан Ибрагимов, Мұхтархан Ділдәбеков сынды ағаларымды, қазақтың тірі батырларын көрдім! Олармен амандасып, қастарына отырдым», – деді мақтанып. Боксшы ағаларынан қолтаңба алыпты. Билеттің қымбат екендігіне қарамай көкесі екеуі «Арман» кинотеатрынан атақты боксшы Мұхаммед Әли жөніндегі фильмді көрді. Әңгімелерін бізге біраз уақытқа дейін айтып, тауыса алмай жүрді. Доскен бокстың «жолбарысы» атанған Василий Жировқа еліктеп, соны пір тұтатын. Ермахан, Бекзат, Мұхтархан, Маик Тайсон, Мұхаммед Әли, Василий Жиров, Константин Цзью сияқты спорт жұлдыздарының суреттерін жинап, бір дәптерге альбом жасап жүретін. Олардың өмірі, жетістіктері туралы әдемі журнал, газеттерді жинағанды сүйетін. Жазуға дәптер алса, міндетті түрде сыртында боксшылардың суреті барын сатып алатын.

  Талабы зор еді Досжанның! Ылғи ауыз жаппай: «Мама, менің атақты боксшы болғым келеді. Келесі жылы 9-сыныпты бітірсем, спорт мектебіне оқуға түсем. Сосын кейін жеке мектеп ашып, қазақ балаларын боксқа баулитын бапкер болғым келеді. Шіркін, Жиров, Бекзаттар сияқты әлемді аузыма қаратқан жұлдыз болсам ғой!» – дейтін. «Боласың балам, боласың,  әркез талабыңа нұр жаусын, тек ерінбе!» – деп біз де оны қолдап, қанаттандыратынбыз. Биыл ауланы цементтеп, жөндеу жұмыстарын жүргізгенбіз. Сөйтсек, Доскен жолға үлкен әріптермен «БОКС» деп ойып жазып қойыпты. Жазғы каникулы басталысымен үлкен сөмкесіне бокс қолғаптарын, шлемін, формасын, футбол добын, ракеткасын, т.б. асай-мүсейлерін толтырып салып алып Талдыбұлақта тұратын апасы мен атасының ауылына тартады. 

– Доскен-ай, бұларды қайтесің жүк қып, тастасаңшы, –  десек: 

– Ой, қызықсыздар, мама, ол жерде де мен боксты тастамай шұғылдануым керек, спортшы болу үшін көп күш жинау керек емес пе? – дейтін. Өзі айнаға қарап іні-қарындастарына: 

– Міне, көрдіңдер ме, менің бұлшық еттерім өсіп қалыпты, үнемі спортпен шұғылдансаңдар, сендер де осындай боласыңдар! – деп білектерін көрсетіп қоятын. Осының әсері ме, басқа балалар қысы-жазы тұмауратып жүргенде Досжаным бір ауырмайтын. Үйдегі ең салқын бөлмеге жатып алып, өзінің кішкене «көшпелі теледидарын» қойып, көбіне спорт хабарларын тамашалайтын.   

Бірде шырт ұйқыда жатыр едік Доскеннің: «Көке, көке, тұршы, Жиров пен Гонзалестің жекпе-жегі болып жатыр, көріңдерші!» – деген дауысынан оянып кеттік. Сағат 12 боп қалған екен, ағасы Жайсаң, көкесі үшеуі одан түнгі 3-ке дейін көрді. Әйтеуір, ертесіне сабағына кешікпей тұрып кетті. 

Осы жаз Досжан қатты өзгерді. Балалық мінездері қалып, салмақтанып, ойы мен бойы өсіп, жігіт боп кетті. Әншейінде «қалада түк қызық жоқ» деп каникул біткенше ауылда жүретін балам, бұл жолы оқу басталардан 1 ай бұрын ерте келді. 

– Мама, көке, ауылда жүріп жылда менің туған күнімді тойлай алмаймыз, жақында 15-ке толам ғой, атап беріңдерші. Тек өтінерім: қонаққа үлкен кісілерді шақырыңдаршы, – деді қиылып. Біз ойланып қалдық. Неге өйтті екен? Әлде ол үлкендердің батасын алғысы келді ме?  

Содан 9 тамыз күні көкесі Доскенді дүкенге ертіп апарып, сыйлыққа бейне аппаратура сатып әперді (былтыр өз қалауымен велосипед алып бергенбіз). Досжанның туған күні жақсы өтті. Ауылдан атасы, туған-туыстар келді. Келген қонақтарға Доскен өзі сатып алған боксшылар туралы бейнетаспаны айғайлатып қойып көрсетумен болды. Міне, осындай іс-әрекеттерінен, мінез-құлықтарынан-ақ  Досжанның бокс десе ішкен асын жерге қоятынын, оны қатты жақсы көретінін байқауға болады. 

8-сыныпта оқып жүргенінде қасындағы балалармен әңгіме-сұхбат жүргізіп, өзі журналист боп сұрақтар қойыпты. Мысалы: «Өскенде кім болғың келеді? Ең қымбат нәрсең не?» деген сияқты. Өзі: «Мен әлемге танымал боксшы болғым келеді. Ең қымбаттым – Анам» деп жауап беріпті. Осының бәрін магнитофон таспасына жазыпты. Кім білсін, кейін дауысымды мамам сағынғанда тыңдап жүрсін дегені ме екен? Әйтеуір баланың қиялы ұшқыр ғой, неше түрлі нәрселерді ойлап тауып жүреді.

 

Ол спорт деген 

сиқырлы 

әлемге ғашық болатын

 

Біз Досжанның болашағынан үлкен үміт күтетінбіз. Оның келешекте мықты спортшы болып арманына жететініне кәміл сенетін едік. Өйткені Доскеннің талабы өте күшті болды. Бірақ оның саналы да өнегелі жас ғұмыры жанбай жатып сөніп қалды. Туған күнінен 1 ай өткенде көшеден өтіп келе жатып кездейсоқ машина қағып кетті. Екі күн ауруханада ес-түссіз жатып, ұлым бірауыз «мама!» деген сөзге де келе алмай, бұл жалған дүниеден қайтып кете барды. Оның дүниеге келгені, өмір сүргені көрген түстей болып қалды. 

Бұл 2002 жылдың  14 қыркүйек айы еді.  Сол күні Доскен маған жұмысқа телефон соқты: «Мама, сені күтіп алайын ба? Заттарың ауыр емес пе?» – деп. Ертесі кішкене ұлым Нұржанның 5-ке толатын туған күні еді. «Жарайды, балам, күтсең күтіп ал», – дедім. Троллейбустан түссем, ол Шаляпин көшесінің бойында велосипедімен мені әрі-бері жүріп күтуде екен. Екеуміз жол-жөнекей дүкенге соғып, жайбарақат әңгімелесіп үйге келдік. Сөйтсек, бұл ұлымыз екеуміздің соңғы дидарласуымыз екен ғой... Дәл сол күні кешке одан айырылып қаламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кіріп пе?

Досжан спорт деген сиқырлы әлемге ғашық, өмірге іңкәр бала еді. Мен ұлымның 15-ақ жыл аз ғана ғұмырының кейбір көшекезер, бұзақы балалар сияқты бекер, мәнсіз өтпегеніне шүкіршілік етемін. Сабағын да жақсы оқып, мектепте тәртіпті, үйде еңбекқор бала болды. Кішіге қамқор боп, үлкендерді «ағай, апай» деп сыйлайтын. Жас та болса өзін ересектердей байсалды ұстап, артына жақсы атын, жарқын ісін қалдырып кетті. 

Доскен жат әдеттерден аулақ болды. Жөнсіз телефонмен сөйлеспейтін, анда-санда достарынан қысқа ғана сабақ сұрайтын. Мектепте өтетін ойын-сауықтарға да бара бермейтін. Теледидардан керекті хабарларын көріп, үй шаруасын тындырып, үйірмесіне барып, сабағына дайындалып отырады. Кешке сағат 10 жарым болғанда еш нәрсеге қарамай қатаң режиммен төсегін салып, жатып қалады. Ертесі 7-де ешкімді әурелемей, ақырын ғана тұрып, шайын ішіп, сабағына кететін. 

Көшеде балалар алысып-жұлысып ойнап жатса, Досжан оларға қосылмайтын, өзімен-өзі оқшау жүретін. Құдай сездірді ме екен, бұрын бастауыш кластарда оқыған №140 мектеп-гимназиясына, №128 орта мектебіне жүгіріп барып келіпті. Мүмкін қоштасқысы келген шығар. «Мама, мен өзімнің 1-5 сыныптарда оқыған мектептеріме барып, көріп келдім. Бәрі бәз-баяғыша екен, тек мұғалімдеріміз өзгеріп кетіпті», – деп келді. 

Айтпақшы, Досжан көкесі екеуі апталық «Ана тілі» газетіне өтініш хат жазыпты: «Бізде жасөспірімдерге арналған спорт үйірмелері жоқ. Мектепте оқушы балаларға арналған бокс, каратэ, киг-боксинг, қазақша күрес сияқты үйірмелер жүргізілмейді. Оны ашуға мектептің жағдайы жоқ. Сондықтан біз спорт сарайына, студенттердің спорт залына баруға мәжбүр боламыз. Олар үйден қашық, әсіресе қыста түнде қайту қиын. Жолда келе жатқанда бұзақы балалардың ұрып кетуі, тонауы т.б. сияқты жағдайлар жиі кездесіп тұрады. Сіздерден өтінеріміз біздің осы мұңымызды тиісті орындарға жеткізіп, бір шара қолдансаңыздар екен».  

Доскен: 

– Мен  16-ға толып, кәмелеттік жасқа келем. Сосын, мама,  келер жылы құжат алсам, 9-сыныпты бітірген соң спорт мектебіне оқуға түсем! – деуден жалықпайтын. Әттең, осыған, ол арманына Доскенім жете алмады. Оның арманы Алатаудай асқақ та биік еді! 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

10.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26500
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25931
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43327
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39123
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43730