Азаматтық қоғам туралы көп нәрсе айтуға болады. Азаматтық қоғам құрған мемлекеттер демократияда белсенді, экономикалық жағдайлары да жоғары. Себебі азаматтық қоғам - әділетті қоғамның бастамасы. Жалпақ тілмен айтсақ азаматтық қоғам – мемлекеттік емес құрылымдар (ҮЕҰ, кәсіподақтар, ассоциациялар) арқылы азаматтардың мүдделерін қорғайтын, билікке тәуелсіз, ерікті өзін-өзі басқару жүйесі. Бұл саланың негізгі мақсаты — әлеуметтік бастамаларды іске асыру, құқықтық мемлекетті нығайту және қоғамдық бақылау орнату.
Былтыр ХІІ Азаматтық форум қарсаңында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елордада үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында министр кейінгі уақытта ҮЕҰ мен салалық министрліктердің басшылары арасында онға жуық кездесу өткенін атап өтті. Сондай-ақ жиында азаматтық қоғамды дамыту саласындағы өзекті мәселелер, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен іске асырылып жатқан жобалар мен іс-шаралар талқыланды.
Бұл байланыс азаматтық қоғамды толғандыратын бірқатар өзекті мәселе бойынша нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді. Министрдің пікірінше, бүгінгі жиын азаматтық сектормен әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
– Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы серіктестікті арттырудың маңызын атап өтіп, ҮЕҰ туралы заңнаманы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың критерийлерін жетілдіруді тапсырды. Осы мақсатта министрлік құрамына өңірлік сарапшылар мен азаматтық сектор өкілдерінен тұратын жұмыс топтарын құрды, – деді А.Балаева.
Министрдің айтуынша, алдағы ХІІ Азаматтық форум қоғамдық институттардың қызметін жаңғыртуға және азаматтық қоғамның дамуына жаңа серпін бермек. Сондай-ақ А.Балаева азаматтық қоғаммен біте-қайнасқан, өзара бірлескен іс-қимыл дамудың шешуші тетігі екенін атап өтті.
– Біз әрдайым сындарлы диалогке мүдделіміз, өйткені қоғамдағы өзекті мәселелердің барлығы тек ашық әрі өзара құрметке негізделген диалог арқылы шешіледі. Расында, бір проблема шешілсе, алда жаңа мәселелер туындайды. Сол себепті диалог үзілмеуге тиіс. Қуантарлығы, бүгінде қоғамда мұндай өзара түсіністік пен ашық пікір алмасу бар. Біздің бүгінгі кездесуіміз осы байланысты нығайтып, кеңейте түсетініне сенімдімін. Алдағы 15-16 қазанда өтетін Азаматтық форумның сапалы әрі мазмұнды болғаны маңызды. Форум барысында жүйелі мәселелерді талқылап, нақты шешімдер қабылданады деп сенеміз. Бүгінде Азаматтық альянс мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы серіктестікті нығайтуда маңызды рөл атқарып отыр. Бұл ұйым мемлекеттік құрылымдармен институционалды деңгейде өзара әрекеттесіп, үлкен жұмыс атқарып келеді, – деді А.Балаева.
Сондай-ақ министр қазір біздің басты міндетіміз дәстүрлі азаматтық форумды сапалы ұйымдастыру екенін де атап өтті.
«Қазақстанның Азаматтық альянсы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева мемлекет пен қоғам жұмылған жұдырықтай серіктесе әрекет еткен жағдайда тұрақты даму болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде еліміз азаматтық қоғамның мықтылығына бұрынғыдан да көбірек мұқтаж болып отырған көрінеді.
– Өйткені алда тұрған реформаларды мемлекет жалғыз өзі жүзеге асыра алмайды. Әрбір үкіметтік емес ұйым өз саласына қарай реформалардың жүргізушісі әрі халыққа түсіндірушісі болып отыр. Аймақтарда өткен азаматтық форумдардың жартысына жуығы өңір әкімдерінің қатысуымен өтті. Бұл – үлкен ілгерілеу. Бұрын ұйым өкілдерімен кездесулер арнайы шақыру арқылы өтсе, қазір жергілікті билік өкілдері өздері келіп, бастама көтеріп отыр. Бұл – қоғамның шынайы серпілісі. Президенттің алға қойған стратегиялық міндеттері тек мемлекеттік органдарға емес, бүкіл елге ортақ. Егер біз дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылғымыз келсе, үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналу жолында бәріміз бірігуіміз керек. Бұл оңай шаруа емес, бірақ азаматтық сектор бұл бағытта үлкен көмек көрсете алады, – деді Бану Ғаниқызы.
Атап айтар болсақ мемлекетіміз азаматтық сектормен өзара қарым-қатынасты жобалық әріптестік арқылы нығайтып келеді. Бүгінде ҮЕҰ – әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруда негізгі серіктес. Елімізде жыл сайын ҮЕҰ-мен 2000-нан астам бірлескен әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр. Олардың саны артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда, жобалардың жалпы саны 41%-ға, гранттық жобалар 33%-ға өсім көрсетті. Халық арасында ерекше сұранысқа ие жобалар келесі салалар бойынша жүзеге асырылуда: әлеуметтік осал топтарды қолдау – 726 жоба, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау – 290 жоба, қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту – 232 жоба, білім, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу – 140 жоба, азаматтардың денсаулығын сақтау – 100 жоба. Бұл жобалар білім беру, инклюзивті қоғам құру, жастардың әлеуетін дамыту саласында маңызды нәтижелерге қол жеткізді.
Мысалы елімізде гранттық жобаларды жүзеге асыру аясында 500-ден астам жұмыс орны құрылды. 670 шағын грант арқасында белсенді азаматтар мен шағын ұйымдар өз бастамаларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды. 100 мыңнан астам адам оқу шараларына қатысты, ал 2000-ға жуық ҮЕҰ әдістемелік және кеңестік көмек алды. Халықтың әртүрлі топтарына көмек көрсету үшін 20 мыңнан астам волонтер дайындалды. 1,2 миллионнан астам адам, соның ішінде 15 мың ерекше қажеттіліктері бар адам әлеуметтік көмек алды. 120-дан астам мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмысқа орналасуға көмек көрсетілді.
4405 ауыл тұрғыны өз аумақтарын басқару процесіне қатысуға белсенді түрде тартылды.
Жергілікті қауымдастықтың әртүрлі мәселелерін шешу үшін 36 жаңа бастамашыл топ пен ҮЕҰ құрылды.
2026 жылғы басты жаңалықтардың бірі – 5 стратегиялық жобаның жүзеге асырылуы. Бұл жобалар азаматтық қоғамды дамытуға, волонтерлік қызметті қолдауға және әдеби шығармашылықты ілгерілетуге бағытталған. Аталған жобалар шеңберінде стратегиялық әріптестікті жүзеге асыру үшін Азаматтық қоғамды дамыту орталығы және Ұлттық волонтерлік фронт-кеңсесі ұйымдастырылды. Мұндай жобалардың ерекшелігі – олардың ауқымдылығы мен стратегиялық маңыздылығында. Олар ағымдағы міндеттерді шешумен қатар, ұзақ мерзімді перспективада тұрақты негіз қалыптастыруға арналған.
Азаматтық қоғамды қолдау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды басымдығы болып қала береді. Ауқымды бағдарламаларды іске асыру, қаржыландыру көлемін арттыру және азаматтық бастамаларды қолдау халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, азаматтық қоғам институттарын нығайтуға, олардың әлеуеті мен әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлін арттыруға мүмкіндік береді.














