Ауыл шаруашылығын жаңғырту – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі

Ауыл шаруашылығын жаңғырту – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында ауыл шаруашылығына зор міндет жүктелді. Мемлекет басшысы қаражат көлемінен бұрын оны тиімді пайдалану керектігін айтты. 

Ақмола өңірінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 242,7 млрд теңге бөлінген, оның 63,3 млрд теңгесі – қайтарымсыз субсидиялар. Қаржы өсімдік пен мал шаруашылығын, инвестиция мен техниканы қолдауға бағытталған.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде көктемгі және жазғы дала жұмыстары уақытылы атқарылып, биыл 7 млн тоннаға жуық өнім жиналмақ. Майлы дақылдардан 650 мың тоннадан астам өнім алынды. Ет өндірісі 6 пайызға, сүт өндірісі 4 пайызға өсіп, жалпы азық-түлік өнімі 166 млрд теңгеге жетті. Салаға 60,5 млрд теңге инвестиция тартылды.

Ауыл шаруашылығы құрылымдары 1 400-ден аса техника алып, материалдық базасын нығайтты. Жалақы 26 пайызға өсіп, 310 мың теңгеге жетті. Алдағы мақсат – ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есеге арттыру. Ол үшін дақылдарды әртараптандыру, майлы дақылдар көлемін 603 мың гектарға жеткізу, жаңа технология енгізу, элиталық тұқым үлесін 15 пайызға ұлғайту жоспарланған.

Ақмолада Қытайдың «Далянь» компаниясымен бірлесіп астықты терең өңдейтін зауыт салынып жатыр. Құны – 1,8 млрд доллар, қуаты – жылына 3 млн тонна. Сонымен қатар 963 млрд теңге болатын 86 инвестициялық жоба іске аспақ. Нәтижесінде ет, сүт, жұмыртқа өндірісі айтарлықтай өседі. Суармалы жерлер көлемі 2,7 есеге артып, азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды.

Өңірдегі «Родина» және «ТНК» агрофирмалары толық өндірістік цикл құрып, тиімді жұмыс істеуде. 2022 жылдан бері пайдаланылмаған 759 мың гектар жер мемлекетке қайтарылып, оның басым бөлігі қайта айналымға енгізілді.

Мемлекет басшысы белгілеген мақсаттарға жету үшін салаға тартылған инвестициялар мен жаңа технологиялар ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге жол ашады.

Осы ретте ауыл шаруашылығын дамыту, ет өндіруді арттыру және шетелдік өнімдерге тәуелділікті азайту жөніндегі Президенттің бастамаларына қатысты маман пікіріне құлақ асып көрсек. Мәселен саясаттанушы Қазбек Майгелдинов ауыл шаруашылығы саласына қатысты Мемлекет басшысының сын-ескертпелерін саланы түбегейлі өзгертуге бағытталған маңызды сигнал деп атады. 

«Президент биылғы Жолдауында аграрлық сектордағы қазіргі ахуалды «айтуға ұят» деп бағалады. Расында, табиғи байлығы мол, кең-байтақ жері бар Қазақстан өзін ғана емес, өзге елдерді де сапалы азық-түлікпен қамтуға әбден қауқарлы. Алайда бүгінгі таңда еліміз шетелден миллиардтаған долларға азық-түлік әкеліп отыр. Тіпті Аргентина сияқты алыс мемлекеттерден ет импорттау – біздің әлеуетімізге сай келмейтін жағдай», дейді саясаттанушы.

Мемлекет басшысы осыған байланысты жауапты министрлікке агробизнесті нақты қолдау жоспарын әзірлеуді және қаржыландыру тетіктерін айқындауды тапсырды. Бұл – ауыл экономикасын қайта жандандыруға бағытталған нақты әрі орынды қадам. Президент, сонымен қатар ішкі нарықты толық ет өнімдерімен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Шынында, мал шаруашылығын жүйелі дамытсақ, өз қажеттілігімізді өтеп қана қоймай, көршілес елдерге де экспорт көлемін арттыруға мүмкіндігіміз бар.

«Менің кәсіби пікірімше, нарықтағы ет бағасын қатаң бақылаудан босату қажет. Мемлекет бағаның өсуін тежеп отыр, бірақ бұл тәсіл ауыл еңбеккерлеріне тиімсіз. Мал шаруашылығымен айналысу – жеңіл іс емес: жем-шөп, техника, еңбек күші – бәрі шығын. Егер баға нарық талабына сай қалыптасса, шаруалар еңбегінің өтеуін көрер еді. Әрине, бұл шешім көпшілікке ұнамауы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді дамуға жол ашары анық. Көрші елдерде ет әлдеқайда қымбат, сондықтан біздің өнімді арзан сатуға еш негіз жоқ», дейді ол.

Президент Еуразиялық кеңістіктегі сауда қатынастарының әділ жүргізілуін талап етті. Бұл – өте өзекті мәселе. 

Қ.Майгелдиновтің айтуынша, соңғы уақытта ірі сауда желілерінде ресейлік азық-түлік өнімдері айтарлықтай көбейген. 

«Мәселен, бұрын жергілікті «3 желания» майонезін табу оңай болса, қазір оның орнын импорт басып отыр. Мұндай жағдай отандық бизнестің дамуына үлкен соққы. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл бағыттағы талаптары әділ әрі дер кезінде көтерілген деп санаймын.

Президенттің бұл сын-ескертпелері – жай мәлімдеме емес, нақты іс-қимылға шақыру. Ендігі жауапкершілік – саланы басқарып отырған министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың мойнында», дейді белгілі саясаттанушы.

Жалпы, халық үміт күтіп отырған ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының берік тірегі екенін ұмытпауымыз қажет.

 

Сағадат Бақытбек

 

 

19.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20123
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19955
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35076
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33651
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37479