Алапат ашаршылықты жоққа шығарушылар кімдер?

Алапат ашаршылықты жоққа шығарушылар кімдер?

Дмитрий Верхотуровтың «Казахский Геноцид» которого не было» деген кітабының қаны сорғалаған кешегі Қызыл империяның қылмысын жаба тоқығысы келетіндігі тақырыбынан көрініп тұрған жоқ па? Біздің үнемі кешігіңкіреп жүретін тарихшыларымыздың үндемегенін пайдаланғысы келген болу керек, бәзбіреулер отызыншы жылдардағы сұмдық ашаршылықты жоққа шығаруға аттандап шықты. 

Мысалға өткен айдың 18 тамызында «Купол Юрты Youtube» арнасында «кто пишет нашу историю?» деген сұхбат пайда болды. Бұл сұхбатқа Наталья Асеева деген біреу алапат ашаршылыққа күмән келтіріп, сөз саптапты. Сұхбатта бірнеше тақырып қамтылған. Олар: «Миллиондаған құрбан туралы дерек қайдан шықты?» «Ашаршылықта шын мәнінде қанша адам қырылған?» және «Қазақ геноциді». Асеева деген өзінше білгірсініп «миллиондаған адам қаза тапқан жоқ» деп кесіп-пішіп, ойын ортаға салды. Сүйенгені сірә жоғарыдағы күмәнді кітап екендігі айқын. «Бұл санға сол кездері шетелдерге босып кеткендерді қосқан болуы керек» депті шешен білгішсініп.

Біздіңше, бұл шешенсымақ осы тақырыпты зерттеп жүрген қазақ тарихшыларының еңбектерін оқымаған тәрізді. Қазақ тіліне тісі батпаса, шетелдің тарихшыларының еңбектерін қарап алса, мұндай үстірт ой айтпаса керекті. Басқа-басқа, осы мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп, жазып жүрген тарихшы Талас Омарбековтың еңбегін неге оқымаған?  Ол 1931-33 жылдардағы аштықта 2,3 млн қазақ қырылды деп нақтылап жазған. 1991-92 жылдары ашаршылықты терең зерттеген қосымша парламенттік комиссия да ұлтымыздың жартысына жуығы осы әдейі, қасақана ұйымдастырылған ашаршылықта жойылып кеткенін растайды. Рас, осы ашаршылық кезінде миллионнан аса адам шетелдерге босып кетті. Тарихшыларымыз оны да жоққа шығарған емес. 

Ашаршылықтың негізгі себептері де аз жазылып жүрген жоқ. Тәркілеу, зорлықпен ұжымдастыру, неше түрлі миға сыйғысыз салықтарды салу... Ең бастысы қазақ халқының басты қорегі төрт түлік малды құрту. Сол зобалаңдардың алдында қазақ елінде 40 миллионнан аса мал болған дейді. Ал 1933 жылдары оның 4-ақ миллионы қалған. Ғалымдар бұл зұлымдықтарға «геноцид» деп нақты баға берген. Осы ашаршылықты тоқтатуға «Бесеудің хаты» біздіңше нақты дәлелдердің бірі. 

Ашаршылықты жоққа шығару оларға не үшін қажет, біз осыған түсінбей далмыз. Әйтпесе олар ашаршылыққа дейінгі және кейінгі қазақтың санын неге есепке алмайды? Сондай-ақ олар 1921 жылғы ашаршылықты тіптен есіне алмайды. Қалай болғанда да қызыл империяны қорғаушыларға біздің тарихшыларымыз нақты дәлелдермен қарсы шығып, олардың ауыздарына қақпақ қоюы тиіс деп ойлаймыз.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

17.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27717
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27219
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44567
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40284
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44892