Жауабы дайын сұрақ дерсіз. Өйткені, барды бар, жоқты жоқ деп айтудың еш қиындығы болмас. Әрбір адам уақытша жұмыссыз қалуы ықтимал, бірақ еңбексіз қалудан Құдай сақтасын! Нарық заманында азын-аулақ бизнес құрып, яғни өзін еңбекпен қамтыған, кәсібінен несібе теріп жүргендер баршылық. Олардың саны уақыт талабына қарай жыл сайын көбейіп келеді. Ізденіп, мемлекет тарапынан да тиісті қолдау алып жатқандар аз емес. Алайда істеген ісіне, тындырған шаруасына мән-мағына беретіндер сирек. Бірсыпыра жан атқарып жатқан жұмысын маңызды деп санамайды.
Мәселен, көгал шаруасымен айналысып, гүл суарып жүрген кісі қаланы көрікті етумен бірге, тұрғындарды эстетикаға, табиғи үйлесімге баулиды. Көлік жуушы тазалыққа шақырады. Қыры мен сыры мол бұл кәсіп иелері де өз орнын байыптауды артық санайды. Әйтпесе, айнадай етіп тазалау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондай-ақ көлік жөндейтін бекеттерде техника тілін меңгерген ұсталар “алтын қолымен” адамдарға қаншама қуаныш сыйлайды десеңізші. Солардың арқасында қажетті қозғалыс, пайдалы тасымал бір сәт те толастамайды.
Яки болмаса түп-тамырын бағзыдан алатын курьер, пошта қызметі де халық сұранымын өтеуде рөлі зор.
Қорыта айтқанда, адамзатқа, қоғамға қажет сан мың қызмет, кәсіп түрі халық санасын өзгертуге, мәдени қарым-қатынасты дамытуға елеулі ықпал ететіні сөзсіз. Мұны осы қызметтерді ұсынатын маман және оны пайдаланатын жұрт түсініп, қадірлегені абзал.
Өйткені, өкінішке қарай, халықтың басым көпшілігі оны күнкөрістің, яғни нан табудың, табыстың көзі деп қана біледі.
Нәпақа үшін жүргендіктен өзгені ойлауға көп маманның, жұмыскердің мұршасы да келе бермейді.
Шын мәнінде, қоғам мүшелері кәсіпсіз, жұмыссыз қоғамның өздігінен дами алмайтынын түсінсе, кеудеде қанағат, мақтаныш сезімі орныға түсер еді.
Ол үшін жұмысшы, қызметкер еңбегі қоғамда әділ бағалануы керек. Кәсіби біліктілігі ескеріліп, шеберлігіне сай табысын көбейту - әуелі еңбек өнімділігіне, түсетін пайдаға, сонан соң жұмыс берушіге тікелей байланысты. Ал, кез келген жұмысты, қызмет орнын, кәсіпті қадірлеуді жастарға үйрету - аға буынның абыройлы міндеті деп санаймыз.
Міне, сонда еңбек адамының мәртебесі де жоғары болады.
Біздіңше, елімізде еңбекті әділ бағалау жүйесін жетілдірудің маңызы күннен күнге артып келеді. Сондықтан осынау көкейкесті мәселеге қатысты арнайы ғылыми-практикалық зерттеулер жүргізген жөн. Айталық, жекелеген салаларда басшы мен қосшыға бекітілген кесімді жалақылардың айырмасы жер мен көктей, бірнеше еседен асып жығылатыны жасырын емес. Мұны реттеуді де уақыт талабы деп санаймыз.
Әйтпесе, қазір жастардың көпшілігі жоғарыдағы сұраққа “жұмыс жоқ” деп қысқа қайырады. Дұрыс жауабы - “жалақысы мардымсыз жұмыстар көп, ал менің арманым - лайықты табыс табу”. Шынтуайтына келсек, қазіргі жастардың арманына мүмкіндігі сай келмей жатады. Әлеуметтік желіде насихатталатын жартылай жарнамалық мақсаттағы қызмет көрсету түрін, бақуат тұрмыс-тіршілікті, жеке табыс тарихын сол күйінде шындық деп қабылдайды. Өкінішке қарай, өмірде мүлдем басқаша болып жатады. Соның кесірінен олар кейде қиял қуып, тез баюдың өзге жолдарын іздеп әуре-сарсаңға түседі. Нәтижесінде босқа сандалып жүруден басқа амалы қалмайды.
Бұдан төмендегідей қорытынды жасауға болады. Үлкен жолдың алғашқы қадамнан бастау алатыны жөнінде, кез келген зәулім ғимарат бір кірпіштен, кез келген қалың кітап бір сөйлемнен басталатыны жайында, тиыннан теңге құралатыны туралы әңгіме жастардың ортасында аз айтылады. Бұл мәселе мүлдем талқыланбайды деуге болады. Еңбек етіп, табыс табуда олар өнеге тұтатын, үлгі алатын тұлғаларды көбірек, жиірек көрсете алмай жүрген жайымызды да мойындауға тиіспіз. Ал, ондай нәтижеге қол жеткізген замандастарымыз елімізде, оның іші-сыртында, әр түрлі салада баршылық.
Жастарды опындыратыны - хакім Абайдың даналығында айтылғандай, өнер, білім іздеп, табыс табудың кілті өзіңде болған кезде қолды мезгілінен кеш сермеу. Сондықтан жұмыс іздеуден бұрын өкінбейтін жол іздеген жөн. Өйткені, қайран уақыт, қайран жастық ғұмыр тоқтамайды, қайырылмайды.
Тез өте шығады.
Дархан МЫҢБАЙ














