Ғаламтор байланысының қарқындай түсуі, цифрлық технологиялардың жылдам дамуына ілесе киберқылмыс мәселесі де өзекті орынға шыққаны мәлім. Біздің елімізде терроризмге, экстремизмге, сыбайлас жемқорлыққа, есірткі бизнесіне және т. б. қарсы іс-қимылдың бір саласы ретінде киберқылмыстармен күрес саласы да жедел дамуға өтті. Бұл мәселеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратура қатарлы құзырлы мекемелердің үлесі зор екені даусыз. Сөз басында айтқанымыздай, аталған қылмыстармен күрестің бір саласы – киберқылмыстармен күрес болып отыр.
Яғни ғаламтор бетінде басталатын қылмыстар. Мұнда құзырлы органдардың бақылауы қазақстандықтар жиі қолданатын Facebook, Instagram, TikTok, YouTube, Telegram-дағы ашық арналар және т. б. желілерде тұрақты мониторинг жүргізіліп тұрады. Мұнда кілт сөздер, хэштегтер және белгілі бір тақырыптар бойынша автоматтандырылған іздеу жүйелері пайдаланылады. Бұдан бөлек азаматтардың арыз-шағымдары немесе басқа мемлекеттік органдардан түскен ақпараттар да жіті бақылауға негіз болады. Егер қандай да бір қылмыстық іс қозғалар болса, онда сот санкциясы немесе заңда көзделген тәртіппен қосымша цифрлық дәлелдер жиналады.
Ғаламтор желісіне болған бақылау қызметі елімізде 2000 жылдардың ортасынан бастап қолға алына бастады. 2009 жылы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, интернет-ресурстар кейбір мәселелер бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілді. Бұл интернет-контентке қатысты құқықтық бақылауды арттыра түсті.
2011-2016 жылдары экстремизм мен терроризмге қарсы заңнамалар бірнеше рет күшейтілді, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар бойынша қылмыстық істер жиілей бастады. Ал 2016 жылдан кейін цифрлық мониторинг мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейіп, арнайы бөлімшелердің жұмысы белсендірек жүргізіле бастады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі контентті бақылау мен тергеу тәжірибесі одан әрі күшейді. Осының нәтижесінде көптеген қылмыстардың беті ашылып, кінәлілер жауапқа тартылып, қоғам қауіпсіздігі орныға түсті.
Жақында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі 2026 жылғы сәуір-мамыр айларында ҰҚК тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар туралы ақпаратты жария етті. Онда нақты дәлелдермен қылмысы дәлелденген 13 адамның әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілгені айтылған.
Бұлардың қатарында Астана қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттап, айналасындағыларды террористік белсенділік аймақтарына шығуға үгіттеген. Бұл азамат сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Екіншісі, Шымкент қаласының тумасы айналасындағыларды Қазақстанда теократиялық мемлекет құруға шақырып, терроризм идеяларын таратқан. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.
Осы кезеңде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында осындай қылмыстар жасады деген күдікпен 11 адам, оның ішінде 2 шетелдік және шетелден экстрадицияланған 3 Қазақстан азаматы ұсталған. Олар ғаламторда және өз айналасында экстремистік материалдарды таратқан. Террористік белсенділік аймақтарына шығуға және өздерінің ұстанымдарымен келіспейтін адамдарға қатысты зорлық-зомбылыққа шақырды деген күдікке ілінген.
















