Ұлттық өнердің жаһандық жорығы

Ұлттық өнердің жаһандық жорығы

 «Алатау» дәстүрлі өнер театры үшін шығармашылық тұрғыдан да, халықаралық мәдени байланыстар тұрғысынан да 2025 жыл ерекше белестерге толы болды. Дәстүрлі өнерді жаңғырту, ұлттың төл мәдениетін кеңінен насихаттау, заман талабына сай жаңа бағыттарды игеру жолында театр ұжымы мазмұнды жобаларды жүзеге асырып, еліміздің бірнеше өңірінде және шетел сахнасында ұлттық өнердің мерейін асырды.

Атап айтатын болсақ Біржан салдың шығармашылығынан сыр шертетін «Теміртас» реквиемі сахналанды. «Теміртас» реквиемі Біржан салдың соңғы күндері мен шығармашылығының маңызды кезеңдерін бейнелейді. Сондай-ақ қазақ халқының қаймағы бұзылмаған әндері мен оның философиясы терең ашылып, дәстүрлі өнерге сусаған көрерменнің күдікті ойын сейілтті. Біржан салдың шығармашылығы қазақ ән өренінің қазынасы саналса, оның ішіндегі «Теміртас» әні сал-серісінің мәңгілік мұрасы. «Теміртас» арқылы біз Біржан салды тек ақындық және әншілік қырынан ғана емес, адамдық болмысы жағынан да танып-білеміз. Режиссер салдың боямасыз тағдырын көрсету арқылы, қазақ халқының бүгінгі мен ертеңіне деген толғанысын да жеткізуге тырысқан. Мәселен, қойылымда домбыраны сындырып, соңында жоғары қоятын көрініс бар. Бұл жаһандану заманындағы сырттан келген мәдениет пен ұлттық өнеріміздің арасындағы тартысты бейнелеуі деп ұғынсақ болады.

Гастрольдік сапарлар – ұлттық өнерді өңірлерге жеткізген ауқымды жұмыстарға жалғасты. Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен 2025 жылдың сәуір мен маусым айлары аралығында театр Алматы, Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Абай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласын қамтыған ауқымды гастрольдік сапар ұйымдастырды. Барлығы 42 қойылым сахналанып, әр өңірдегі көрермен қауым театр өнерпаздарын зор қуанышпен қарсы алды.

Алматы облысындағы Нарынқол, Кеген, Шонжы, Шелек, Жаркент, Есік, Қонаев, Қаскелең, Мыңбай сынды елдімекендерден бастап, Жетісу өңірінің Талдықорған, Текелі, Сарқан, Балпық би, Сарыөзек сияқты аймақтарындағы қойылымдар аншлагпен өтті. Балаларға арналған «Әгугай мен Игигай» ертегілік қойылымы жас көрермендердің айрықша ықыласына ие болды.

Сыр елінде Қызылорда, Шиелі, Жаңақорған аймақтарындағы қойылымдар да ерекше әсер қалдырды. Түркістан мен Шымкент қаласындағы өнер сапары қазақы салт-дәстүрмен көмкерілген «Алтыбақан», «Айман-Шолпан», «Әгугай мен Игигай» қойылымдарымен толықты.

Театрдың барлық қойылымдары – жанды дауыста, 20-дан астам ұлттық аспапты меңгерген «Алатау» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен өтті. Сонымен қатар, труппа құрамында кәсіби би ансамблі, дәстүрлі әншілер, ақындар мен жас актерлер өнер көрсетті.

Гастрольдік сапар Абай облысы мен Шығыс Қазақстанда жалғасын тапты. Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры өнер ұжымын салтанатты түрде қарсы алып, «ALATAU FM РАДИОСЫ» музыкалық комедиясы көрерменге ұсынылды. Қойылым барлық жасқа ортақ мерекелік көңіл-күй сыйлап, ұлттық тәрбие мен адами құндылықтарды насихаттады.

Өскемен қаласында да өнерпаздар ерекше қошеметке ие болды. Екі театр арасында мәдени ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, шығармашылық байланысты жаңа деңгейге көтерді. 

Халықаралық сахнадағы үлкен жетістік

2025 жылдың ең маңызды жетістіктерінің бірі – театрдың «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектаклінің ТМД елдерінің V Жастар театр форумында көрсетіліп, А.П. Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестиваліне ресми түрде шақырылуы болды. Шілденің 8–9 күндері Мәскеудегі Моссовет атындағы театр сахнасында отандық өнер биігін көрсетті. Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай тұсауы кесілген бұл қойылым – өзінің сахналық формасы мен режиссерлік шешімдері арқылы ерекшеленеді. Қойылымның режиссері – отандық жас толқын режиссерлерінің бірі, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ТЮРКСОЙ-дың «Түркі әлемінің үздік режиссері» Фархад Молдағали.

Д.Ә.Абаев, Ресей Федерациясындағы Қазақстанның Төтенші және өкілетті елшісі: – Осындай әлемге белгілі, беделді А.П. Чехов атындағы фестивальге қатысып, өздерінің теңдесіз өнерлерін паш еткен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымына ерекше алғысымды жеткізгім келеді. Еліміздің мәртебесін көтерген қойылым болды. Өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді осындай өнер туындыларымызбен мәдениет саласында көрсетіп отыруға біз әрқашанда қолдау білдіруге дайынбыз. Бұл режиссердың және театр ұжымының үлкен еңбегі. Көрермендердің сіздерге деген ыстық ықыласын көрдіңіздер. Қойылым өте сәтті өтті деп айта аламыз. Театр ұжымы болашақта да үлкен жетістіктерге жетіп, әлемдік деңгейде қазақ мәдениетін таныта беріңіздер дегім келеді. 

Сонымен бірге, театрдың «Steppes Rhapsody» қойылымы әлемдегі ең ірі театр алаңдарының бірі саналатын «Авиньон OFF» фестивалінде сахналанып, қазақтың көне дәстүрлері мен мәдениетін халықаралық қауымға паш етті. Бұл қойылымда «Алатау» театрының әсем үні мен терең биі қазақ халқының тарихын сөйлетті. Ата-бабаларымыздың қанымен сіңген көшпенділік рухы, ұлы даланың кеңдігінен туындаған айқындық сахнада терең әрі мол сезімдермен орындалды. Қойылымның алғашқы сәті — «Шаман биі» мен «Ақсақ құлан» күйінің әуендері халықтың терең философиясы мен тарихи санасын бейнелей отырып, көрерменді бірден өз әлеміне тартып әкетті. Домбыраның күмбірі, қобыздың сызды үні қазақтың өткен дәуірін, оның мәңгілік тіршілігін көрсетті.

Фестивальдің Co-President-і Арольд Давид қойылымды жоғары бағалап, оның әлемдік деңгейдегі маңызын атап өтті. 

Арольд Давид – фестивальдің Co-President

Мен француз қауымына қазақтың қазіргі заманғы өнерін танытып, еліміздің бай шығармашылық әлемі жайында терең түсінік беру үшін осы ұлы өнердің алауын жағып, қойылымды ұсындым. Біздің фестивалімізде жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 2000-нан аса театр майталмандары қатысып, түрлі қойылымдарды таңдап, өз өнер сарайларында көрсету үшін оларды өз бағдарламаларына қосады. Бұл фестиваль — шығармашылық алмасу, кездесулер мен кәсіби тәжірбие бөлісу алаңы. Осылайша, мен сіздердің шығармашылығыңыздың жүрегіне терең үңіліп, оны болашақтағы гастрольдер мен фестивальдерде қазақтың өнерін көруге ынта танытатын көпшілік табады деп үміттенемін. Біз мәдениеттерді өзара алмасу мен халықаралық диалог аясында жұмыс істеп, өзара түсіністік пен байланысты нығайту үшін осындай шынайы кездесулерді қажет етіп отырмыз.

Республика күні аясындағы халықаралық мәдени шаралар да театр жетістігін еселеді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық мерекесі – Республика күніне орай Эстония астанасы Таллин қаласында өткен мерекелік концертте «Ұлытау» этно-рок тобы өнер көрсетіп, қазақ музыкасын еуропалық көрерменге танытты.

Бұл – қазақ өнерінің жаһандық кеңістіктегі мәртебесін көтерген ірі жетістіктердің бірі. Халықаралық білім және кәсіби даму бағытында 2025 жылдың 24 маусымы мен 4 шілдесі аралығында театрдың 15 қызметкері Малайзияның Куала-Лумпур қаласында кәсіби біліктілігін арттырды. Бұл – театрдың халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.

Жыл қорытындысында театр қызметкерлерінің еңбегі жоғары деңгейде бағаланды. Мәдениет қызметкерлері күніне орай Алма Аманжолова Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 47 жылдық еңбек өтілі бар костюмер Сағымкүл Қарабалина мен ақын, драматург, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан Алматы қаласы әкімінің Алғыс хатына ие болды. Республика күні қарсаңында Сағызбай Қарабалин «Парасат» орденімен, ал Инара Аубакирова «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің VII мәрте ұйымдастырылған «Сыншылар жүлдесі – 2025-те» Әділет Таменов «Теміртас» спектаклі үшін «Драма спектаклінің жыл хореографы» номинациясын жеңіп алды. Ал «Алатау» дәстүрлі өнер театры «Республикалық гастрольдік сапарлар» бағыты бойынша 1-орын иеленсе, балаларға арналған «Әгугай мен Игигай» ертегісі 7 637 көрермен жинап, 4-орынға ие болды.

Жыл соңында театрда тағы бір маңызды шығармашылық бастама қолға алынды. Режиссер Мейрам Хабибуллин дайындаған «Қайран Абай» спектаклі көркемдік кеңестің қарауына ұсынылып, мақұлданды. Қойылым қазақ руханиятының темірқазығы Абайдың тұлғасын заманауи сахнада жаңа қырынан танытуға бағытталған. Аталған спектакль мен жоспардағы «Қорлан» қойылымы көрерменге алдағы премьераларда жол тартпақ.

2025 жыл «Алатау» дәстүрлі өнер театры үшін шығармашылық өрлеу жылы болды. Театр: ұлттық өнерді аймақтарға кеңінен насихаттады, халықаралық фестивальдерде Қазақстан мәдениетін жоғары деңгейде танытты, жаңа қойылымдармен репертуарын толықтырды, кәсіби серіктестік аясын кеңейтті, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді басты мақсат еткенін нақты істерімен дәлелдеді.

Орталық Азиядағы жалғыз дәстүрлі өнер театры ретінде «Алатау» алдағы уақытта да ұлттық өнерді әлемге танытып, рухани жаңғырудың жарқын үлгісі болуды жалғастыратыны сөзсіз.

Ардақ Беркімбай

 

23.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21371
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21154
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36377
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34750
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38725