2025 жылғы 17 шілдеде Әзербайжанның халық ақыны Бақтияр Вахабзаденің 100 жылдық мерейтойына орай Әзербайжан Жазушылар одағының «Натаван» клубында ғылыми конференция және ақын шығармашылығын насихаттауға арналған арнайы таныстырылым өтті. Іс-шара Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі және Әзербайжан Жазушылар одағының бірлескен ұйымдастыруымен өтті.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі — Түркі мәдениеті және мұрасы қоры әзербайжан және түрік тілдерінде басып шығарған «Өзімізді кескен қылыш» кітабының тұсаукесері болды. Бұл басылым Бақтияр Вахабзаденің әдеби шеберлігін, сондай-ақ түркі дүниесіне арналған философиялық әрі ұлттық үндеуін ел есіне салатын шығарма ретінде бағаланды.
Мерейтойлық кеште сөз сөйлегендер қатарында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы, халық жазушысы Анар, еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор, драматург-жазушы Әли Әмірли болды. Сонымен қатар қонақтар қатарында Ататүрік орталығының директоры Низами Джафаров (Әзербайжан), халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қадырбек Құныпияұлы (Қазақстан), ақын-аудармашы Аднан Өзер (Түркия), филология ғылымдарының докторы, профессор Адхамбек Алимбеков (Өзбекстан), сондай-ақ Мажарстан, Молдова, Белорусь елдерінен келген арнайы қонақтар да қатысты.
Конференцияны Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова ашты. Ол «Бақтияр Вахабзаде шығармашылығында түркі әлемінің бірлігі» атты баяндамасында ақынның поэзиясынан көрініс тапқан жалпытүркілік идеялардың жастар арасында кеңінен оқылуының маңызын атап өтті. Вахабзаденің шығармашылығы тек Әзербайжан ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін ортақ әдеби әрі рухани мұра екенін айтып, мұндай басылымдардың түркі халықтары арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайтатынын жеткізді.
Шара барысында сөз сөйлеген қатысушылар ұлы ақынның түркі поэзиясында орнатқан рухани көпірлері, ана тілі мен ұлттық болмыс тақырыптарында құнды ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференцияға өнер мен әдебиет өкілдері, БАҚ журналистері, жас жазушылар мен қоғам белсенділері белсене қатысты. Бұл шара тек бір ақынның мерейтойы емес, бүкіл түркі әдеби кеңістігіндегі ортақ құндылықтарды дәріптеуге және өзара ғылыми-әдеби байланысты арттыруға арналған маңызды оқиға болды.