Бүгін Тоғызкент ауылының жұртшылығы дүбірлі тойдың куәсі болды. Таңсәріден басталған іс - шаралар салтанатты жиынмен жалғасын тапты. Алдымен келушілер мерекеге арналған қолөнер бұйымдарының және ауылшаруашылық көрмесін тамашалады. Алаңда спорттық ойындар ойнатылып, балуандар белдесті. Жүлдегер мен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан дипломмен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Марапатты аудан әкімі Сәкен Мамытовтың өзі тапсырды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, Тоғызкенттің тағылымды тарихына тоқталды. Ауылдың көркеюіне атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға "Тоғызкент ауылына 80 жыл" мерекелік төсбелгіні тақты. Мерекелік шарада облыстан келген өнерпаздар әннен шашу шашып, кештің көркін кіргізді.
Сонымен қатар, шара келелі әңгімелер айтылған конференциямен жалғасты. Конференциямыздың алғашқы сөзін Сарысу ауданының құрметті азаматы, ауданның тұңғыш әкімі болған Әбдіманап Көпбергенов ашып берді. Мұнан соң жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» Пернебай Дүйсенбин мен облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Казфосфат ЖШС кеңесшісі Батырбек Кулекеев те сөз сөйлеп, ауылдың тарихы туралы тағылымды ойларын ортаға салды.