Шығанақ Берсиев – Даңқты диқан

Шығанақ Берсиев – Даңқты диқан

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тары өсіруден әлемдік рекорд орнатқан ақ тарының атасы, даңқты диқан Шығанақ Берсиевтің туғанына 145 жыл толуына орай тарихи-танымдық, мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар өткізілді.  

Ойыл топырағында дүниеге келген Шығанақ Берсиев 1943 жылы гектарынан 201 центнер тары жинап, әлемдік рекорд жасады. «Ойылдың ақ тарысын» дүниеге танытқан еңбек майталманы – қазақ диқаншылығы тарихында мол өнім өсірудің озық үлгісін қалдырған тұлға. Бүгінде диқанның ерлігін ешкім қайталай алған жоқ. 

Той Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округтің орталығы Қаратал ауылында даңқты диқанның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаров Ш.Берсиевтің ұрпақтары, ауыл ақсақалдары және тұрғындармен бірге ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

– Қазақ «Еңбек ер атандырады» деп бекер айтпаған. Шығанақ атамыз – осы сөздің өмірдегі айқын дәлелі. Қарапайым диқанның қажыр-қайраты мен маңдай тері оны әлемге танытты.

1943 жылы әр гектардан 201 центнер тары жинап, дүниежүзілік рекорд орнатуы – ел басына күн туған ауыр кезеңдегі ерен еңбек ерлігі. Ол қара жерден несібе теріп, елдің ырысын еселеді. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев адал еңбекті дәріптеуге, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Шығанақ Берсиевтің өмір жолы осы басымдықтармен толық үндеседі. Өйткені елді өркендетіп, туған жердің байлығын еселейтін – адал еңбек. Біздің міндетіміз – ұлы диқанның мұрасын сақтау, тары шаруашылығын дамыту және оны Ақтөбе облысының брендтерінің біріне айналдыру. Біз Шығанақ Берсиевтің есімін ұлықтап қана қоймай, оның игілікті ісін жалғастыруымыз керек,– деді Асхат Шахаров.  

Бүгінде өңірде тарыны Ақтөбенің ауылшаруашылығы брендтерінің бірі ретінде таныту, тәжірибені жас ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтқан облыс басшысы Ш. Берсиев атындағы Қаратал орта мектебінде өткен  «Ата мұрасы – ұрпаққа аманат» атты тағылымды кездесуде ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға зор үлес қосып жүрген аудан еңбеккерлеріне құрмет көрсетті. Олардың қатарында мал, құс, егін, сүт шаруашылығымен айналысатын, кафе ашып, тұрғындарға қызмет көрсетіп отырған еңбек адамдары бар.  

Басқосуға Маңғыстау облысынан арнайы келген Шығанақ Берсиевтің тікелей ұрпағы Айшара Берсиева да қатысып, әулет тарихы мен ата мұрасы туралы әңгімеледі. 

Қаратал орта мектебінің бірінші қабаты этноауыл үлгісінде жасақталып, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер дәріптелді. Мұнда ғалым-дипломат, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы Серікқали Байменшенің «Жерде жанған жұлдыз» кітабының таныстырылымы өтіп, даңқты диқанның өмірі мен еңбек жолына арналған тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Келушілерге диқанның өнегелі жолы мен ауыл тарихына қатысты материалдар таныстырылды.

– Шығанақ – әлі зерттелмеген тұлға. Осы уақытқа дейін Шығанақты зерттейміз деп жүріп Шығанақтың өнімін зерттедік. Біздің зерттейтін адамымыз Шығанақ болуы керек. Себебі ол үлкен ой мен үлкен ақылдың адамы болған, – деді  ҚР құрметті журналисі Идош Асқар. 

Салтанатты іс-шара аудандық мәдениет үйінде өткен Шығанақ Берсиевтің туғанына 145 жыл толуына орай тарихи тұлғаның тағылымды мол өмір жолын танып-білуге, еңбек есімін ұлықтауға арналған «Еңбек даңқының биік тұлғасы – Шығанақ Берсиев» атты тарихи-танымдық іс-шарамен жалғасты. Аудан әкімі Сәкен Займолдин құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерейтоймен құттықтады. 

Баяндамашылар филология ғылымдарының докторы, профессор Серікқали Байменше, ақын Нұрлыбек Қалауов, өлкетанушы Нұрлан Жұмағалиевтер даңқты диқанның қарапайым еңбектен бастап, бүкіл елге танылған тарихи тұлғаға айналу жолын, оның ғылымға, ауылшаруашылығына қосқан өлшеусіз үлесін кеңінен баяндады. Іс-шара Шығанақ атамыздың еңбек жолынан сыр шертетін әсерлі театрландырылған қойылыммен аяқталды. Сахнада Шығанақ Берсиевтің балалық шағы, еңбектегі ерлігі мен даналығы бейнеленіп, көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Шығанақ тойына жиналған жұрт тарихи Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарларында үлкен ауылшаруашылық жәрмеңкесіне де барды. Ойыл ауданы бойынша атаулы жәрмеңкеге барлық ауылдық округ түгел қатысты. Әр округ өз ауылының ең сапалы өнімдерін әкеліп, сауда қатарларын толтырды. Сауда қатарларына сиыр, жылқы, қой еті, балық, қаз-үйректің еті саудаға шығарылды. Сонымен қатар картоп пен жуа, тұздалған өнімдер, жеміс-жидек ұсынылды. Тары-талқан мен құрм-майы, сүзбе мен ірімшік те қолжетімді бағада сатылды. 

Той  аясында қазақ күресінен облыстық турнир, тоғызқұмалақтан жарыс және волейболдан аудандық турнир өтті. Қазақ күресінен өткен облыстық бәсекеге аудан-аймақтың мықты палуандары қатысып, өзара күш сынасты. Нәтижесінде Ойыл ауданының өкілі Әмірбек Рахимов бірінші орынды иеленді. Тоғызқұмалақ жарысында да ойылдықтар қарсыластарын шаң қаптырды: ұлдар арасында ойылдық Қанат Бердіғалиев жеңімпаз атанса, қыздар арасында Гүлбаршын Сырлыбаева  үздік шықты. Ал волейболдан өткен аудандық турнирге Ойыл ауданының барлық ауылдық округтерінің командалары қатысты. Тартысты ойын қорытындысында Қаратал ауылының командасы бірінші орынға көтерілді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мадақтамалар, медальдар мен кубоктар табысталды.

Даңқты диқанның туғанына 145 жыл толуына орай өткізілген мереке Ойылдағы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы орталық саябақта өткен мерекелік гала-концертпен аяқталды. Онда Қанат-Светлана Айтбаевтар, Ермұханбет пен Асыл Махметовтер, Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының, Ойыл ауданының әншілері өнер көрсетті. Әуезді ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би  көрерменге керемет көңіл күй сыйлады. 

Шығанақ Берсиевтің туғанына 145 жыл толуына арналған той Ойыл ауданында даңқты диқанның еңбек мұрасын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа өнеге етуге арналды. Мерекелік іс-шаралар ауылшаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының басын қосып, ауданның тарихи-мәдени құндылықтарын, ұлттық дәстүрлері мен өнерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. 

М. ТАБЫН,

Ақтөбе облысы

 

16.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29529
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29089
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46334
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41931
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46670