Қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз халқымыздың мәдениеті мен дүниетанымы арқылы байқалады. Әрбір салт-дәстүр мен ырымдар, жоралғылардың мақсаты- үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, адам мен табиғат арасындағы үйлесімді сақтау, қысқасы қоғамдағы өзара сыйластықты нығайту болып табылады. Бұл дәстүрлердің бәрі халықтың өмір тәжірибесінен қалыптасқан тек тұрмыстық әдет-ғұрып қана емес, әлеуметтік, тәрбиелік және рухани қағидалардың жиынтығы.
«Бесік тойы». Оның қазақ тұрмысында алатын орны зор. Анасы сәбиіне «бесік жырын» айтып тербетеді. Негізінде бала бесікке көбінесе омыраудан шығып, аяғы шығып жүргенше жатады.
«Тұсаукесер» тойы. Бала аяғын қаз-қаз баса бастаған кезде, ата-анасы өмірде жолы ашық болсын деген ниетпен «тұсаукесер» тойын жасайды. Тұсауын елге сыйлы, абыройлы адамға ұқсасын деп кестірген. Сондықтан баланың алдына кітап, қамшы, машинаның кілтін қойып, сәби қай затқа қолын созса, болашағы сонымен байланысты болады деп ырымдаған.
«Сүндет тойы». Баланың жасы үш, бес, жеті сияқты тақ санға толғанда ұл баланы сүндетке отырғызады. Бұл ислам дінін қабылдағаннан бастап қазақ халқының мызғымас салтына айналған. Әке-шешесі баласын сүндетке отырғызғанда «балам мұсылман санатына қосылды» деп қуанады.
«Ашамай». Ердің ағаштан жасалған қарапайым түрі. Ол балаға лайықталып жасалады. Жуас атқа ерттеп, ашамайдың үстіне баланы мінгізеді. Аттан ауып құлап қалмас үшін екі аяғын байлап қояды. Тізгінді балаға ұстатып біреу атты алдымен арқан бойы жерге, онан соң одан да алысқа жетектеп отырады. Бала ашамайдан соң іле-шала «бәсіресіне» мініп, алғаш үйінен алысқа жолаушылайды. Сонда әке- шешесі бір малын сойып, «тоқым қағарын» жасайды.
«Құлағын тестіру». Бізде қыз баланың орны мен оның тәрбиесін өте жоғары қояды. «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөз де бар. Қыз баласы екі-үш жасқа келгенде қуыршақпен ойнап, үйшік-үйшік жасай бастайды. Міне сол кезден бастап қуанышты да қызық сәт – «құлағын тестіру» басталады. Халқымыз той жасап, қыз баланың өміріндегі алғашқы өзіне тән жеке қуанышын бөліскен.
«Ұлттық өнері». Осы аталған салт-дәстүрлермен халқымыздың ұлттық құндылықтары шектеліп қалмайды. Мәселен қазақтың «ұлттық өнерін» ерекше айтып өтуге болады. Халқымыздың өнер десе ішкен асын жерге қойып, баяғыдан ән мен күйге құмар болғаны бесенеден белгілі. Қай ата-ана болсын баласының өнерге жақын болғанын қалаған. Олар өнерлі баланы жақсы көріп, сүйкімді деп бағалаған. Қазақтың дәстүрлі ән мен күйі қазір де өз ізін жалғастыруда.
«Қазақ қолөнері». «Қазақ қолөнері» ұлттық құндылықтарымыздың бірі болып саналады. Қазақ халқы қолөнерінің тарихы туралы айтар болсақ, ежелгі дәуірден бері үнемі жаңғырып жаңару жолында келе жатыр. Әсіресе XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында қазақ халқының дәстүрлі қолөнері қатты дамып, өркендеді. Тіпті орта ғасыр саяхатшылары киіз үйге қатты таңғалып, ол туралы жазба қалдырып кетті.
«Ұлттық тағамдар». Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының тағы бір түріне «ұлттық тағамдарды» жатқызамыз. «Астан үлкен емессің» деп асты дәріптеп, нанды бәрінен жоғары қойған. Қазақтың жомарт кең дастарқаны арқылы қонақтарын күтіп құрметтеген. Мал шаруашылығымен айналысқан ата- бабаларымыз негізгі ас – ет пен сүтті қорек еткен.
Ұлттық киімдер. Халқымыздың ұлттық киімдері де ұлттық құндылықтарымызға арқау болады. Ұлттық киімдер ұлттық құндылықтардың бір бөлшегі болып саналады. Бізде мынадай ұлағатты сөз бар: «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі». Себебі қазақ халқының ұлттық киімдерін ұялмай мақтанышпен жарқыратып киюге болады. Ұлттық киімдер кез келген адамның ажарын ашып, сәнін келтіреді. Оның ешбір халықтан кем емес екені баршамызға аян. Ұлттық киімдерге шапан, қамзол, тақия, сәукеле, кимешек, бешпент, байпақ, мәсі, тағы да басқалары жатады. Халқымыз құрметтеген сыйлы адамдарының астына ат мінгізіп, үстіне шапан жапқан. Қазір де ұлттық киімдеріміз әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінің төрінде ілулі тұр.
«Ұлттық ойындар». «Ұлттық ойындар» баланы отансүйгіштікке, салауатты өмір сүруге және іс-әрекетке, адамгершілікке, ақыл-ойын жетілдіруге тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Дана халқымыз тұрмыс-тіршілікке байланысты туған ұлттық ойындарды бала тәрбиесіне, дене тұрғысының дамуына, сөздік қорының молаюына шебер ұштастырып пайдаланып отырған. Балаларға арналған ойындар тәрбие мәселесімен астасып, қазақ халқының ұлттық құндылықтарының біріне айналуда. Сондай-ақ жаппай халықтық сипат алған ұлттық ойындарымыз да бар. Бұған көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, тоғызқұмалақты, тағы да басқа ойындарын атап айтуға болады.
















