Қымыз иісі аңқыған Қарқара. Қымызмұрындық мерекесін дүркіретіп өткізді

Қымыз иісі аңқыған Қарқара.  Қымызмұрындық мерекесін дүркіретіп өткізді

Қаз-қатар тізіле күбі піскен ақ жаулықты арулар жайлаудың сәнін кіргізіп, сары қымызды сапырып, бір тоннадан аса дайындалған қымыз алыс-жақыннан келген қонақтардың шөлін басты. Кеген ауданы Қарқара жайлауында он мың адам қатысқан «Қымызмұрындық» мәдени шарасы мен «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі дүбірлі тойы халқымыздың кең пейілі мен қонақжай қасиетін тағы бір паш еткендей. Жайлау төріне жағалай тігілген алпыстан астам ақшаңқан үйлердің есігі айқара ашылып, көпшілік қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. 

Қымызмұрындық – қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрлерінің бірі, халықтың аузы аққа ілініп, малшы қауымы жаз жайлауға көшіп, бие байлап алғашқы ашытылған қымыздан дәм татып, қонақтарға ұсыну мақсатында өткізілген жиын. Бұл табиғатпен үндестікпен өмір сүрген көшпелі өмір салтының жарқын көрінісі. Қарқара жайлауы  әйгілі Қарқара жәрмеңкесі өткен, Ұлт-азаттық көтеріліс ошағы болған қасиетті мекен. Қымызмұрындықтың дәл осы жерде өтуі тарихи жадыны жаңғырту.

«Қымызмұрындық» фестивалін ресми түрде ашқан Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің жылы лебізін жеткізді: «Қымыз дайындау тек шеберлік емес, бұл – өмір философиясы. Бие байлау, қымызды ашыту, сақтау, келген қонаққа ұсыну – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрі. Біз бүгін баба аманатын орындау мақсатында заманауи технологияларды пайдаланып, қымыз өндірісі көлемін арттырып, оны сақтау, тасымалдау және сауда желілеріне жеткізу жолында еңбек етудеміз. Бүгінде Алматы облысындағы жылқы саны екі жүз алпыс сегіз мың басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда алты пайызға өсіп отыр», – деген құттықтауында.

Осынау игі дәстүр қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы киім түрлері мен әшекей бұйымдарын көрсетумен жалғасты, сонымен қатар суретшілердің, ауылшаруашылығы өнімдері мен техникаларының көрмесі көрсетіліп, спорттық сайыс, ұлттық ойындар ел назарына ілікті. Ең қызығы, зіл тасты көтеріп, ауыр арбаны сүйреп, бөренені иықпен көтерген Толағайлар, аттың үстінде мың қимылмен елді таңғалдырған қыз-жігіттер шараны қыздыра түскендей. «Толағай» алыптар сайысында 1 млн теңгені қанжығасына байлаған Арыс қаласынан келген Азамат Мақұлбеков пен осы уақытқа дейін 121 келі қошқарды 30 рет көтеріп, жеңісті қолдан бермеген жетісулық Айдын Нұғыманов талайды таңғалдырды.

Ұлттың дәстүрін дәріптеп, қазақ халқының мәдениетін ұлықтайтын іс-шараны екінші жыл қатарынан ұйымдастыруды қолға алған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өз ойын былай жеткізді: «Мұның астарында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мәдениетті көтеру, туризмді дамыту және ұлттық спортты насихаттау мақсаты жатыр. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» демекші, «Қымызмұрындық» та сондай бірігудің нәтижесінде жүзеге асатын шара. Бұған арнайы бюджет қарастырылмаған. Облыс әкімінің қолдауы, басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің алқалауы, инвесторлардың демеушілігімен ұйымдастырылды. «Жолан жүйрігі» атты бәйге мен ұлттық спорт жарыстары да осы шараның бір бөлігі. Жолан Омаров – Райымбек ауданының әкімі болған азамат. Ұлттық спорт түрлерін, әсіресе, бәйгені дамытуға ерекше үлес қосқан бауырымыздың рухына арнап, Қымызмұрындықпен бірге «Жолан жүйрігі» атты ұлттық бәйгесін өткізу де шараның маңызын арттырғандай. Бәйге жарысы Жолан Омаровтың ағасы және оның жолдастарының демеушілігімен жүзеге асты. Ал мәдени және спорттық шараларға қаржы басқармалар тарапынан қарастырылды. Бұл салт-дәстүрді насихаттайтын той ғана емес, шын мәнінде мағыналы жиын». 

Қымызмұрындық жай ғана бір шара емес, ол – ұлттық болмысты ұлықтаудың жарқын үлгісі. Қарқарадағы дүбірлі думан жұрттың жүрегіне қуаныш, кеудесіне мақтаныш ұялатты. Осындай шаралар арқылы біз ұлттық салт-дәстүрімізді әлемге танытып қана қоймай, келешек ұрпаққа рухани мұра қалдырып отырмыз.

 Салтанат БАКЕЕВА

 

30.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14861
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14759
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29906
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28525
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32085