Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинмен кездесті. Тараптар су саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, кадр даярлау бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Осы жылдың қыркүйек айында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Солтүстік Қытай су ресурстары және гидроэнергетика университетімен бірлескен білім бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қазақстандық студенттерге Қытайдың осы жоғары оқу орнында білім алу үшін гранттар бөлу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, Тараз қаласында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында Қытайдың «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжімен бірлескен оқу орталығын ашу мәселесі пысықталуда.
Еске салсақ, биыл мамыр айында қазақстандық су шаруашылығы саласы мамандарының алғашқы тобы Қытайға су ресурстарын басқару жүйелерін жоспарлау және іске асыру тәжірибесімен, сондай-ақ су нысандарын кешенді сауықтыру технологияларымен танысуға арналған семинарға аттанған болатын.

Семинар «Қазсушар» РМК мен Power China International Group Limited компаниясы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум, сондай-ақ ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Су шаруашылығы министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Барлық шығынды Қытай тарапы өз мойнына алды. Жалпы жыл соңына дейін көрші елде шамамен 200 қазақстандық маман білім алады.

Кездесуде Нұржан Нұржігітов Қытай елшісімен қытайлық компаниялардың Қазақстан аумағындағы су инфрақұрылымы жобаларын іске асыруға қатысу мүмкіндігін және трансшекаралық су ресурстарын бөлу жөніндегі келіссөздердің барысын да талқылады.

«Қазақстан мен Қытайды берік стратегиялық әріптестік байланыстырады. Біз өзара ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз және бүгінгі кездесу су ресурстарын тиімді басқару саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
ҚР Су ресурстары және ирригация
министрлігінің баспасөз қызмет
















