Қанабегін ұлықтаған жетісулықтар

Қанабегін ұлықтаған жетісулықтар

17 мамыр күні Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында Қазақстанның халық артисі, әнші-актер, режиссер, драматург, қазақ опера және балет театрының негізін қалаушылардың бірі Қанабек Байсейітовтың 120 жылдығына  орай Халықаралық кәсіби шеберлік байқауы өтті. 

Байқау-фестивальді Қанабек Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжінің ұжымы Жетісу облыстық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Қазақ музыка мәдениетінің озық үлгілерін жаңғырту, дарынды жасөспірімдер арасында жаңа есімдерді анықтап, қазақ, шетел композиторларының шығармаларын кәсіби деңгейде орындаған өнерпаздарға жол ашу байқаудың басты мақсаты болды.

Байқау шымылдығын колледж мақтанышы, жеке-дара лауреаттардан құрылған Халықтық атағы бар ұлт аспаптар оркестрі күймен ашты (дирижері – республикалық байқаулардың лауреаты, дирижер Медет Есбергенов). Ұлттық өнеріміздің көрнекті қайраткері, қазақ сахнасының тарланы Қанабек Байсейітовтың өмірі мен өнерін паш ететін «Құштар көңіл» атты деректі фильм көрсетілді (авторы – белгілі кинорежиссер, ҚР Мәдениет қайраткері  Ғазизхан Әділханов).

Алғашқы құттықтау сөзді Жетісу облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әли Солтанбеков алып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас өнерпаздарға табыс тіледі. 

Байқауға белгілі өнер қайраткерлері әділ қазылық етті. Атап айтқанда, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Вокалдық өнер» кафедрасының аға оқытушысы Махмұт Тойкенов, әнші-композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдоллаұлы, ҚР мәдениет қайраткері, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының аға оқытушысы, Жетісу мектебінің орындаушы өкілі Ерболат Шалдыбеков, Өзбекстан Республикасының Халық әртісі. Ташкент мемлекеттік консерваториясының профессоры. Халықаралық вокал байқауларының лауреаты Жамил Чаршемов, Мұқан Төлебаев атындағы колледж  директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі  Сайлауғазы Ахметов, ҚР «мәдениет саласының үздігі», Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Арнайы фортепиано» кафедрасының доценті Ботагөз Айгалкаева, Мәдениет саласының үздіктері Гүлжанат Каримова мен Гүлмира Смағұлова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Музыкатану және композиция» кафедрасының аға оқытушысы Шерхан Мұхамбетжанов т.б. Сондай-ақ,  әділ қазылар алқасында асылдың сынығындай болып Қанабек атасынан аумай қалған немересі – кәсіби музыкант, «Қазақстан Камератасы» мемлекеттік классикалық музыка ансамблі директорының орынбасары Баян Алдажанқызы Байсейітованың болуы ерекше әсер сыйлады. 

Сонымен жас шеберлер байқауына республикамыздың әр өңірінен көптеген өтінімдер түсіп, онлайн форматындағы іріктеу кезеңінен іріктеліп өткен 287-ден аса өнерпаз өзара өнер додасында сыналды. Жас ерекшеліктеріне орай жас дүлдүлдер кіші топ, орта топ, үлкен топ болып жіктеліп, бар өнерін ортаға салды. Ал ұстаздары мен ата-аналар балаларға қолдау білдіріп, қошеметтеп отырды. 

Сонымен кәсіби музыкант, әнші, хореографтардан құралған әділ қазылар алқасына жас дарындылар ішінен шын талантты іріктеп алу  оңайға түспеді. Сайдың тасындай іріктелген жеңімпаздар  да анықталды:  

«Эстрадалық ән салу» сайысында Астанадан келген Абдул Әзиз Қанатұлы 1-орынды бірауыздан жеңіп алды. Абдул Азиздің ұстазы – Димаш Құдайберген, Ержан Максимдей дара шәкірттер тәрбиелеген Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Майра Дәулетбақ. Ендеше, эстрадамыздың болашақ жұлдызының бұл алғашқы сахнасы болар  деп сүйсіндік. 

«Дәстүрлі ән» сайысы бойынша Жетісу облысының кішкентай әншісі Кабдилхалик Сроджаддин «Қос құдаша» әнін кәнігі әншілердей ойнақы орындап, креативтілігімен көзге түсті. Қытай Халық Республикасы, Күйтін қаласынан келген Өркен Ерланұлы мен жетісулық Хахар Таңдана орта топтан оза шықса, жыр-терме айтудан талдықорғандық Жайық Жұмағазы жеңімпаз атанды. 

Халық аспаптар бойынша домбыраның құлағында ойнайтын семейлік Жігер Арқаш пен жергілікті мектеп оқушысы Дина Советқазы, прима қобыздан Айжан Қасен оза шапса, ішекті, ысқышты және үрмелі, ұрмалы аспаптарда орындаудан Жетісу облысы Ақсу ауданы Сағабүйенсаз мектебінің оқушылары Нұртұлға Жекебай мен Ақнұр Бүркітбай, Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің шәкірті Шұғыла Әлсейіт алдына жан салмады. Фортепианоны шебер меңгерген Талдықорғандағы Н.Тілендиев атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Арсений Пан мен Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің оқушысы Амина Тоқтарова жеңіске жетті. «Халық аспаптары» номинациясы бойынша талдықорғандағы балалар өнер мектебінің білімгері Алинұр Есетов, Ақсудағы Сағабүйен саз мектебінің дарынды оқушысы Еркеғали Айтқұрман мен Абай облысы Семей қаласы Татар өнер мектебінен келген Мұзаффар Қажымұрат ерекше өнерлерімен алға шықты. Ал  хорда дирижерлік етуден талдықорғандық Нұрай Елемес ешкімге дес бермеді. Көз тойдыратын сахнадағы би, хореография сайысында Ескелді ауданынан келген «Алиназ» би ансамблі 1-орынға лайық деп танылды, ансамбльдің «Ана жүрегі» композициясы көрермен қошеметіне бөленді.  

Гала концерт алдында лауреат атанған жүлдегерлер өнер майталмандары қолынан арнайы дипломдармен марапатталған соң, көрерменге арнап дарабоз өнерлерін паш етті. Концерт соңында байқауды ұйымдастырған Қанабек Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжінің директоры Меркүл Құдайбергенова бүкіл қатысушыларға, олардың ұстаздарына үлкен алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. 

Гүлжанат ШОНАБАЙ,

Жетісу облысы 

Талдықорған қаласы 

 

26.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13152
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13137
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28252
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 26943
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 30428