Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 тамыз күні Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға 24 лауреат, атап айтқанда, 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылды. Оқушылар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен.
Президент жастарды, ең алдымен, білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді. Олардың халықаралық беделді білім сайыстарында топ жарып, Қазақстанның атын әлемге паш етуін зор жетістік ретінде бағалады.
Президент шәкірт қабілетін ұштаған ұлағатты ұстаздар мемлекеттік марапатқа лайық екенін жеткізіп, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты. Қазақстанның болашағы жасампаз жастардың қолында екеніне назар аударып, ұл-қыздарымыз әрдайым үздіктер қатарынан табылатынын атап өтті.
– Жастарымыз жаһандық спорт және өнер додаларында жеңімпаз атанып, туымызды көкте желбіретіп жүр. Білім саласындағы беделіміз де артып келе жатыр. Былтырдан бері оқушыларымыз 30-дан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми жарысқа қатысып, мыңға жуық медаль алды. Оның 200-ге жуығы – алтын, 300-ден астамы – күміс, ал 500-ге жуығы – қола медаль. Бұл тамаша көрсеткіш Қазақстандағы білім сапасының деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Тағы да қайталап айтамын, біз әлемдік жарыста ел намысын қорғаған әр жеңімпазды мақтан тұтамыз. Сіздерді еліміздің бетке ұстар, лайықты азаматтары деп санаймын. Болашақта да Қазақстанның одан әрі дамуына қомақты үлес қосатындарыңызға кәміл сенемін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға барынша жағдай жасау мемлекеттің басты міндетінің бірі екеніне тоқталды. Бұл бағытта ауқымды іс атқарылып жатыр. Бірақ негізгі жұмыс әлі алда.
Мемлекет басшысы халықаралық жарыстарда топ жарып, алтын, күміс және қола медаль иеленген жастарға 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы сертификаттарын салтанатты түрде табыстады. Қазір бір айлық есептік көрсеткіштің 3932 теңге екендігін ескерсек, алтын медаль иегеріне 5 898 000 теңге, күміс медаль иегеріне 3 932 000 теңге, қола медаль иегеріне 1966 000 теңге сыйақы табысталған екен.