Таяу Шығыс медиаларының хабарлауынша, 4 тамыз күні Израиль әскерлері Газа секторында кем дегенде 74 палестиналықты өлтірген. Оның ішінде 36-сы гуманитарлық көмек сұрап келген адамдар екен. Газа үкіметі кеңсесінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, БҰҰ-ның ықпал етуімен Израиль Газаға гуманитарлық көмек тасымалдаушыларға рұқсат еткен еді. Алайда олар күніне небәрі 86 жүк көлігін ғана кіргізіп жатыр дейді ақпарат көздері. Ал жергілікті халықтың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін күніне ең аз болғанда 600 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек жеткізілуі тиіс екен.
Хамас ұйымының жоғары лауазымды шенеунігі Усама Хамдан Израильдің Газадағы «әдейі ұйымдастырып отырған аштық» пен геноцидті «адамзатқа қарсы қылмыс» деп атап, халықаралық қоғамды белсене араласуға шақырды.
Газа денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, 2023 жылдың қазан айынан бері Газада 60 930-дан астам палестиналық қаза тапты, оның кемінде 18 430-ы балалар, сонымен қоса 150027 адам жараланған. 2023 жылдың 7 қазанындағы шабуылда шамамен 1139 израильдік қаза тауып, 200-ден астам адам тұтқынға алынған.
Екі жақтың қақтығысы әлі талайға созылатын түрі бар. Кеше ғана Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Газа секторын толық басып алу жоспары белгілі болды. Израильдік «i24NEWS», «The Jerusalem Post», «Channel 12» және «Ynet» қатарлы танымал ақпарат көздері дүйсенбі күні Нетаньяхудың шешімі Израильдің Газа секторындағы, соның ішінде Хамас тұтқындары ұсталған аймақтардағы әскери операцияларын кеңейтетінін хабарлады.
Израильдің 12 арнасының бас саяси сарапшысы Амит Сегар Нетаньяху кеңсесіндегі аты аталмаған жоғары лауазымды шенеуніктің сөзіне сілтеме жасап: «Шешім қабылданды» деді.
– Хамас толықтай берілмей, кепілге алынғандарды босатпайды, біз де берілмейміз. Егер қазір әрекет етпесек, кепілге алынғандар аштан өледі, ал Газа Хамастың бақылауында қалады, – деді ол.
Нетаньяху дүйсенбі күні министрлер кабинетінің кезекті отырысының басында: «Біз өзіміздің барлық соғыс мақсаттарымызға жету үшін бірігуді және бірге күресуді жалғастыруымыз керек. Жауды жеңу, кепілге алынғандарды босату және Газаның Израильге қауіп төндірмейтінін қамтамасыз ету», – деді ол.
ХАМАС-тың жоғары лауазымды шенеунігі Усама Хамдан дүйсенбі күні Америка Құрама Штаттары мен басқа да Батыс елдерін Израильдің зұлымдықтарына көз жұмып отыр деп айыптап, Нетаньяху үкіметі «қыңырлығы, тәкаппарлығы және атысты тоқтату туралы келісімнен қашқаны үшін, сондай-ақ соғысты күшейту және біздің халықты жоюға қарсы. Сондықтан олар кепілге алынғандардың өмірі үшін «толық жауапкершілікті» мойнына алады» деді.
Палестина Сыртқы істер министрлігі хабарланған жоспарларды айыптап, халықаралық қауымдастықты «олардың жоспарларының орындалуына жол бермеу үшін шұғыл араласуға» шақырды.
Израиль билігінің мәліметінше, ХАМАС әлі де 49 адамды кепілде ұстап отырған көрінеді, оның ішінде 27-сі өлген болуы мүмкін деп болжап отыр.