Алматыда әлеуметтік осал топтарды қолдау бойынша ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Аз қамтылған отбасыларға, мүгедектігі бар адамдар мен әлеуметке қайта бейімдеуді қажет ететін азаматтарға көп көңіл бөлініп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов осылай деп мәлімдеді. Жыл басынан бері Алматы қаласында 196 293 адам жалпы сомасы 4,5 млрд теңгеге әлеуметтік көмек алды. Атаулы әлеуметтік көмекпен 1 621 отбасы (8 126 адам) қамтылды.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Алматыда мүгедектігі бар 59,3 мың адам тұрады. 2025 жылға осы санаттағы азаматтарды қолдауға 17,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық (7,9 млрд теңге) көп. Жыл басынан бері техникалық оңалту құралдары мен қызметтерін алу үшін 40 499 адам жүгінген, оның 27 048-і (66,8%) қажетті көмекті алды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Қамтамасыз ету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асады. Қажетті құрал болмаған жағдайда азамат оны сатып та ала алады. Сонымен қатар, қымбат инновациялық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жұмысы да жүргізілуде. Бұл мақсатқа 1,4 млрд теңге бөлінді. 277 адамды қамтамасыз ету жоспарланып, бүгінгі күнге дейін 43 адам протез, арба, есту аппараттары, сөйлеу процессорлары және басқа да керекті құралдарын алған.
«Инватакси» қызметі де дамып жатыр: 2025 жылы автопарк 100-ден 145 көлікке дейін ұлғайтылды. Бұл мақсатқа 1,4 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Яндекс Такси» агрегаторымен бірлескен пилоттық жоба іске аса бастады. Соның арқасында бұл қызметті пайдаланатындар саны 2 800 адамға артқан.
Қала кеңістігін мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. 2025 жылы 32,5 мың нысан (тұрғын үйлер, көшелер, саябақтар мен ғимараттар) құжаттаудан өтеді. 2021 жылдан 2024 жылға дейін 4 257 нысан бейімделді, биыл тағы 1 277 нысан стандартқа сәйкестендіріледі. Бүгінде 3 504 мүгедектігі бар адам арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Көмек көрсететін барлық 9 медициналық-әлеуметтік мекеме мен 13 үкіметтік емес ұйым лицензиядан өтіп, цифрландырылған. Сонымен қатар, ҮЕҰ мүгедектігі бар балалар мен әртүрлі дертке шалдыққан ересектерге мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсетеді.
Алматы әлеуметтік көмекті нақты әрі тиімді жеткізуді жалғастырып, көмекке мұқтаж жандарға қолдауды нығайтуды басты назарда ұстап отыр. Алғаш рет Ерте араласу орталығы құрылып, отбасыларды, мүгедектігі бар адамдар мен әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған жаңа әлеуметтік бастамалар іске қосылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов осылай деді.
Аталған орталық қазіргі таңда екі мыңға жуық қызмет түрін көрсетіп, халықаралық стандарттарға сай жеке көмек бағдарламаларын енгізіп отыр.
Басқарма жанында Отбасыны қолдау орталығы да жұмыс істей бастады. Бұл орталық қиын жағдайға тап болғандарды ерте анықтап, жеке даму жоспары аясында оларға қолдау көрсетеді. Қазір 418 адам осындай көмек алған. Мүгедектігі бар балаларға арнап әлеуметтік интеграция орталығы да ашылды. Мұнда арт-терапияны, музыканы, театр мен би терапиясын, сондай-ақ фото мен видеоға түсіруді оқытатын арнаулы бағдарламалар бар. Жоба жылына 240 адамды қамтып отырады.
Алматыда Еңбек мобильділігі орталығының жұмысына көп көңіл бөлініп отыр. Қаңтар мен шілде аралығында Еңбек мобильділігі орталығына 46 мыңнан астам алматылық жүгінсе, оның 38,6 мыңы жұмыссыз мәртебесін алған. Жұмыспен қамтуға байланысты белсенді іс-шараларға 24 447 адам тартылды. Бастауыш кәсіпкерлер де қолдауға ие болды: 169 адам 1,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант алды. Оның 61,5%-ын көпбалалы отбасылар, қалғанын мүгедектігі бар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар құрады.
Кәсіби оқытудың маңызы зор: 5,2 мың адам «Бастау Бизнес» бағдарламасы мен skills.enbek.kz платформасы арқылы оқудан өтті. 524 жұмыссыз азамат жаңа мамандық алып, міндетті түрде жұмысқа орналастырылды. Олардың 215-і оқу орталықтарында, 309-ы жұмыс берушілердің жұмыс орнында тәжірибеден өткен. Бағдарлы бағыттағы іс-шаралар 26 мың оқушыны, студентті және жұмыссызды қамтыды. Инклюзивті ортаны дамыту аясында «JOBCOACH» жобасы іске қосылды. Ол мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастырып, жұмысқа бейімделуге көмектеседі. 2025 жылы осы жобамен 300 адамды қамту, ал 2030 жылға дейін 4 200 ерекше қажеттілігі бар азаматты қолдау жоспарланып отыр. Жастарға арналған «Жастар практикасы» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл – 35 жасқа дейінгі, мамандығы бойынша тәжірибесі жоқ жоғары оқу орны түлектеріне арналған ақылы тағылымдама. Тәжірибе мерзімі – бір жылға дейін, ай сайынғы төлем – 30 АЕК (117 960 теңге). Жыл басынан бері бағдарламаға 361 жас қатысып, олардың көбі тәжірибе алғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасқан. Алматыда жастарды жұмысқа орналастыру, кәсіби бағдар беру, кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсету мен коворкинг алаңдарын ұсыну бойынша 11 жастар комьюнити-орталығы жұмыс істейді. 2025 жылы Алматыда 22 497 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 11 400-і тұрақты жұмыс орны. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы 4,7%-дан 2025 жылдың бірінші тоқсанында 4,5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. «Бұл – республикалық орташа көрсеткіш деңгейі», – деді басқарма басшысы Бауыржан Жаубасов.
Қалада субсидияланатын жұмыс орындарының бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр. Статистикаға сәйкес, Алматыда 59 329 мүгедектігі бар адам тұрса, олардың 28 876-сы еңбекке жарамды. Қазір ресми түрде 9 638 адам жұмыс істейді (33,4%). Медицина, әлеуметтік қолдау мен жұмысқа тұру сияқты бағыттарды қамтитын кешенді шаралар қаланың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, барлық тұрғындарға тең мүмкіндік жасауды көздейді. Жалпы алғанда, жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік жобаларды іске асыруға 3,1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді.
Г.ТҰРСЫНҚОЖА,
Алматы қаласы