Жоғары білімді алғашқы зоотехник

Жоғары білімді алғашқы зоотехник

Біздің тарихымызда өз есімдерін алтын әріппен жазып кеткен талай тұлғалар бар. Алайда біз оларды егемендік алғалы түгендеп болғанымыз жоқ. Өз заманында, яғни сонау аса қиын қасіреті мол отызыншы  жылдардағы ауылшаруашылығының білікті маманы Қазақстан мен Орта Азия елдерінің тарихында өшпес  із қалдырған  Балтабай Мейеров (1914-1973 жж.) осындай сирек кездесетін адамдардың бірі еді. Ол аса қиын кезде Мәскеуде институт бітіріп көптеген кедергілерді басып өтіп барлық күш-жігерін ғылым білім мен жемісті еңбекке арнап еді.

Оның тағдыры бір адамның өмірбаяны ғана емес, көптеген сынақтар мен тәжірибелермен, жаңалықтармен және ұлы жетістіктермен байланысты.

Қаракөл елтірісінің авторы Балтабай  Мейіров қазақ даласының жүрегінде кең жалпақ Ақтөбе даласында дүниеге келген. Ол 1914 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарасты Алты-Қарасу елді мекенінде дүниеге есігін ашқан болатын. Алтықарасу осы күнге дейін  қасиетті жер деп аталады. Қысқаша айтқанда, осы жерде екі ғұлама өмірге келген еді. Біріншісі Нұрлепес Күмісбайұлы (Нұрлепес Ата) – әулие, халық емшісі, ағартушы. 

1888 жылы 20 тамызда осы өңірде дүниеге келген. 1973 жылы осы Темір ауданының Алтықарасу елді мекені Сарытоғай ауылында 85 жасында қайтыс болды және сол жерде жерленді.

Досжан хазіреттен үш жыл бойы білім алған, кейін Бұхара медресесінде он жыл оқыған. Жеті тілді толық меңгерген (орыс, қазақ, парсы, араб, латын және хадим тілдерін).

40 жасынан бастап түгелдей адам емдеп өмір бойы емшілік қызметін жалғастырған...

Сарытоғайда оның құрметіне елі мешіт құрған. Халықтың көп баратын және зиярат ететін жеріне айналған.

Осы қасиетті киелі жерден шыққан екінші ғұлама Балтабай Мейіров болды. Алайда оны туған жері халқы білмей танымай қалды. Себебі ол жастай кеткен өз ауылына оралмай алыста жүріп дүниеден өткен еді.

Шексіз кеңістік, биік шөптің сылбыры және ақсақалдардың асықпай сөйлеуі оның мінезін бала кезінен қалыптастырды. Ол біте қайнасып сіңіп өскен ата-бабаларының даналығы, өткені туралы әңгімелерді тыңдап, жарқын болашаққа арман көзбен қарап еді. Оның балалық шағы жаңа шабылған шөптің иісіне толды. Мыңғырған мал, жұлдызды аспанның таңғажайып жарығы ұзақ сұрапыл қыстың қатал күндері...

Бала күндерінде көрген Көкжар жәрмеңкесі және сол жерде көрген неше түрлі өнер адамдары, оның бала арманын қалықтатқан еді...  Оның бозбала шағындағы неше түрлі қиындықтарды көруі әсіресе ашаршылық жылдары болған халықтың трагедиялық жағдайы оның бала арманына көп қараңғылықтар түсірді.   Сол қайғылы жағдайларды көзбен көріп шешуін таба алмай тұйық  мінез болып ержетті.

Балалық шағы Қазан төңкерісімен тұспа-тұс келген ол ерте есейіп, еңбекке араласты. Алайда сол кез оның балалық шағындағы ең бақытты өмірі болып қалды. Көп ұзамай неше түрлі қиын кезеңге тап болды. Ашаршылық, аштық    қырғыны, өкімет тарапынан көрген қиянаттар... Осы азапты күндерде 1931 жылы анасы, бір жылдан кейін әкесі дүние салды. Тағдырдың осынша тәлкегіне көнбеске амал бар ма?..

Басына түскен қиыншылыққа көнді, шыдады... Осы тауқыметтер бала Балтабайды тіпті ширата түсті деп айтсақ та болар. Мектепті бітірген соң 1932-1933 жылдары Мәскеудегі Инженерлік институт жанындағы жұмысшы факультетінің ветеринарлық курсын бітірді. Іле Мәскеу зоотехникалық институтының қой шаруашылығы факультетіне оқуға түсті. Оның өмірінің аса жемісті кезеңі енді басталған еді.

Ал Мәскеуге барып оқуға түсу туралы айтсақ қатты тебіренеміз. Ол кезде аштан қырылып жатқан қандастарымызға басқа түгіл бас қайғы деген заман еді. Сол тауқыметі көп аса қиын балалық шақ Балтабайды бір жағынан шынықтырса керек, оның үстіне оның ғылым білімге деген құштарлығы мен табиғи таланты кеудесіне сыймаған сияқты... Оқу, білім кез келген адамға қонбайтын бақ емес пе... Жалпы білім мен  ғылым оның табиғи таланты мен күш-жігерін қатайтып алға итермеледі... Оның осы жанкешті сәттерін «Оның студенттік шағы да үлгі-өнегеге толы. Ұстаздарының жетекшілігімен студенттік ғылыми конференцияларға белсене қатысып, баяндама жасайтын. Негізінен, қойларды азықтандыру, оның өнімділігін арттыру тақырыптарын жиі камтитын. Сондай-ақ оның баяндамалары баспа беттерінде де жиі жарық көріп отырған. Студенттік шақтағы ізденісі мен талпынысы, ғылыми жұмыстары келешекте білікті маман болып қалыптасуына зор ықпалын тигізді. Қазақстанның қияндағы ауылынан шыққан қара бала оқуға деген құштарлығының арқасында институтта жақсы оқып, 1937 жылы үздік бітірді. Оның архивтен табылған құжаттары да дәлелдеп отыр. Ол салалық пәндердің бәрін «өте жақсы» деген бағамен тамамдаған, – деп баяндайды қысқа қорытындылаған ағамыз Шары Көшербаев, белгілі ғалым қаракөлтанушы.

Сол кездегі Мәскеу қаласында институтта студент болу және өмір сүру де, оқу да оңай болмағаны анық... Жалпы білім алу инемен құдық қазғандай екені белгілі. Алайда қаншама қиындық көрсе де Мейров Балтабай өзінің қайтпас күш-жігері және қайсарлығы арқасында институт қабырғасында оқып жүрген жылдарында өзінің сүйікті ұстаздарының жетекшілігімен өтіп тұратын студенттік ғылыми конференцияларда теориялық жағынан ғылыми баяндама жасайтын. Оның студенттік ғылыми жұмыстары негізінен ауылшаруашылық малдарын, оның ішінде қой малдарын азықтандырудың және оның өнімділігін арттыруда негізгі факторлардың бірі екенін конференцияларда баяндап отыратын. Оның баяндамалары баспа беттерінде де жарық көріп отырды. Ол мал өнімдерін арттыруда селекциялық жұмыстарының ерекше болатынына баса көңіл аударып отыратын. Осының барлығы келешекте білікті маман болып қалыптасуына үлкен әсерін  тигізгені анық. Ауылдан шыққан  баланың, әрине, білім дәрежесі институтта оқуға аз болатыны белгілі. Табиғи таланты мен жанкештілігі, өжеттілігі мен қайсарлығы, білім алуға жан аямастай құштарлығы арқасында Балтабай  институтта жақсы оқып, 1937 жылы үздік бітіріп шығады...

Институтты бітірген соң Балтабай ағамызды Самарқанд облысына ғылыми зерттеу ісіне жұмсаған. 

Мұнда оны күрделі қызметтер күтіп тұрған еді, аса білімді маман үшін бұл жағдай сәтті оқиға болды. Оны аса шабыттандыратын міндеттер күтіп тұрды. Негізі мыналар еді:

• Селекция зертханасын құру,

• Қойларды қырқу мен өңдеуді орталықтандыру,

• Жүн мен ет өндірісін ұлғайту.

Ол көптеген тәжірибе жасады, зерттеудің негізі қаракөл қойларды іріктеу, сұрыптау, будандастыру т.б.  Оның әдістері таңғаларлық нәтижелер әкелді – өндіріс 50-70% -ға өсті, ал Балтабай есімі Кеңес Одағына белгілі болды, әрине, оның атақ-даңқы туған жеріне белгісіз болып қала берді... Ауылшаруашылығы тоқырап қалған елімізге тапшы болып жатқан азық-түлік өндіру мәселесін көтеру керек болды...

Көп ұзамай оны шаруашылықты басқаруға жіберіп, колхоз-совхоздарға директор етіп тағайындау басталды. Ол қаншалықты қажетті маман болса да Ұлы Отан соғысына аттануға мәжбүр болды...

1941-1943 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, 91 және 120 минометшылар дивизиондарында комиссар болды.

Ол «Киров» кеңшарының директоры болып тағайындалған соң көп жетістіктерге жеткені соншалық –  Кеңес Одағына белгілі болды, онда ол зор табыстарға қол жеткізіп, Ленин орденімен марапатталды (1958).

Балтабай тек ғалым әрі жаңашыл ғана емес, нағыз еңбек адамы болатын. Ол аудандық, облыстық және Жоғарғы Соттың депутаты болып сайланды...

Ол ерен еңбегі үшін  жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. 

Ол қиын-қыстау кезеңде өмір сүрді, оның білімі мен жанкештілігі қайтпас қажырлығы, Отанға деген адалдығы онымен бірге істеген адамдарға үлгі-өнеге болып қалды. Оның өмірбаяны мен ғылымға сіңірген еңбегі шын мәнінде ерліктің, табандылықтың және туған жерге деген сүйіспеншіліктің тарихы болды.  Әттең, оның осы жетістіктері мен шыққан шыңдары атақ-абыройы туған жері Алты қарасу өңірінен алыста болды, яғни жерлестері одан хабарсыз болды. Ол туған жеріне оралуды әрқашанда армандады. Қанша рет өтініш жазды...

Балтабай ағаның  туған жеріне оралу сәті ақыры орындалды. Ол 1963 жылы ақыры Қазақстанға  оралады.

Әрине, өз ауылы Алтықарасу емес қаракөл шаруашылығының жуан ортасы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына жіберді. Ол осында өзінің игі ісін – жастарға білім беру, озық әдістерді енгізу және қаракөл қой шаруашылығын дамытуға үлес қосу жұмыстарын жалғастырды. Ол білімсіз болашақ, ал жерсіз өмір болмайтынын жас мамандарға терең түсіндірді.     Алайда оның еңбегі тек мал шаруашылығымен шектеліп қалған жоқ. Ол қазақ даласының қатал табиғи жағдайларына төзімді дақыл сұрыптарын шығаруға да өз үлесін қосты.

Өз еліне келіп барлық білім тәжірибесін кеңінен қолданып армансыз басшылық қызмет істеп жатқан кезде аяқ астынан келген ажалдан  59 жасында қайтыс болды (9 желтоқсан 1973 ж.). 

Әттең, оның өмірінің үлкен бөлігін Өзбекстан жерінде өткізіп барлық ғылыми жұмыстары мен тәжірибелерін жарыққа шығара алмай арманда кетті. Егер ол бір жылдан соң зейнетке шыққанда оның ғылыми еңбектерін  Қазақстандағы қаракөл шаруашылығын зерттеп жатқан орталықтар жарыққа шығаратын еді. Оның негізгі зерттеулері мен жаңалықтары Өзбекстанда қалып кете барды... Ол жастай өмірден өтпегенде ғылыми жұмыстарын топтастырып кандидат, докторлық диссертацияларын қорғайтын еді... Әттең!

Енді Балтабай Мейіров негізін салған Қазақстандағы қарақөл шаруашылығы туралы бірер сөзбен қысқаша тоқталайық. Бір кезде  Балтабай ағамыз бастаған ауылшаруашылығының үлкен бір саласы Қаракөл қойын өсіру мәселесі  Қазақстанда кең өріс алып дамыды. Шымкентте Қаракөл ғылыми зерттеу институты көп жылдар бойы жұмыс істеді. Осы қара шаңырақты айтқанда белгілі қаракөлтанушы Көпмағанбет Елемесовтың (1938 ж. т.) ерен еңбегін мақтанышпен еске аламыз. Осы үлкен қара шаңырақ ғылыми зерттеу институтының филиалы Тараз қаласында болды. Оны 1981 жылдан Одақ тарқағанға дейін Жолан Тапақұлы Құлбергенов (1950-2020 жж.) басқарды...

Балтабай Мейіров зоотехник ғалым Кеңес одағы тарихында ауылшаруашылығын дамытуда өшпес із қалдырды.

 

Ғылыми және кәсіби жетістіктері

Еңбек еткен жылдары қаракөл қой шаруашылығы мен асылтұқымды мал өсіру ісіне ерекше көңіл бөліп, сұрыптау бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Кеңес Одағындағы Ленинград және басқа қалаларда өткен мал шаруашылығы көрмелері мен бағалы тері аукциондарына қатысқан.

 

Марапаттары

Мейіров Балтабай Мейірұлы келесі ордендер және медальдармен марапатталған:

«Ленин»  ордені (1958)

«Құрмет белгісі» ордені (1966)

«Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалі

«Германияны жеңгені үшін» медалі

«Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20 жылдығы» медалі

«В.И. Лениннің 100 жылдығына ерен еңбегі үшін» медалі

КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Социалистік еңбек үздігі» белгісі

Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше Құрмет грамоталары

Қоғамдық қызметі

Қарақалпақ АССР Жоғарғы Кеңесінің, Өзбек КСР-ның облыстық және аудандық кеңестерінің, сондай-ақ Қазақ КСР-ның жергілікті кеңестерінің бірнеше шақырылымдарының депутаты болған.

Балтабай Мейіров Мәскеуде институт бітіріп жатқанда Кеңес өкіметі Қазақ интеллигенциясын баудай түсіріп қырып жатқан еді. Оның жоғары білімді маман болып шығуы сол қанқұйлы заман еді. Ел, халық ерсіз батырсыз болмайды. Батыр ер, азамат елсіз болмайды. Балтабайдың ғылымдағы және ауылшаруашылығындағы ерен ерліктерін қазіргі қазақ елі мадақтап мақтап жастарға үлгі-өнеге етіп көрсетуге міндетті... Қорыта айтқанда, Балтабайдың ауылшаруашылығын дамытудағы және ғылымдағы ерліктерімен біз мақтануымыз керек...

Ендігі мәселе: Осындай белгілі маман, қазақтың алғашқы кәсіби зоотехнигі мен мал дәрігері ғалым халқымыздың біртуар ардақты ұлы Балтабай Мейіровті мәңгіге есте қалдыру үшін туған жері Ақтөбе және жаңа ел ордамыз Астана қалаларында бір көшенің атын беру керек екенін айтпақшымыз.

 

Самат ӨТЕНИЯЗОВ, 

т.ғ.к. Мадрид және 

әл-Фараби атындағы  

ҚазҰУ профессоры, 

Шетел филологиясы және 

Аударма ісі кафедрасы, 

Белгілі испан тілінің маманы

 

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27078
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26547
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43876
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39668
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44227