Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі ауылды түлетеді

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі  ауылды түлетеді

Адам қоғамда өмір сүрген соң қоғам өмірінен тыс бола алмайды.  Жарқ-жұрқ етіп мың құбылған мына заман адамды ширатумен бірге оның сана сезіміне де әсер етіп толғандырады, адамның, қоғамның тыныс-тіршілігі ойландырады. Ауыл – қазақтың  алтын бесігі. Халқымыздың салт-дәстүрі тілі мен ділі ауылда сақталған. «Ертеңін ойламағанның  болашағы жоқ» деген. Жастар – халықтың құнды қазынасы, елдің тірегі, болашағы, өз елін дамытуға жетелейтін негізгі күш. 

 

Көпшілікпен кездесулер өз нәтижесін бермек

Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Сондықтан, зиялы қауымды ел болашағына әсер ететін мәселеден шет қалмауға шақырамын», – деген еді.

Бұл үндеуге жайбарақат қарамаған Шелек өңірі қоғам белсенділері туралы тоқталуды жөн көрдік. Олардың әрбіреуі кезінде алған мамандығы бойынша әр салада қызмет атқарған, білімді, тәжірибесі мол, жастарға айтары бар, бүгінде зейнеткер, елге белгілі азаматтар. Қоғамдық жұмысқа араласып, кездесулерде жастарға ақыл-кеңес беріп жүргендердің ішінде Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, 85 жастағы Алмакүл Орынбетова отбасында аналар рөлі мен қыздар тәрбиесі жайлы, Қазтай Ұлтарақов ауылынан ақсақалдар алқасы мүшесі, 77 жастағы Рыскелді Жақабаев егістік жерлерді суаруда қолданылатын норма мен тарифті қайта қарау мәселесін көтерсе, 75 жастағы Әсет Алжанбай жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге ат салысады. Ауданның Құрметті азаматы, ІІМ полковнигі, 74 жастағы Әлібек Жапеков заң және тәртіп мәселелеріне жауап берсе, ауданның Құрметті азаматы, ҚР денсаулық сақтау ісінің Үздігі, зейнеткер Гүлжан Умекова «дені саудың – жаны сау» ұстанымымен жастарға үлгі көрсетеді.

Шелек ауылы ардагерлер кеңесі мүшесі, кәсіпкер, 70 жастағы зейнеткер Ерлат Әпеков «ветеринария адамзатты емдейді» деп мал шаруашылығын дамытса, ауданның Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, 74 жастағы зейнеткер Айтжан Қашағанов әлеуметтік нысандар мен үйлер – ауыл көркін жақсартумен айналысады. Нұра ауылынан «Жеті қазына» құсбегілік мұражай ұйымдастырушысы, зейнеткер Мүлік Исабеков өлкетану мен кикбокингтен әлем, Азия, Еуропа жеңімпазы атанса, ауданның Құрметті азаматы Елмұрат Қайыпжанов ауыл спортын дамытуға үлес қосады.

Шелек ауылы ардагер алқасының мүшесі, 76 жастағы Сәрсебаев Құрамыс болмысымызға жат ағымдарға жол бермеу және ата кәсіпке жастарды баулу мәселелерін көтерсе, 70 жастағы зейнеткер, жеке шаруа қожалығы жетекшісі Әнуар Керімбай Қорам ауылдық округінен, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат депутаты Ұзақов Бектұрсын Қорам ауылынан, Тескенсу ауылынан Нұрлан Жамалов, Қаратұрық ауылынан Жұмабек Абдрасулов, Қайрат ауылынан ауданның Құрметті азаматы Оспан Әтейбеков, Қызылшарық ауылынан зейнеткер Ерболат Нұрахметов сынды қоғам белсенділері бүгінде өңірдің дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Бүгін облысымыздың басқа ауылдардағы белсенділердің іс-қимылына мәнді серпіліс береді деген мақсатпен осы мақалада қоғамдық ұйымдарда нақты жоспарлау туралы қысқаша жазбаша мәлімет беруді жөн көрдік. Әр ауылда мағыналы жұмыс жасап, рухани күш беріп, өмірді мазмұнды сүруге жігерлендіріп, ынтымақ орнату адами, азаматтық міндетіміз деп санаймыз.

Шелек өңірі қоғам белсенділерінің ауылдық жерде қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын үйлестіру мақсатында жазбаша ұсыныстары аудан басшылығы тарапынан қолдау тапты. Біз өткен жылдары аудан әкімдігі келісімімен ішкі саясат және мәдениет бөлімі түзген кесте бойынша Шелек өңірінің 11 ауылдық округінде қоғамдық ұйымдардың жұмыстарымен танысып, ардагерлер алқасы, аналар кеңесі, жастар қанаты мүшелерімен, жігіт басылары, имамдар және мекеме басшыларымен кездесулер өткіздік. Негізгі мақсат: тәрбие жұмыстарын жақсарту, ысырапшылдыққа жол бермеу, тәртіпті нығайту, жат діни ағымдардың ықпалынан жастарды сақтандыру, ауылшаруашылық науқанын ойдағыдай өткізіп, ауыл тіршілігінде күнбе-күн кездесетін проблемаларды бірігіп шешуде әр елді мекенде өзін-өзі басқаратын бір құрылым құруға ықпал жасау болған. Кездесулер барысында қозғалған мәселелер ауыл тұрғындары тарапынан үлкен қолдау тапса да, жоспарлаған кездесулер алдын ала белгілі болғанмен, кездесу-ақылдасуға жиналған адамдар көбінесе ардагерлер, аналар алқасы жұмысына мүлде қатысы жоқ адамдар болды. Кей жерде қоғамдық ұйымдар компартиямен бірге тарих қойнауына кеткенін де құлақ естіді. Алайда, бұл жұмысты жандандыру үшін олар тұрмыстық сұрақтардан басқа, ардагерлер алқасы, аналар кеңесі, жастар қанаты жұмыстары туралы ресми мәліметтер, жұмыс жоспарында қаралатын мәселелер, өткізілетін іс-шаралар, ісқағаздар жүргізу жайлы жазбаша материалдармен көмек беруді сұрады. Қыстың күндері көктемгі ауылшаруашылық науқан басталмай тұрып, әр ауылда міндетті түрде жалпы жиналыс өткізіп, қоғамдық ұйымдардың мүшелерін сайлау керектігіне ұсыныс жасадық. Әр ауылда игі істерімен үлгі боларлық, жастарды жақсылыққа жетелейтін азаматтар баршылық. Қоғамдық ұйымдары алқасы жаңа адамдармен толықтырыла бастады. Елдімекенде тұрғындармен өткізілген әр кездесу, онда көтерілген мәселелер жайлы материалды аудандық Еңбекшіқазақ газеті бетіне шығарып отырдық. Аудандық газет арқылы ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесі, жастар қанаты отырыстарында қарауға жұмыс жоспары үлгілерін, ауылда өткізілетін іс-шаралар жобалары туралы толық мағлұмат жария еттік.

Сол өткізілген кездесулерден бірер мысал. Нұра ауылындағы ауыл имамдары қатысқан кездесуде тойдың түрлерін оңтайландыру, еске алу, жаназа өткізуде ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесі қызу талқыланып, аудан, облыстық мәслихатқа өңір тұрғындары атынан Алматы облыстық «Алатау арайы», аудандық «Еңбекшіқазақ» газеттерінде үндеумен шықтық. Бұл мәселені Әлем Қазақ Билері бірлестігі назарына, Ермек Албан бауырымызға да ұсындық.

Проблемалар халық белсенділігі арқасында шешіледі

Малыбай ауылдық округінде өткен кездесуде ғасырлық тарихы бар Көктерек ауылының тұрғындары электр жарығына төлем төлей алмай, көпбалалы аналар Үкімет тарапынан алатын жеңілдіктерді өз тұрған жерлерінде ала алмай келгені туралы Көктерек ауылына ауыл статусын беру мәселесін аудан көлемінде көтердік.

Тескенсу ауылдық округінде өткен кездесуде ауылдағы пошта ғимаратының төбесінен қар суы, жаңбыр ағып, жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отырғаны туралы ауыл әкімдігі, «Қазпошта» басшылығы мен облыстық мәслихат депутаты алдына мәселе көтерілді.

Шелек ауылдық округі кездесу жиналыстарында жылдар бойы 4 қабатты үйлерде тұратын 200-ден астам отбасы қыстың күндері пәтерлерін жылыту мақсатында отын, көмірді жоғарыға шелекпен тасып, күлді төменге шелекпен шығаруға мәжбүр болған еді.

Оңтайландыру кезінде Қазақстан, Қаратұрық, Қорам, Қайрат, Бижанов ауылдарында орналасқан 250 орындық ауруханалар жабылып, Шелек ауылындағы аурухана тек Шелек және Қаражота ауылдық округ тұрғындарына ғана қызмет жасап, қалған 9 ауылдық округ тұрғындары 50 шақырым жердегі Бәйдібек ауылындағы ауруханаға және 100 шақырымда орналасқан Есік қаласындағы ауруханаға барып, дәрігерлерге көрінуге мәжбүр болған еді. Шелек өңірі қариялары ақылдасып, 7 мың 500 адамға қол қойдырып, өңір тұрғындары күнделікті тіршіліктегі қиыншылықтарды шешу жолдарын көрсетіп, Үкімет басшысына, Ұлттық экономика және Денсаулық сақтау министрліктеріне жүгініп, ұсыныстарын жазбаша жеткізген еді. Алматы облыстық әкімдігінің басшылығы қабілетті ұйымдастыруымен бүгінгі күні көпқабатты үйлер газбен жылытылып, Тескенсу, Қаратұрық, Қорам, Асы, Малыбай, Бартоғай, Сөгеті, Масақ, Шелек ауылдық округ тұрғындары Шелек ауруханасынан медициналық қызмет алатын болды.

Сондай-ақ, ЖШС «Тұлпар» жолаушы тасымалдау паркі 10 автобуспен, 120 теңге жолақымен Шелек ауылынан төңіректегі елді мекендерге халыққа қызмет көрсетіліп келеді.

Ауыл тұрғынының негізгі күнкөрісі болып отырған қолындағы азын-аулақ малы, жайылым, жемшөп дайындайтын жері емес пе? Егістік жерлерге судың жетпеуі салдарынан, 1 текше метр судың бағасының жылдан-жылға қымбаттауынан мыңнан аса диқан еңбек өтіліне байланысты үлесіне алған егістік жерлерді дұрыс пайдалана алмауда. Ата кәсіппен байланысты ауыл тіршілігін жалғастыратын жастарымызға қандай жол ашып береміз деген сұрақ туындайды.

Алматы облысы ауылшаруашылық саласындағы егістік жерлердің 80 пайызынан көбінде Еңбекшіқазақ ауданы диқандары суару жүйесін пайдаланады. ҚР Су ресурстары мен ирригация министрлігі Бартоғай су қоймасынан төменге өзі жүгіріп ағатын Шелек өзені суын ешбір шығын шығармай, өзі шығарған тауар есебінде санап келе жатқан Үлкен Алматы каналы мен Шелек диқандары арасында 40 жылдан астам уақыт бойы түсіністік болмай келуі ауыл тұрғындарымен өткізіліп жүрген кездесулердің негізгі тақырыбына айналып келе жатыр. Шелек өзенінен табиғатты қорғауға арналатын су бөлінуді ақша тапқыштар тоқтатып, ауыл көшелері бойындағы, жол бойындағы ағаштар уақытында суарылмай, жаппай қурауға жол берілді. 1 текше метр су бағасы 2009 жылы 4 тиын болса, 2025 жылы 1 теңге 76 тиынға көтерілген. Каналдан босатылған су диқанға жеткенше 50-60 пайызы жоғалады. Су өлшегіш жоқ, су көлемі көзбен өлшенеді. Диқандардың бәріне су бөлу нормасы бірдей жағдайда жері тастақ Шелек өзені оң қапталындағы диқандар егіс алқабын 7 рет суарса, Қорам, Қаратұрық, Ащысай, Тескенсу, Қазақстан диқандары 2 рет су алады. Оң қапталдағы диқандар су пайдаланғанына 1 гектар егістік жерге 45-60 мың теңге төлесе, жер асты суы жақын шаруашылықтар 1 гектар егістік жер суаруға 13-15 мың теңге төлейді. Жер құрылымына байланысты тариф мәселесін қайта қарау ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің алдына жазбаша бірнеше рет көтердік. Бұл мәселені «Qazaqstan dauiri», «Алатау ардагері», «Еңбекшіқазақ» газет беттерінде де көтердік.

Ащысай ауылы тұрғындарымен кездесу барысында Алматы-Нарынқол автотрассасы төменгі жағында орналасқан 16 шаруа қожалығының 151 гектар егістік жеріне Қорам каналының РП-9 шаруашылықаралық арықтарын жиде, қамыс басып кеткеніне байланысты бірнеше жыл бойы диқандар танапқа су жеткізе алмағаны белгілі. Бұл мәселені Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы басшысы Қайрат Бисембаевпен келісе отырып, биылғы жылы арықты механикалық тазалау жұмыстары жүргізілетін болды.

 

Жайылымды егістікке айналдыруға рұқсат берген кім?

7 мың тұрғыны бар Қорам ауылы маңындағы жекеменшік мал бағылатын (шаруашылық есепте 4150 бас ірі қара, 14800 ұсақ мал, 639 жылқы бар) бар-жоғы 385 гектар жайылымның 200 гектары жалға Pheonix Fruits ЖШС-ке инвесторға берілген. Инвестор жаздың ортасында шаңы шығып кететін жайылымды суармалы жайылым жасауға жәрдем берудің орнына жайылымды жыртып әрекет жасап, ескі бейіттер бар қорымды да жыртуға (ертең сол жерде жерленген адамдардың сүйектері шашылып шықса, қайда жасырамыз?) жақындапты. Жайылым жерді егістікке айналдыруға қай данышпан рұқсат берген? Сонымен қатар, инвестор халыққа берген 7 уәдесін де орындамаған. Бұл жөнінде Алматы облысы қоғамдық кеңесіне жазбаша хабарладық.

Жастарды патриоттық тәрбиеге баулу жолында Әсет Алжанбай ұйымдастыруымен Шелек ауылы жастарымен политехникалық колледжде өткізілген Қазақстан Халық Қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевпен және Қазақстан ауылында Халық Қаһарманы Азамат Жұмаділовпен т.б. кездесулерді атап өтуге болады.

Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан ұлттық және рухани құндылығымыз бен өзіндік бет-бейнемізді, болмысымызды сақтай отырып, жаһандануға жұтылмай, ұлттық нақышымызды жоғалтпай, жалғастыру маңызды деп есептейміз.

 

Қазақ тілін шұбарлауға ешкімнің хақысы жоқ!

Бүгінде республика жұртшылығына талқылауға ұсынылып отырған Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасындағы 9-бап 2-пунктін Қазақстан Республикасында өмір сүріп отырған барлық этностардың өзара қарым-қатынас тілі – орыс тілі болып саналады деп жазуды ұсынамыз. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Оны қоғамның барлық саласында қолдануға жағдай жасау керек. Қазақ тілін шұбарлауға жол бермеу керек.

Бүгінде амандасудың кең жайылған «Ассалаумағалейкум» сөзіне араб сөздерін қосып, ғасырлар бойы халықта айтылып келе жатқан «Алла» сөзіне «х» әрпін қосып, өмірден өткен ардақты адамын еске алуға арнайы жайылған ақ дастарқан басында имамдарымыз дастарқан жаюға себепші болып отырған аруақтың рухына бағыштап дұға жасап, отбасына жақсы тілек айтудың орнына пайғамбарлар мен бабтарды міндетті түрде тізіп, бата соңында арабша сөйлемдерді қосып аяқтағанын естіп, көріп жүрген жай бар. Имам батаны қазақша аяқтаса, қабыл болмай ма екен? Бұрыннан қолданыстағы сөздерімізге иншалла, алхамдулла, ихтар, сухур, нәзір сөздерін балама жасап алып, жаңалық ашып жатырмыз.

Бүгінгі күнде елімізде өмір сүріп жатқан 124 этносқа ұлттық тілімізді, болмысымызды сыйлатуға жол ашуымыз қажет. 1936 жылы Мәскеу қаласында қазақ мәдениетінің 10 күндігінде сахнаға тігілген 8 қанат үйдің көркем өнермен жабдықталған үй жабдықтарын көргенде қазақты бұратана халық деп санайтын үлкен сарайға жиналған КСРО басшылары орындарынан қалай тұрып кеткенін өздері байқамай, ұзақ уақыт қол шапалақтап, қазақ делегациясын құрметпен қарсы алған екен.

Аудандық Еңбекшіқазақ газетінің бас редакторы Х. Ахметжанов бастаған тілшілермен өңір қариялары, елді мекен белсенділері, мекеме басшылары, пошта, мәдени саладағы қызметкерлермен идеологиялық жұмыстарды жандандыру жайлы диалог өткіздік. Ауыл тұрғындарын республика, облыс, аудан тынысының айнасы – баспасөзге жазылуды жаппай қолдауға және бүгінгі күннің басты талабы – қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді, ашық диалогты және жауапкершілікке негізделген қарым-қатынасты қалыптастыруға шақырдық.

Бүгінде әрбір ауылдық округ құрамында 5-6 елді мекен бар. Ауыл округі әкімі аппараты мүшелері әр елді мекен тұрғындарымен тікелей араласып тәрбие жұмыс атқаруға мүмкіндіктері, даярлықтары да жоқ екені белгілі. Ұлттық мүдде, қазақ тілі төрден орын ала алмай, жастар мейірімсіз, қоғамды жемқорлық дерті басты. Саясаттағы сөз бен іс өзара үйлесім таппағанынан халық пен билік арасы алшақтап кетті. Пейіл тарылып, сөз қадірін аяққа басып, жүре тыңдап, майдалып бара жатқан жайдамыз.

Халықтық құндылықтарымызды сақтап дамытудың басты қайнар көзінің бірі – тәрбие. Сайып келгенде, тәрбие жұмыстарына зиялы қауымның потенциалын пайдалануға күш салу керек. Ауыл белсенділерінің тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастырып, халықпен етене араласуы билікке көзқарасты өзгертеді, нәтижесі де оң болмақ. Ауылдық жерде жастарды күйбең тіршіліктен елінің қамын ойлайтын азамат боп қалыптасуына атсалысу қажеттігі туындады. Биік талғамы бар жас азамат қана қоғамды алға бастай алады. Жарқын болашаққа үміт беретін бірден-бір жол – ол өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық жолы деп білеміз. Қоғамның тұрақты дамуы әрқайсысымызға байланысты.

Ауылда өмір сүру сапасын жақсарту базалық негізі ретінде, жергілікті маңызы бар істерде азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуының, өзін-өзі басқару негізгі қағидаттары Ата Заңда белгіленген жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруді талап етеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасындағы 91-бап 4-пунктте Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігіне заңда белгіленген өкілеттігі шегінде кепілдік беріледі – деп көрсетілген.

Бұл бапты «Өкілеттілікке күнбе-күн міндетті орындауға жататын тіршілік тәртібі заңдастырылуы керек» деп жалғастыру керек. Тіршілік тәртібіне ұсынылатын сұрақтар: ауыл тұрғындарымен тазалық, қоғамдық тәртіпті нығайту, тәрбие, идеологиялық жұмысты жүргізу, болмысымызға жат идеялардың жастарымызға ықпал жасауына жол бермеу, жалғызілікті, тұрмысы нашар отбасыларына, мүгедектерге қол ұшын беруге шаруа қожалықтарынан жанашырлар тобын құру, су ресурстарын тиімді пайдалану, арық жүйесін түзеу, тазалау, егістік танаптарда эрозияны болдырмауға, танапты даярлау, дақылды себу, жем-шөп дайындау, жиын-терінде, жеке малды бағу, жолаушы тасымалдауда техникалық қызмет көрсетудің бағаларын жергілікті монополияға жол бермей, келісімді реттеу, жайылым жерді ылғалдандыру, мал індетіне қарсы шаралар ұйымдастыру; күл-қоқысты ретсіз төккізбеу, мал, ит, құс өлекселерін бір жерге жинақтап өртеу, көму, залалсыздандыруды бақылау т.б. күнделікті тұрмыста кездесетін проблемаларды ақылдасып, уақытылы шешіп отыру.

Азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруда мәселелерге шешім қабылдауға қатысуы, ауылдастар алдындағы ашық есептілігі, өмір сүру сапасын жақсартуға, ауылдың өркендеуіне әкеледі.

Биылғы жылы елді мекендерде қоғамдық ұйым мүшелерімен кездесулерді жалғастырып, тұрғындар жиналысында сайланған басшы құрылымының бір-бір өкілінің қатысуымен өңірдегі қоғамдық ұйымдардың жұмысын үйлестіру мақсатында Шелек ауылында және Есік қаласында өңірлік үйлестіру кеңестерін құрып, жылына екі рет жиналып, ой-пікірлерімізбен бөлісіп, тәжірибе алмасып, алдағы уақытқа ақылдасып, бірлескен жоспар құрып, жұмысымызды реттеп, шешімін таппаған мәселелерді билікке жеткізіп отырайық деген мақсатта жұмыс жүргізудеміз. Бұл жерде белсенділер басы қосылып, алдағы жұмыстарына бағыт-бағдар алады, тәжірибе алмасады, үйренеді. Жастар шыңдалып үлгі алады, алдағы уақытта ағалар ісін жалғастыруға дайын болады. Жағдай қалай болып жатқанынан хабардар болып отырады. Осындай іс-шаралар өткізу барысында зиялы қауым өзін-өзі танытады.

Қоғамда билік пен халық арасында ашық диалог орнауы қажет. Бұл ел дамуының өзегі болмақ. Заман талабына сай тиімді жұмыс – халық пен тиімді кері байланыс орнату. Облыс, аудан басшылары аппараты мен жан-жақты даярлық жасап, ауылдық округтерге келіп халыққа есеп беру кездесулерін ұйымдастыруда. Ауылдық округ әкімдері ауыл тұрғындарына уақытылы хабарлап, тиісті аудиторияны кездесуге қамтамасыз етуге міндетті.

Әр ауылда ардагерлер кеңесі, әйелдер кеңесі, жастар қанаты алқалары, жігіт басылары, имам, білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласы қызметкерлері, жеке шаруа қожалықтары жетекшілері әкім есебіне қатысып, елде іске асырылып жатқан реформалар, өңірді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, проблемалық мәселелерді шешу бойынша жоспарлар туралы хабардар етілуі ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізгі талабы емес пе?

Ауыл адамы – ауыл өмірінің ең басты тұлғасы, адам сапасы – тарихтың қозғаушы күші. Әрбір адамның өнегелі ісі сөз болғанда, ең алдымен, сол адам белгілі бір әлеуметтік ортаның өкілі ретінде, ел жұрттың бір бөлшегі ретінде айғақталады. Ел-жұрт тарихы жеке адамнан тыс қарастырылмайды. «Ауылына қарап азаматын таны» деген. Жеке басының қасиеті елдік мүддемен ұштасып жататын адамды азамат деп ардақтайды. Ел басқару ісіне жас азаматты тікелей араластырудың маңызы зор. Дәстүрлі сабақтастық жағдайында, ұрпақтар арасындағы рухани байланыстар негізінде жүріп жатса, оның ықпалы үлкен, әсері арта түседі.

 

Нұрлан  ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ, 

Шелек өңірі қоғам белсенділері 

жұмысын үйлестіру тобы жетекшісі,

Еңбекшіқазақ ауданының 

Құрметті азаматы,

Алматы облысы

26.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24161
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23830
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41302
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37216
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41509