Ауылдарда талант көп болғанымен, көбісі өлең мен жырды екінші орынға ығыстырып, күнделікті шаруаның, күнкөрістің қамымен кетеді. Ахмет Шабдан Қобыландыұлы да ауылда дүниеге келіп, ауыл шаруашылық саласының екі бірдей жоғары оқу орнын тәмамдаған. Өмірінің 34 жылын осы салада өткізсе де, Шәкең қолы қалт еткенде өлең сөздің патшалығына сапар шегетін. Оның жырлары аудандық газеттерде жарияланған. Кейін Астанаға көшіп келген соң ол осы өнерге ден қойды. Әңгімелер де жазды. Жары Зәйкүл Тоқыбаева есеп қызметкері болғанымен, оның өлең жазуына барлық жағдайды жасап, шығармашылығын қолдап отырды. Төрт баланы өсіріп жеткізген Шәкең сексенге жақындаса да, әлі де шабыт тұлпарынан түскен жоқ. Біз оның шығармашылығына табыс тілейміз.
Шабдан АХМЕТШИН
Өмірден өткен қимас жандарым мен бес бауырымды есіме алғанда…
Қатал тағдыр тәлкегін басқа салмасын. Аман болыңдар, ағайын!
Жас келді, күйзелістен шаршадым ба?
Ештеңеге зауқым жоқ, аңсарым да.
Қатал өмір толқыны қақпақылдап,
Жарға соғып жатқандай жар салуда.
Тағдыр салған тауқымет ойға оралып,
Қоштасардай күй кешем,
мұңға оранып.
Қайғы жұтқан кездерім естен кетпес,
Қан жылайды жүрегім отқа оранып.
Ауыр ойдан сейіліп, бір күрсініп…
Қарт қырандай соңғы рет дүр сілкініп.
Бойда қуат азайса да, денім сау,
Көңіл жетім, көзде жас тұр іркіліп.
Солай шырақ, мендегі хал осындай,
Көңілім пәс, қатарға тұр қосылмай.
Салқынқанды, сабырлы
күй кешкенмен,
Сыртым бүтін, ішім өрт жай отындай.
Жердің үсті пендеңізге тұрақ боп
тұрсадағы,
Бір өзіңе сұрақ көп...
Ғажап әлем сыйласаң да Жаратқан,
Көз жасымыз неге ағады бұлақ боп?!
***
Уа, Жаратқан! Құлақ түрсең сөзіме,
Пендеңбіз ғой құлдық ұрған өзіңе.
Бір өзіңсің сана беріп жаратқан,
Жер бетінде тірлік қыл деп еліңе.
Ғұмыр бердің кемел жасқа келдік біз,
Жақсыны да, жаманды да көрдік біз.
Адалдықтың туын ұстап әрқашан,
Ел ішінде ауытқымай жүрдік біз.
Біз дегенім замандастар, достарым,
Қос дәуірдің орындаған жоспарын.
Ел дегенде ішкен асын қоя сап,
Көрсеңіз ғой қандай үлес қосқанын.
Шүкір, тәуба, талай жылдар өткіздім,
Баллар өсті, немереге жеткіздің.
О, Жаратқан, ғұмыр бергін саналы,
Ұрпағыма тигізетін септігін.
Жаратушы! Сенен жалғыз тілерім:
Иманың бер, жарылқауың тіледім.
Отан тыныш, елім аман болсын тек,
Болашаққа сонда ғана сенемін.
Қосағыма
(Бүгін ескі жаңа жыл)
Өткен тарих азабы естен кетпес,
Қайсар туған қазаққа ешкім жетпес.
Әрқашан ел намысы – ер намысы,
Өтпелі қиыншылық ештеңе етпес.
Өкінбеймін өмірге бастан өткен,
Ұрпағым бар артымда үміт күткен.
Қазақ елі өркендеп дами берсін,
Жастар көрсін қызығын арман еткен.
Күн шуағы төгілсін төбемізден,
Аман жүрсін аналар бала емізген.
Аман болсын отбасың, Отан-ана,
Атамекен ауылдар, қаламызбен.
Қу тірлігі қажытқанда қаланың,
Аңсап кетем саф ауасын даланың.
Жаяу жүріп табиғатпен тілдессем,
Бой жазылып, бір тыныстап қаламын.
Өкінбеймін өмірге сүрең тартқан,
Сұқтанбаймын сұлуға сылаң қаққан.
Анда-санда денсаулық сыр бергенмен,
Жаныңдамын, ешқашан алаңдатпан.
Сыйластықтан өмірде кенде емессің,
Ажыратпас тірлікте менен ешкім.
Ғұмыр бойғы серігім, сенерім сен,
Сені ешкімге ешқашан теңгермеспін.
Ұл-қызына ел сенсін!
Таңмен бірге, өмірге таңырқап-ап,
Нәсібін теріп келем «барымталап».
Қалдырмай ұлы көштің легінен,
Келеді Жаратқан да жарылқап-ақ.
Өмірдің тайғанақ мұз айдынында,
Тағдырым талай рет тайдырды да.
Тезіне шыдап келем, сабыр сақтап,
Көтеріп басқа салған қайғыны да.
Өрекпіп тұрсадағы кеуіл кейде,
Барады қолдан келмей майда-шүйде.
Өмірдің қақпайлаған добындай боп,
Түсемін лажсыздан не бір күйге.
«Бір қуаныш, бір өкініш, бір қайғы,
Сүрген ғұмыр осы үшеуін құрайды»,
Деп, өтіпті қайран ақын Қадыр да,
Алаңдатқан бұл өмірде талайды.
Көтер басты, кеудеңді кер қазағым,
Тәуелсіз ел – мәңгі сенің тұрағың.
Байтақ жердің иесі кім екенін,
Сіңдіре біл құлағына балаңның.
Күн де туар, көтерер ел еңсесін,
Қазақстан өркендесін бел шешіп.
Заман тыныш, елімізге бақ қонып,
Өсіп-өніп, ұл-қызына ел сенсін!
***
Мән беріп әр сөзімнің салмағына,
Достарым құлағың сал арнауыма.
Жыр жазып, серік еттім қартайғанда,
Құдайдан тілек тілеп талғамыма.
Ғұмыр болса өлшеулі, өмір мәңгі,
Дүние есігін ашқан соң сүру заңды.
Пенденің заманы бір болсадағы,
Тағдырлары әртүрлі көрер таңды.
Болатын жасқа келдік әдептірек,
Сұрайын Жаратқаннан не деп тілек.
Жер басып жүргеніме тәуба айтып,
Отырам шүкірлік қып, медет тілеп.
Тіккен қостың жамаймын деп жыртығын,
Тірлік еттім, алған жоқпын бір тыным.
Байлық, мансап тұрмайды деп уысқа,
Арды ойладым айқасқанша кірпігім.
Жайғанда адам жақсылыққа құшағын,
Көңіл толқып, көзге жас-ап босадым.
Алдымда аға, артымда іні болмады,
Бұл жалғанда сенім артқан қосағым.
Түскеннен соң тірлік атты додаға,
Сүрсең ғұмыр шегінуге бола ма?
Денің сау боп, еш болмасын еңбегің,
Басты мақсат – өмір сүру адамға.













