Желтоқсан-40жыл

Желтоқсан-40жыл

ЖАС БОЛСАҚ ТА САНАМЫЗ ТОЛЫСҚАН КЕЗ ЕДІ

 Ел тарихын ауызға алғанда санамызды селт еткізетін дүниенің бірі – Желтоқсан көтерілісі. Иә, «Желтоқсан-1986» қазақ мемлекетінің тарихына таңбаланып жазылатын оқиға. Сонау 1986 жылы Кеңес билігінің солақай шешіміне, жетпіс жыл бойы бір сарынды болған идеологияға қарсы шыққан жастар мызғымастай болған алып империяның іргетасын қозғалтқан еді. Сол көтерілістен кейін қызыл империя көп ұзамай құрдымға кетті.  «Желтоқсан» басқа одақтас республикаларға қозғау салды. Біз сол отты жылдардың ішінде жүріп, ерлік көрсеткен «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі, «Тәуелсіздік-1986-Желтоқсан» саяси-қоғамдық ұйымының төрағасының орынбасары, желтоқсан ардагері Нұрлан Сүйіновпен осы тақырыпта әңгімелесуді жөн көрдік. Кезінде ол ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті болып жүргенде «Желтоқсан-1986»-дан соң оқудан қуылып, біраз қиыншылықтарды бастан кешкен.

-Нұрлан мырза, биыл Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл толады екен. Сырғып жатқан уақыт десейші... Енді сол өткен уақытқа ойша оралсақ.

- Иә, ол күндері Брежнев алаңына сан мыңдаған жастар шықты ғой. Деректер үш күнде 30-40 мың адам дейді. Мен енді өзіме қатысты айтайын. Ол кезде ҚазМУ-дың филология факультетінің 2-курс студентімін. Филфактың дені қыздар. Сол қыздар ғой «Ызғарлы Желтоқсанда» елге күш-қайрат беріп, намысын жаныған. Менің курсымның қыздарының қаншасы суыққа тоңып, қуғын көрді. Оның бәрін кейін біліп жатырмыз.

Сонымен, 15 желтоқсан күні теледидардан Қазақ ССР-нің басшысын ауыстыру жөнінде ОҚ пленумының шешімі оқылды. Бірер минуттық хабарламадан біз ешнәрсе ұғып үлгірмедік. Ертеңіне ешкімнің айдауынсыз алаңнан табылдық. Унивеситеттен шығып, көңілді күйде алаңға бет бұрдық. Топ-топ болып та жекелей де. Жолдан жастар қосылып, қатарымыз көбейді. Біздің курстың студенттері ОК шешімімен келіспейтінімізді білдірейік деп барғанбыз. Ертеңіне де бардық. Әрине, екінші күнгі жағдай мүлде басқаша, алаң толы болды. Барлығы құлақтанған, ел келіп жатты. Қақтығыс та сол күні басталды. Алаңды қоршаған әскер, су шашқан өртсөндіргіш машиналар, милиция мәшинелері. Сол екінші күннен ереуілді басып-жаншу, кейін репрессиялар басталды.

 Жалпы айтайын дегенім, біз алаңға саналы түрде бардық. Әйтпесе, Алматыдай арман қалада, республика астанасында  қолы жеткендер ғана студент атанатын. Жағдай жасалған зауыт-фабрикаларда үйлі болам деген үмітпен жұмыс істейтін жастар. Соның бәрін тәрк етіп ешкім көтеріліске шықпайтыны белгілі. Ол бір ел тарихындағы өтпелі кезең, халықтың саяси санасы толысқан кез еді. Былай айтқанда, биліктегілер бұрынғыша басқара алмайтын, төмендегілер бұрынғыша төзе алмайтын кезең келген.

-Көтерілістен кейінгі өміріңіз ары қарай не болды? Оқуыңызға қайта оралдыңыз ба?

- Мен негізі университетке әскерден келіп түскен едім. Былай айтқанда, естияр боп. Филфактың ер балаларының көбі сондай еді. Мен де мектепті жақсы бітірсем де қарт әке-шешеме қарайлап, елде бір-екі жыл жұмыс істегем. Сонымен, 1985 жылы оқуға түсіп факультет, университет басшылығы староста, унивеситет комсомол комитеті мүшесі қылып қойған болатын. Алаңға саналы түрде бардым дейтінім сол.

Көтерілістен соң «кеңес машинасының» репрессиясы басталды. Университетте қаптап кеткен бейтаныс жандар, студенттерді біртіндеп алып кету. Қаншама адам қаза болды, жоғалып кетті, қанша адам оқудан, жұмыстан кетті деген деректер бер жағы ғана. Менің өзім де 1987 жылдың қаңтарында оқудан кеттім. Пропискадан, жатақханадан шығып қалдым. Деканымыз марқұм, профессор Тұрсынбек Кәкішев, факультет парторгі Т.Сайрамбаевтар мені қорғаштады, ақырында қашырып жіберді. Десе де сыртымнан бұйрық шығып, оқудан да партиядан да кеттім. Істі болмағаныма қуанып, университетте төбемді көрсетпей кеттім. Оқуға оралу деген ой да болған жоқ. Алматы зауыттарында жұмыс істеп, 1991 жылы отбасын құрдым. 1992 жылы республикалық «Спорт» газетіне жұмысқа тұрып, журналистикаға келдім. Бірақ диплом мәселесі алдымнан шыға берді. 1996 жылы әл-Фараби атындағы университеттің журналистика факультетінің сырттай оқу бөліміне оқуға түстім. Журналистика, баспа салаларында қызмет еттім.

Шындығын айту керек, қуғын көрген соң Желтоқсан жайлы жақ ашпадық. Өз басым «Желтоқсан 1986» тақырыбына көтерілістің 30 жылдығынан кейін келдім. Өзіме келсем, жоғарыда айтылғандай «Желтоқсан» тақырыбына көтерілістің 30 жылдығынан кейін кірістім. Ол тақырыпта біраз естеліктер, сол кезде алаңда болғандар туралы біраз эсселер жазылды. Бүгінде «Тәуелсіздік-1986-Желтоқсан» ҚБ төрағасының орынбасарымын.  

 Ол кезде «жабық қала» Алматыда оқудан, жұмыстан кету деген пропискадан, үй кезегінен айрылып далада қалу деген сөз. «Желтоқсаннан» кейін бізді жатақханасы, пропискасы бар зауыт-фабрикалар жұмысшы етіп те алмай қойды. Мен болсам жарты жылдай қаңғырып, әзер дегенде жатақханасы бар АДК-ға (Алматы Үй құрылысы Комбинаты) бетоншы болып жұмысқа шықты кірдім.  Ол бір үш ауысыммен істейтін ауыр жұмыс еді. Басқа амал болмады. Менде ия әке-шеше жоқ, ия баратын ауылым жоқ еді.

 Сол кездегі Алматыдағы ахуалды айтсаңызшы. Біз автобус- троллейбуста өзге ұлт кемпір-шалдарының түрткілеуіне, айтқан сөздеріне жауап бере алмай жүрдік. Қазақ жастары сондай пұшайман күйде жүрді. Бұндай жағдай 1989 жылдардан кейін саябыр тапты. «Желтоқсан-86» -дан соң бір-екі жылдан кейін одақтас республикаларда бас көтерулер болып, көп ұзамай «Тәуелсіздік парады» басталды. Сол 1986 жылдың желтоқсанында Алматыға арман арқалап келген талай жас арманынан айрылса да алып империяның іргесін шайқаған халық боп тарихта қалды. Кейін біліп жатырмыз, сол кезде біз толық изоляцияда болсақ та бүкіл әлем біздегі жағдайды біліп отырған екен. Сондықтан біз халықаралық тарихта баяғыда жазылғанбыз.

-Желтоқсан оқиғасына қатысқандар Тәуелсіздік таңының атуына себепкер болды деп айта аламыз ба?

- Әрине. Бұл шындықты тарих өз орнына қойып отыр ғой. Тарихи шындыққа қарсы тұру мүмкін емес. Ал «Желтоқсанның» өз мемлекетімізде тарихтан орнын тауып, ел шежіресінде қалуы ол енді біздің мәселе. Сол кезде алаңға шыққандардың ең жасы бүгінде алпыста. Биыл көтеріліске 40 жыл толмақ. Көтеріліске қатысқандардың бар кезінде соларды тыңдап қалу керек-ау. Олардың айтқандары тарихта таңбалану керек. Желтоқсан көтерілісінің тарихта қалуына сол көтерілістің қатысушылары, куәгерлері де үлес қосуы керек деп ойлаймын. Осыған орай біз де қарап отырған жоқпыз. Желтоқсандықтар патриоттық ұйымдар құрып, жыл бойы мектеп, колледж, жоғары оқу орындарымен кездесулер жасап, т.б. біраз жұмыстар атқарудамыз. Біз бүгінгі буынға өзіміздің кезінде алаңға шыққанымызды ғана емес, сол «Желтоқсанның» тарихи оқиға екенін саналарына құйып, түсіндіруге тырысамыз.

Жалпы мен бүгін жиырмадан жаңа асқан жас буынға үлкен үміт артамын. Олардың көздерінде қызығушылық жалын бар. Бүгінде бізде қай ұлттың баласы болмасын «Желтоқсан-1986»-ға тарих деп қарайды. Ол дұрыс әрине. Сол Желтоқсан көтерілісін тарихта қалдыру үшін біз де қарап отырған жоқпыз. Желтоқсандықтар патриоттық ұйымдар құрып, жыл бойы мектеп, колледж, жоғары оқу орындарымен кездесулер жасап, т.б. біраз жұмыстар атқарудамыз. Біз бүгінгі буынға өзіміздің кезінде алаңға шыққанымызды ғана емес сол «Желтоқсанның» тарихи оқиға екенін саналарына құйып, түсіндіруге тырысамыз.

  Өзіме келсем, жоғарыда айтылғандай «Желтоқсан» тақырыбына көтерілістің 30 жылдығынан кейін кірістім. Ол тақырыпта біраз естеліктер, сол кезде алаңда болғандар туралы біраз эсселер жазылды. Бүгінде «Тәуелсіздік-1986-Желтоқсан» ҚБ төрағасының орынбасарымын. Төраға Бақыт Байниязов бастаған белсенді желтоқсандықтар көп жұмыстар атқаруда. «Желтоқсанды» тарихта қалдыру үшін БАҚ саласымен тығыз жұмыс жасау керек. Бізде бұл жағы да жолға қойылған. Қоғамдық бірлестік пен халықаралық қоғамдық-саяси «Қазақстан дәуірі» газеті арасында келісім жасалған. Онда ай сайын шығып отыратын «Желтоқсан ызғары» атты айдары бар. Басылым әркез желтоқсандықтардың ерлігі, өнегелі істері жөнінде өз бетінен орын беріп отырады. Бүгіндері оқырмандар  газет арқылы «Желтоқсан 1986» жайында көп мәлімет алуда. Жан-жақты ақпараттың өскелең ұрпаққа да әсері зор. Желтоқсандықтардың газеттің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен бас редакторы Ертай Айғалиұлына зор қолдау көрсеткендері үшін айтар алғысы шексіз.

-Нұрлан мырза, әңгімеңізге көп рахмет! Желтоқсан көтерілісі батырларының ерлігі  халықтың есінде мәңгі ұмытылмастай болып қалатыны сөзсіз.

                                                                                          Сұхбаттасқан -Шаргүл Қасымханқызы

                                                                                                                              

 

 

25.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24161
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23830
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41302
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37216
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41509