ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЗАРДАБЫ

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЗАРДАБЫ

Қазір сөз болып жатқан режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» атты фильмінен өрбіген ойымды айта кетейін. Фильмнің көркемдік деңгейі, актерлердің кейіпкер образын сомдауы емес айтпағым, оның көтерген тақырыбы.

Тақырып – тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру науқаны. Бұл айтуға, жазуға, көрсетуге, зерттеуге тұратын ірі тақырып. Қазақтың тағдыры.

Қоғамдық-экономикалық формацияның ауысуы қай кезде де басқадан бұрын, ең әуелі қарапайым шаруаға соққы болып тиген. Ал шаруаның күнкөріс көзі – мал мен егін, бүгінгі тілмен айтсақ, ауылшаруашылығы. Бүліншілікке бірінші ұшырайтын да осы сала екен. 

Қазақ елі өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ұжымдастыру кезеңінде зор зардап шексе, кешегі тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру тұсында тағы бір мәрте күйзеліске ұшырады. Ауылшаруашылығын реформалаудың осы екі тәсілі де қазақты оңдырмай тұралатып кетті. Бірі – ұрда-жық большевизм саясаты тұсындағы социализмнің жоспарлы экономикасына көшуден туындаған зардап, екіншісі – сол жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық экономикаға бет бұрған кездегі сауатсыздық. Нақтырақ айтқанда, шаруашылықтың қалыптасқан жүйесін жете ескермей, жекешелендіруді асығыс-үсігіс атүсті жасағаннан болған тоқырау. Осы cоңғы реформаның  жүйесіз жасалуы қазақты бұған дейін жолға түсіп, қалыптасқан өмір сүру дағдысынан оңбай жаңылдыра жаздапты.

Ұжымдастыру зардаптарының себептері мен салдары туралы жеткілікті түрде зерттеліп, жазылды. Сол зерттеулерге зер салсақ, жер-жерде ұжымдастыру зардаптары бір-біріне ұқсас, қазақ елінің барлық аймағына бірдей ауыртпалық түсірген. Ол кезде қазақтың дені көшпелі өмірден отырықшы тірлікке ауысты. Ал тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру науқанына байланысты зардаптар жайында бұлай дей алмайсың. Жекешелендіру тұсында қазақ отырықшылықтан қайтадан көшпелі болып кетпеді, сол отырықшы күйінде қалды. Бірақ жаңа айтқандай, ұжымдастыру мамандандырған кәсібінен жаңылды. Өзім білетін Сыр бойы егіншілері туралы айтсам, олар жылдар бойы қалыптасқан күріш егу технологиясынан айырылып қала жаздады. Бір ізге түскен жүйе тұралап, тоқырауға ұшырады. Шаруашылық түріне қарай зардаптың мөлшері мен салмағы әр облыста әрқилы болғаны кейін аңғарылды. 

Әрине, социалистік жоспарлы экономика жолына ұжымдаспай, қолда бар мал-мүлікті ортаға салмай түсу мүмкін емес, сол сияқты нарықтық экономикаға өту де жекешелендірусіз, яғни мемлекет меншігіндегі мал-мүлікті жекенің қолына бермей жүзеге аспайды. Бірақ жекешелендіру кезінде нені ескеру керек, артықшылығы мен кемшілігінің арасалмағы қаншалықты деген мәселе мұқият сараланбады. Нарықтық экономиканың заңдылықтары жете ескерілмеді. Бәрі асығыс-үсігіс, шала жасалды. Бұл тұжырымды кейін уақыттың өзі дәлелдеп көрсетті. 

Шаруашылықтар айналысатын саласына қарай әр облыста әртүрлі әдіспен жекешелендірілуі тиіс еді, бірақ бір өкініштісі, олай болмады. Әр аймақтың жарты ғасырдан астам уақытта қалыптасып қалған шаруашылық жүргізу дағдысы, өнім өндіру тәсілі әрқилы екені назардан тыс қалды. Әсіресе, негізінен Сыр салысын егуге маманданған Қызылорда облысының өзге аймақтардың шаруашылық жүргізу жүйесіне қарағанда айырмашылықтары мен ерекшеліктері жетерлік-тұғын. 

Облыста күріш алқаптары күрделі инженерлік жүйе бойынша алып тракторлармен, ірі комбайндармен жұмыс істеуге арналып жасалған. Бұл – ең басты ерекшелік. Жер бедерін өлшеу, су жүйесін реттеу мамандарынсыз, арнайы техникалардың қатысуынсыз күріш алқаптарын түзу мүлде мүмкін емес. Мыңдаған гектар күріштік атыздар табиғи жер ыңғайына қарай бір деңгейге келтіріліп тегістелінген. Арықтар мен жаптар, қашыртқылар мен арналар қатаң есеппен қазылып, әрқайсысына су ағызу тоспалары мен құбырлары бетондалып орнатылған. Бұның барлығы инженерлік гидромелиорация ғылымына тәуелді. Инженерлік жүйеге келтірілген осы алқаптар араға уақыт салып, ылғи да жөндеуден өткізіліп тұруы тиіс. Жөндеу кезең-кезеңімен атқарылатын себепті қалпына келтіру жұмыстарына жыл сайын техника мен уақыт бөліп отырмаса тағы болмайды. Күріш шаруашылығы су жинала алатын арнайы атыздар жасаумен ғана шектелсе жақсы ғой. Өзге дақылдарды егудей емес, барлық жұмыс тұтастай маманданған ұжымның күшімен, тәртіппен ұйысу арқасында атқарылады. Әртарапты техникалар сатып алуға қаржысы мол үлкен ұжымдардың ғана шамасы жетеді. Онсыз бірде-бір іс алға баспайды. 

Көктемде жерді жыртатын, тырмалайтын, тұқым себетін, яғни бірінен кейін бірі жүретін техникалар қажет. Жаз шыға тыңайтқыш шашатын шағын ұшақтар, күзде күріш оратын кеңқұлаш жаткалар, оған ілесе астық бастыратын әмбебап комбайндар, қара күрішті қырманға таситын тіркемелі машиналар тоқтаусыз жұмыс істеп тұруы тиіс. Қырмандағы тоқтаусыз дән тазалайтын техникалар тағы бар. Одан әрі қара күрішті қауызынан айырып, ақтау үшін арнайы зауыт айналысады.

Қазіргі күріш егу технологиясына баяғы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың кетпені қауқарсыз. Ыбырай атамыз бар болғаны жиырма гектардай аумаққа күріш ексе, бүгіндері бір сушы жүздеген гектар жерге жауап береді. Күріштікке жауапты адамды күрішші деп емес, сушы деп атаудың да себебі бар. Дақылды егу, күтіп-баптап, жинау арнайы техникалармен атқарылатын себепті сушының басты міндеті су деңгейін қатаң реттеуге көп қатысты. Жекешелендіру жеделдетіп басталғанда күріш өсірудің осы күрделі технологиясы ескерілмегені анық. Күріш танаптары отбасындағы адам санына қарай, олардың еңбек өтілдеріне қарай ауыл тұрғындарына бөлініп берілді. Ал техникасы жоқ жалғыз-жарым адам күрішті құр қолмен қалай екпек? Оған шағын ұжымның да қауметі жете қоймайды ғой. Осы жағы нақты болжанбады. Осылайша азын-аулақ күріштік жерге ие болған сырбойылықтар естерін жиған соң бытырап жүріп береке таппасын ұқты ма екен, уақыт өте қайтадан шағын-шағын шаруа қожалықтарына біріге бастады. Олар қолда бар азын-аулақ техникаларының басын қосты. «Қайта бірігетініміз бар, онда несіне бөліндік?», – деген ой, сірә сол кезде көпшілікті мазалаған да шығар. Ал бұл кезде ауылдықтар көп нәрсені жоғалтып үлгерген еді.

Қайта біріккен шаруа қожалықтарының өздеріне тиесілі жерді игеріп, жұмысты ілгерілетіп алып кеткендері сирек. Көбісі-ақ еккен күріші көктеп, бас алған соң одан әрі күтіп-баптай алмай, зиянға ұшырады. Оның себептері әртүрлі. Ең бастысы – қаржы тапшылығы. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген сөз нақ осы күріш егістігіне арналып айтылғандай екен, қаржы тапшылығына ұшыраған шағын қожалықтар бірер жылда ескі-құсқы техникаларынан да айырылып, өздері ыдырап тынды. Қолдарында әлдене қалғандары басқа қожалықтарға барып қосылды, игіліктен жұрдай болғандары, екі қолға бір күрек іздеп қалаларға ағылды.

Сөйтіп көптеген күріш алқаптары жылдар бойы түрен тимей, игерілмей соры шығып бос жатты. Ал жер деген басты капитал, танаптар иен қалмай жыл сайын облыс экономикасына кіріс кіргізіп тұруы тиіс. Ауылшаруашылығын жекешелендіргенде малды, бақшалық жерлерді, жеміс бақтарын жеке адамдардың бөліп-бөліп алуға болатын шығар, бірақ күріштік алқаптарды олай бөліп бергеннен ешқандай нәтиже болмайтыны кімге де болса түсінікті. Оның үстіне кеңшар кезінен жинақталған бұрынғы байлықтың біразы жекешелендіру кезінде билік басында жүргендер мен ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барған.

Бұның бәрі жекешелендіру жете зерттелмей, сауатсыз жүргізгенінің, ауылшаруашылығы саласын егіншілік кәсіпті, жер мен су мәселесін білмейтіндер, қадірін түсінбейтіндер немесе жаны ашымайтын жемқорлар басқарғанының кесірі. Біздің елде Ауылшаруашылығы министрлігін біресе заңгер, біресе экономист басқарған кез де болған. Әне бір жылы Қызылордаға келіп, сарбалақтанған күріштікті аралаған Ауылшаруашылығы министрлігінің өкілі қара күрішті масақтан үгіп көрсеткенде: «Күріш деген ақ болмайтын ба еді», – деп, күлкіге қалған екен. Жекешелендірудің үлгісін жасаған бір ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы кейін жаңа монографиясын сол кездегі мемлекет басшысына ұсыныпты деген де әңгіме бар. Сонда ол: «Ауылды құртқан сен!» – деп, әлгі доктордың кітабын алмай, кері ысырып тастапты. Сірә, сол рас-ау.

Сондықтан тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру тақырыбы отызыншы жылдардағы ұжымдастыру тақырыбы сияқты терең зерттеуді қажет етеді. Бұл фильм Тәурат пен Құранда айтыла-айтыла әбден ақжем болған, адамзат құлағы ести-ести әбден мезі болған аңыз кейіпкері – малшы Әбіл атауын алса да, зерттеуге тұратын тың тақырыпты ашуға талпынған екен. Құптауға тұрады.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, 

республикалық «Таң-Шолпан» 

әдеби-көркем, көпшілік журналының

 бас редакторы

 

23.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27930
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27420
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44781
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40469
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45104