Жазғы демалыс кітаппен мәнді

Жазғы демалыс  кітаппен мәнді

Кітапхана – білім мен руханияттың алтын қазығы. Бүгінде ол – кітап сақтайтын орын ғана емес, оқырман мен ақпаратты, дәстүр мен заманауи технологияны тоғыстыратын үлкен мәдени-рухани орталыққа айналды. Осы орайда кітапханалардың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жазғы оқу бағдарламасының жүзеге асырылуы жайында кеңірек білу мақсатында Орал қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Ганди Шамкеловамен сұхбаттасқан едік.

– Ганди Ізтұрғанқызы, жазғы маусым басталғалы қалалық кітапханада қандай жұмыстар қолға алынды?

 – Жаз мезгілі – балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырудың қолайлы кезеңі. Осы мақсатта Орал қалалық кітапханалар жүйесі жыл сайын жазғы оқу бағдарламасын ұйымдастырып, түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар өткізеді. Бағдарлама оқырмандардың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және мазмұнды демалыс ұйымдастыруға бағытталған.

Жазғы бағдарлама аясында қалалық кітапханаларда әдеби сағаттар, ертегі оқу, кітап көрмелері, танымдық ойындар, викториналар, ашық есік күндері өткізіледі. Балалар өздерінің сүйікті шығармаларымен танысып, пікір алмасады. Мұндай шаралар оқырмандардың оқу мәдениетін қалыптастырып, жазғы демалысын мазмұнды өткізуіне ықпал етеді.

– Жазғы уақытта оқырмандардың кітапханаға келу белсенділігі қандай деңгейде?

– Жаз мезгілінде, әсіресе, мектеп оқушыларының демалыс кезеңінде кітапханаға келушілер саны айтарлықтай артады. Балалар мен жасөспірімдер жазғы оқу тізіміндегі әдебиеттерді алып қана қоймай, түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді қатысуда. Мұндағы маңызды бағыттардың бірі – мектеп жанындағы жазғы лагерьлермен бірлескен жұмыс. Кітапхана қызметкерлері балалар үшін кітапханаға саяхат, жылжымалы кітап көрмелерін, библиоглобус, танымдық ойындар мен ертегі қойылымдарын ұйымдастырды. Атап айта кетсем, Оқушылар сарайы жанындағы «Bala Land» жазғы лагерінің, «Дарын» қосымша білім беру орталығының жазғы лагері мен «Атамекен» жазғы сауықтыру лагерінің демалушылары үшін бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

– Жазғы демалысқа арналған арнайы жобалар немесе акциялар бар ма?

– Иә, жазғы кезеңге орай №10, №13 орталық балалар кітапханалары, №2 жасөспірімдер мен балаларға қызмет көрсету бөлімі бірлесіп, «Жазғы   кітапхана» жобасы бойынша жұмыс жасап келеді. Жоба аясында «Кітаппен бірге демал», «Бірге оқимыз» акциялары, ашық аспан астындағы оқу сағаттары, кітап көрмелері, әдеби ойындар, танымдық кездесулер мен шығармашылық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Аталған жобалардың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастыру, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, олардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау және кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайту.

– Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді өткізу үшін қандай іс-шаралар өткізілуде?

– Оларға арналған әдеби викториналар, ертегі сағаттары, кітап кейіпкерлерімен танысу кештері, шығармашылық байқаулар, сурет салу және қолөнер шеберлік сабақтары, интеллектуалдық ойындар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, кітапқа деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Қалалық кітапхана  жазғы оқу бағдарламасын 1 маусым – балаларды қорғау күнінен бастады. Қалалық мәдениет және демалыс саябағында Орал қаласы әкімінің қатысуымен қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырман мен кітап арасындағы байланысты жандандыру, заманауи формат арқылы оқырмандарды кітапханаға тарту мақсатында «Кітап дәмі – жан азығы» атты библио-кафе ұйымдастырылды. Мұнда оқырман назарына бірнеше әдеби «дәм мәзірі» ұсынылды. Мысалы, «Қазақ әдебиеті – рухани дәм» – қазақ әдебиеті; «Классика дәмін сезін» – орыс әдебиеті; «Әлем әдебиетінің дәмі» – шетел әдебиеті; «Ертегі дәмі – кітапта» –балалар әдебиеті.

 №9, 16 кітапхана филиалдары қаламыздағы  №2 жалпы орта білім беретін мектебі жанындағы лагерь тәрбиеленушілерімен 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалық шақ – бақытты елдің болашағы» атты мерекелік сағат өткізді.

 Ал №13  филиал мектептен тыс жұмыс орталығының «Кемеңгер» шығармашылық бөлімінің «Кемеңгер» тобының тәрбиеленушілеріне «Үйшік» ертегісінің қойылымын ұсынды. Шараның негізгі мақсаты: балалардың ертегіге деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы достыққа, бірлікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

– Биылғы жазда оқырмандар арасында ең көп сұранысқа ие болған кітаптар қандай?

– Қазақ классиктерінің шығармалары, балалар әдебиеті, әлемдік бестселлерлер, психология, мотивация және жеке даму бағытындағы кітаптар ерекше сұранысқа ие. Сонымен қатар мектеп бағдарламасына енгізілген көркем шығармалар мен тарихи романдарды іздеушілер де көп. Айталық, Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Т.Жексенбайдың «Балбұлақ», Б.Соқпақбаевтің «Балалық шаққа саяхат» секілді шығармалары.

– Оқырмандар қатарын көбейту үшін қандай жаңа тәсілдер қолданылуда?

– Кітапхана әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде жаңа кітаптар мен іс-шараларды таныстырып, онлайн айдарлар жүргізуде. Сондай-ақ мектептермен, колледждермен және басқа да мекемелермен бірлескен жобалар жүзеге асырылып, кітап көрмелері мен көшпелі кітапхана қызметі ұйымдастырылуда. Жастардың қызығушылығын арттыру үшін заманауи форматтағы кездесулер мен интерактивті іс-шараларға басымдық берілуде. Мысал, «Көшпелі кітап көрмесі» аясында білім беру ұйымдарында, балабақшаларда, қала көшелері мен мәдениет және демалыс саябақтарында шаралар өткізілді. Осы бағытта №4 кітапхана филиалы №10 ЖОББМ-нің «Күншуақ», «Айгөлек», «Алау» лагерьлерінің демалушыларымен жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру бағыты бойынша балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және ой-өрісін дамыту мақсатында «Балаларға базарлық»  жылжымалы кітап көрмесін ұйымдастырды.

 Тағы бір осындай шара – Орал қалалық кітапханалар жүйесінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі өткізген «Кітап – мәңгілік мұра» тақырыбындағы жылжымалы кітап көрмесі. Шараға №45 ЖОББ мектебі жанындағы жазғы демалыс лагерінің оқушылары қатысты.

№14 кітапхана филиалы «Ертегілер еліне саяхат»  тақырыбында жылжымалы кітап көрмесін ұйымдастыру үшін «Жастар» саябағын таңдаған болатын.

– Кітапхана қоры биыл қандай жаңа әдебиеттермен толықты?

– Биыл кітапхана қоры қазақ және әлем әдебиетінің жаңа туындыларымен, балаларға арналған көркем әдебиеттермен, ғылыми-көпшілік басылымдармен, тарихи, танымдық және психологиялық кітаптармен толықты. Жергілікті авторлардың шығармалары мен заманауи қазақстандық жазушылардың жаңа кітаптары да қорымызға қосылды.

– Ганди Ізтұрғанқызы, жазғы демалысты кітаппен өткізудің бала мен ересек адамға берер ең үлкен пайдасы қандай деген сауалмен әңгімемізді түйіндесек?

– Жазғы демалысты кітаппен өткізу – уақытты тиімді пайдаланудың ең жақсы жолдарының бірі. Кітап оқу баланың ой-өрісін кеңейтіп, тіл байлығын арттырады, қиялын дамытады және оқу дағдысын қалыптастырады. Ал ересектер үшін кітап оқу – рухани демалыс, жаңа білім мен тәжірибе жинақтаудың, ойлау қабілетін жетілдірудің және күнделікті күйзелістен арылудың тиімді тәсілі. Сондықтан әрбір тұрғынды жаз мезгілінде кітап оқуға уақыт бөліп, кітапхана қызметін белсенді пайдалануға шақырамыз.

Сұхбаттасқан – 

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

БҚО, Орал қаласы

23.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26529
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25957
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43350
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39147
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43755