Димаш Құдайбергеннің «Көкжиектен асқан үн» атты алғашқы продюсерлік жобасы Qazaqstan Ұлттық телеарнасының эфирінде әр апта сайын демалыс күндері тұрақты көрсетіліп жүр. Бұл түсірілімдер Қазақстанның әсем табиғатында, соның ішінде қасиетті Түркістанда, Ақтауда (Каспий жағасы) және Алматыда өтеді. Қытайдың Hunan Broadcasting System арнасы халықаралық ән сайысын Қазақстанда түсірді. Негізінде музыкалық жобаның мақсаты - еліміздің әсем табиғатын барша әлемге танытып, туризмді дамыту, екіншіден жастарды патриотизмге, елін сүюге, бірлікке шақырып, өнерде шекара жоқ екенін таныту болып табылады. Түсірілім жұмыстары еліміздің табиғаты көрікті 6 өңірінде өтті. Олар Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстары мен Астана, Алматы қалаларында өтпек. Түркістаннан алғашқы кезең бастау алды. Байқауға қатысушылар пойызбен осы жерлерді басып өтпек. Теміржолшылардың оларды қарсы алар сәттегі толқынысын, эмоциясын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әсіресе жолсерік апайдың Димашты алғаш көретініне қатты қуанып, көзіне жас алғанын біз теледидардан тамашалап, өзіміз де тебірендік.
Реалити-жобаның шымылдығын Димаштың өзі ашты. Халықаралық ән сайысында 6 мемлекеттің өнерлі қыз-жігіттері бақ сынауда. Олар Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Сербия, Қытай, Қырғызстан, Италиядан келді. Бірінші эпизодтың жеңімпазы қазақстандық әнші Нұржас Садырбаев болды. Үздік үштікке сонымен қатар Цай Чэнъюй (Қытай) және Джулия Фальконе (Италия) енді. Нұржастың қаншама әлемнің түпкір-түпкірінен келген жезтаңдай әншілерінің ішінен суырылып алға шығуы бізді қатты қуантты. Димаш бұл жобада тек продюсер емес, сонымен қатар қазылар алқасының төрағасы және музыкалық сарапшы ретінде қатысуда. Түркістандағы түсірілімдер 2025 жылдың қыркүйек айында басталды және ол өте ауқымды деңгейде ұйымдастырылды.
Сондай-ақ шетелдіктер халқымыздың бай салт-дәстүріне тәнті болды. Байқау Түркістанның ең көрікті әрі тарихи жерлерінде өтті. Олардың қатарында Қожа-Ахмет Иассауи кесенесі, Күлтөбе қалашығы, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі және қазақ халқының салт-дәстүрін паш ететін «Этноауыл» кешені бар. Шетелден келген жобаға қатысушы қонақтар қазақ халқының тарихи жерлерін көзбен көріп, оларды қызыға да тамсана аралады. Сондай-ақ Димаш өзі бастап біздің салт-дәстүрімізбен, ұлттық ойындарымызбен таныстырып, ұлттық тағамдарымыздан дәм таттырып, қонақжайлылығымызбен тәнті етті. Оның басқа тілде шұбарламай, бәрін өз ана тілінде сөйлеп таныстырғаны елін сүйетін нағыз патриот екенін көрсеткендей. Шетелдіктерге қазақ тілінің бай, әдемі де ғажап тіл екенін танытты.
Қатысушылар үшін көне шаһардың таңғы әсем көріністері мен мыңжылдық қабырғалары ерекше шабыт көзі болды. Олар кәсіпкерлермен кездесіп, сұхбаттасты. Әсіресе күнбағыс алқабындағы көрініс өте ғажап еді! Кешке батып бара жатқан күнмен бірге күнбағыстар алтын түске малынғандай болды. Дихандар шетелдіктерге бұл өсімдікті қалай күтіп-баптау керектігін және одан қандай тағамдар өндірілетінін түсіндіріп берді.
Жобаның бастамашысы әрі қазылар алқасының төрағасы Димаш Құдайберген қатысушыларға жоғары талап қоюда. Туындылар тек ағылшын тілінде ғана емес, қытай тілінде де орындалып, «Fire» авторлық композициясы тыңдаушыларға тосын форматта ұсынылды. Сонымен бірге жылдам ырғақтағы қазақ тіліндегі рэп элементінің енгізілуі көрерменді таңдандырып, өздеріне тәнті етті. Байқауға қатысушы өнерпаздар заманауи опералық әндерді орындады. Және де қытайдың биік таулы аймақтарына тән әуендерін де шырқады. Әртүрлі жанр мен стильдегі музыкалық шығармаларды шырқап, тыңдаушыларының ықыласына бөленді. Қазақстандық Нұржас Садырбаев Димаш Құдайбергеннің авторлығымен жазылған «Самал» әнін қазақ тілінде орындады.
Концерттік нөмір аяқталған соң жоба ережесіне сәйкес көрермендер қатысушылардың өнерін бағалап отырды. Музыкалық сарапшылар Лэй Цзя мен Димаш Құдайберген бағдарлама соңында алғашқы байқау күнінің қорытындысын жариялап, үздік үш орындаушыны айтып өтті. Сөйтіп Италиядан келген Джулия Фальконе (үшінші орын), Қытайдан Цай Чэнъюй (екінші орын) және алғашқы эпизодтың жеңімпазы — қазақстандық Нұржас Садырбаевтар жүлделі орындарға ие болды. Өткен жылдың қыркүйек айында қатысушылар Қазақстанның біраз жерлерін аралап, 7 мың шақырымдай жол жүріп өтті. Олар көне Түркістанды, Маңғыстаудағы Бозжыраның ерекше көріністерін және Каспий теңізі жағалауын, табиғи інжу-маржанға айналған Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, туристік Саты ауылын, Қапшағай су қоймасын, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын көзбен көріп, тамашалады.
Айта кетерлігі, «Көкжиектен асқан үн» жобасының ресми көрсетілімі Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан асатын Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында және Қазақстанда «Qazaqstan» ұлттық арнасында көрсетілуде. Бұл түсірілімге «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Астана, Алматы қалаларының және Алматы, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарының әкімдіктері ұйымдастыруға атсалысып, демеуші ретінде «Qarmet», «Қазақмыс», «Алтын Алмас» компаниялары мен Нұрлан Смағұлов қоры қолдау көрсетті.













