Қазақ халқы салт-дәстүр, әдет- ғұрыпқа бай және әрбір ұлттық дәстүрлеріміздің тәрбиелік мән-мағынасы зор. Ұлтымыздың бұл дәстүрлері жас ұрпақты өнеге мен білімге, инабаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелейді. Олар халықтың ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан асыл құндылығы, әлеуметтік-мәдени мұрасы болып табылады. Әйтсе де заманына қарай салт-дәстүрдің барлығы негізін сақтай отырып, өзгеріске ұшырайды екен. Өмірдегі жағдайларға байланысты қазақ тұрмысында салт-дәстүрлер көпмәнді болып, күнделікті тіршілікпен біте қайнасып, топтасып отырған. Негізінде салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың айырмашылығын біліп алған жөн.
Бір ұлт пен халықтың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан, әлеуметтік ортасында ұзақ уақыт бойы сақталып отырған және тарихи қалыптасқан әлеуметтік-мәдени құндылықтар жиынтығы салт-дәстүр деп аталады. Ал әдеп-ғұрып дегеніміз – белгілі бір қоғамда немесе ортада белгілі бір тарихи жағдайға байланысты адамдар арасында қалыптасқан қоғамдық тәртіптің бір түрі болып есептеледі. Әдет-ғұрып рәсімдер арқылы көрсетіледі. Жақсы әдеттердің өмірде қолданысқа айналуын «әдет-ғұрып» деп атаймыз. Ал біржолата өмір заңдылығына айналып кеткен істерді «салт-дәстүр» дейміз. Ағайын, туған-туыс, көршілер арасында жақсы қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етіп, салт-дәстүрлер елді ынтымақтастыққа, бірлікке үндеп отырған.
Сондықтан, ұлттық рухани құндылықтардың мағынасын сақтай отырып, жаңа бағытта насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, салт-дәстүрлерді таныту,тұрмыста салт-дәстүрлермен біте қайнасып, күнделікті тіршілігіміздің бір бөлігіне айналдырудың өзектілігі жоғары. Біз қоғамда балаларымызды әдепті, иманды, саналы, намысты азамат етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен ата-бабаларымыздан қалған мұраларымыз - ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, дәстүрлі дінімізді олардың саналарына сіңіре беруіміз тиіс. Отбасынан берілетін тәрбие-тағылым ұлттық құндылығымыз болмақ. Яғни Отан- отбасынан басталады дегендей бұл әр отбасы мен азаматтарының міндеті. Сондай-ақ қайырымдылықтың, ізгіліктің дәнін жас ұрпақтың бойына себе беру қажет. Оларға туған жерін, Отанын сүйіп, оны шамасы келгенше қорғай білуге, патриоттық сезім мен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге үйреткен жөн.
Қазіргі дамыған дәуірде озық қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып, білім, мәдениет, өнер жағынан озық келуі ол ұлттық тәрбиеге байланысты. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады, дегенмен мұнан кейін балабақшаның да рөлі зор. Айталық, салт -дәстүр, ауыз әдебиетін біліп-танып, одан нәр алып өскен балаларымыз қай кезде болмасын мықты болып өсетіні сөзсіз. Тәлім-тәрбиенің төресі- ұлттық салт-дәстүрді, мәдениет пен өнерді насихаттау.
Балаларымыз асық ату, бәйге, көкпар, теңге алу, аударыспақ т.б ойындарымызды танып-біліп, ойнау арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өспек. Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі Жас ұрпаққа-адамгершілік-рухани тәрбие беру қазіргі кезеңдегі білім берудің басты мәселесіне айналуы тиіс. Осындай асыл қасиеттерге ие болып, рухани бай адам болу үшін баланы жаңа туған кезінен бастап тәрбиелеуіміз қажет. Тәрбие - талбесіктен, отбасынан басталады. Бұл ретте ата-аналар мен балабақша тәрбиешілерінің баланың бойына кішкентай кезінен адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық, мейірімділік сияқты қасиеттерді сіңіріп, дұрыс тәрбиелеуде атқаратын рөлі зор болмақ. Сол үшін де балабақшадағы тәрбие жұмысын дұрыс жұмыс істеуіне жағдай жасап, еліміздің жас ұрпаққа беріп келе жатқан салт- дәстүрі мен әдет- ғұрыптарын сақтағанымыз жөн. Сәбилерімізге отандық «Балапан», «Қазақстан», «Хабар» телеарналарынан қазақша бағдарламалар мен мультфильмдер көрсеткізіп, өзіміздің тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ана тілімізді құрметтеуді үйрету керек.
Дамыған кез келген елдің әдебиеті мен өнері, ғылым мен техникасы, әлеуметтік жағдайы, рухани мәдениеті, материалдық өндірісінің ең маңызды жетістіктері олардың рухани құндылықтары арқылы байқалады. Бұл өсіп келе жатқан жас ұрпақтың азаматтығы мен отаншылдық, рухани-адамгершілік жан-дүниесінің қалыптасуына әлбетте өз әсерін тигізбей қоймайды. Қазақ халқы жастарға үлкен үмітпен қарап, оларға ерекше сенім артқан. Үлкен адамдар кішкентай балалардың ертең ел ағасы болатынын естен шығармай, олардың тәрбиесіне қатты назар аударып отырған. Осы орайда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақалды бекер айтпаса керек. Жалпы ұлттың алдында тұрған ұлы міндет - болашақта елімізге қызмет атқаратын ұрпақтарды ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, бойында ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеу болып тұр.
Шаргүл Қасымханқызы













