Референдум

ЖАҢА ЖЫЛЫМЫЗ ҚАЗЫҒҰРТТАН БАСТАЛҒАН

ЖАҢА ЖЫЛЫМЫЗ   ҚАЗЫҒҰРТТАН БАСТАЛҒАН

Топан туралы аңыз бойынша, қырық күн, қырық түн ұшы-қиыры жоқ телегей теңіз үстінде, таудай толқындардың арасында қайда барар бағытын білмей бұлғақтаған Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауының басына тіреле тоқтапты деседі. Сол күн мен түн теңелген мезгіл екен. Нұқ бабамыз осы күнге, «наурыз», яғни «жаңа күн» деп ат беріпті. Сол күні ұлан-асыр той жасап, асыл нұрдан шашу шашыпты...  

 Көне әпсанадан қалған сөз

 

 

Аңыз болған атағы ғасырлардан ғасырға,

Ақиқат бар бұл жырда көңіл қойсақ расында.

Өткен екен ең алғаш ұлы дүрмек Наурыз той,

Қаражамбас қария тау Қазығұрттың басында.

 

Оған куә ана тау, мынау өзен, тастар маң,

Оған куә көк аспан кемпірқосақ жастанған.

Ұлысымның осынау Ұлы күні алғашқы,

Қаражамбас баба жұрт Қазығұрттан басталған.

 

Қай жақтарға тартпады біздің қаңғақ-арбамыз,

Шығыста да жүрдік біз, батысқа да барғанбыз.

Сон-о-оу көне заманғы топан жайлы сол аңыз,

«Кеме қалған» шың анау сол топаннан қалған із.

 

Содан бері селдетіп өтті қанша замандар,

Өтті қанша қаһарлы патшалар мен қағандар.

Бір анығы сол күнді әр жыл сайын ұмытпай,

Ұлан-асыр той жасап тойлап келед(і) адамдар.

 

Кімге қиып көрсетем мынау тарпаң қалпымды,

Кімдер екен білетін менің асыл нарқымды.

Әлі күнге әуре боп ұқтыра алмай келем мен,

Дала жатқа айтатын сенің дара даңқыңды.

 

Күміспенен күптеген, алтынменен аптаған,

Пәруаны асқан халқымның қасиетін сақтаған.

Аспан түстес жүрегі енді ақынға құлақ түр,

Қоңыраулы жылдардың шежіресін жаттаған:

 

Қазақ иісі аңқыған, айналайын, жан бабам,

Өзің жайлы толғансам, күш береді сол маған.

Бір той жасап берсем деп армандаумен келем мен,

Мынау байтақ қазақта бұрын-соңды болмаған.

 

Әр-әр жерден үзіліп, әр-әр жерден жамалған,

Наурыз менің ар-намыс, рухым ғой тоналған.

Бүкіл қазақ баласын Қазығұртқа шақырып,

Бір қазаннан ырымдап дәм татқызсам, жоқ арман!

 

Бүкіл қазақ бас қосқан тойдан немді аяйын,

Ағыл-тегіл шашылған ақ дастарқан жаяйын.

Көңілдердей көл-көсір сол дастарқан төрінде,

Қобызымды қолыма ап аңыратып қояйын,

Қазағымның бір күйін маңыратып қояйын...

 

Наурыз көже – киелі қазағымның құт дәмі,

Жеңіл болсын жегені, қабыл болсын тұтқаны.

Ағайынның бірлігі – берекемнің ұйытқысы,

Бекем болсын әрдайым нар халқымның мықтары!

Менде жалғыз арман бар, әлі емшім жетпеген,

Жүрегімде бүр жарып, тілегімде көктеген.

Бүкіл қазақ бас қосқан Қазығұрттың басында,

Наурыз жайлы күркіреп жыр оқысам деп келем.

 

Көк қошқардай кенеттен түсе қалған аспаннан,

Бұл не қылған – демеңіз, батпан құйрық тасталған.

Ұлысымның осынау Ұлы күні алғашқы,

Қаражамбас қария тау Қазығұрттан басталған.

 

Әр-әр жерден үзіліп, әр-әр жерден жамалған,

Наурыз менің ар-намыс, рухым ғой тоналған.

Бүкіл қазақ бас қосқан сол Қазығұрт басында,

Күркіреген күндей бой жыр оқысам – бар ма арман!

Беу, дүние-ай!..

                                   

***

Наурыз келіп басына Қазығұрттың,

Күңгір-күңгір көне жыр сазын ұқтым.

Көк көйлекті көктемнің иісінен,

Кеткендеймін қанатым жазылып бір.

 

Келес тасып төменде, сел боп ағып,

Арғымақ су алыпты арқаланып.

Ауық-ауық қашады аулақ жаққа, 

Жылға-арықтың ауызын дап-дала қып...

 

Аңқыма жел-құйғытқан күрең делік,

Таң көрінді тауларға рең беріп.

Аман-есен тағы бір жыл аттады,

Төрт құбылам төрімде түгенделіп.

 

Ойсыл қарам бір уақ ойға шомар,

Қос өркеші селкілдеп боздай болар...

Ғашығына жүрегін ақтарады,

Алтыбақан ойнаған бозбалалар.

 

Қырдан ескен жып-жылы таң самалы,

Қасат қардың көбесіп паршалады.

Намазшамнан тұрып ап наурызек құс,

Тереземнің түбінде ән салады.

 

Таудай көңіл күндей боп күркіреді,

Жапырақтар жанымда сілкінеді.

Көк көйлекті көктемге ғашық қылып,

Жаңа жылда жаңа бір жыр түледі.

 

Туған жердің әр тасын пейіш көріп,

Жүретұғын текті жұрт өрісі едік.

Кел, бауырым, ендеше, жекеленбей,

Жаңа жылда төс басып көріселік!      

 

НАУРЫЗ ТІЛЕК

Наурыз айы – көктем айы қашаннан,

Аңыздағы қас арудай жасанған.

Наурыз айы – мейір айы, бір жерге,

Тілектер мен тілектерді қоса алған.

 

Наурыз айы – ұлыс айы, Күн айы,

Наурыз айы – берекенің шырайы.

Мынау бипаз тіршіліктің ырғыны,

Кең даламды тербеп тұрған ұдайы.

 

Наурыз айы – бірлік айы, жыр айы,

Наурыз айы  – биші қыздай мінәйі.

Қыр төсінде қызғалдақтар ән салып,

Қазағымның беріп жатыр құдайы.

 

Наурыз айы – ақ пейілі елімнің,

Ынтымағы, ырыс-бағы жерімнің.

Наурыз айы – Қыдыр айы қадірлі,

Бас қонағы қасиетті төрімнің.

 

Әз еліме бейбітшілік сәт тілеп,

Әр көңілден ақтарылсын ақ тілек.

Құтты болсын ұлысымның мейрамы,

Он екі айдың барлығынан тәттірек.

 

НАУРЫЗ КӨЖЕ

Сағыныш едің сан біздің,

Сырласар мынау ғасырмен.

Келдің бе, әулие Наурызым,

Көктемнің қарлығашымен.

 

Тоналдың дағы жоғалдың,

Тағдырдың жазғаныменен.

Өлкеме қайта оралдың,

Құстардың саздарыменен.

 

Төркіндеп шығып төріме,

Ұлы той жетті дүркіреп.

Тұлпарым келіп еліме,

Тағы да жатыр жыр түлеп.

 

Шаттықты әркез сезеді ел,

Үзілмей күйдің өзегі.

Алдыңнан шығып әжелер,

Ұсынар наурыз көжені.

 

Көженің, шіркін, иісі-ай,

Иісі-ай кеткен бұрқырап!

Жеңгемнің сондағы күлісі-ай,

Ағамның жатқан ырқын ап.

 

Көрмеген жанға бәрі аңыз,

Ал, сосын таңсық осы өлең.

Тәңірден тілеп аламыз,

Ырысқа толы кеседен...

 

Жүректен шыққан құлын үн,

Жүрекке жетсе – айтады ән.

Сағына жеткен Ұлығым, –

Наурызым келді қайтадан.

                                        

Болат ШАРАХЫМБАЙ   

 

 

21.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23932
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23603
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40916
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37021
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41270