«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі». Бұл – біздің атазаңымыздың алғашқы бөлігіндегі нақты сөз! Құқықтық мемлекет атауына анықтама берілгенде азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сот арқылы қорғалады. Біздің Конституцияда мемлекеттік биліктің бөліну қағидаты нақты белгіленген. Яғни, заң шығарушы орган, атқарушы орган және тәуелсіз сот билігі. Бұлардың әрқайсысы өз өкілеттігі шеңберінде әрекет етіп, бір-бірін тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі арқылы бақылап отырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот арқылы құқықтарды қорғау мәселесіне жіті назар аударып, өзінің дәстүрлі Жолдауларында, кездесулерінде бұл тақырыпты назардан тыс қалдырған емес. Мәселен 2020 жылы Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезі делегаттарының алдында сөйлеген сөзінде: «Сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі», – деген еді. Содан бергі уақытта Президентіміз «Заң және тәртіп қағидатын» ортаға қойып, бұл мәселенің маңыздылығына онан ары серпін бергендей болды.
Осы айтылғандардың дәлелі ретінде еліміздің саяси өміріне қатысты жағымды жаңалықтар өмірге еніп жатыр. Президенттің бастамасымен сот жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар реформалар жүргізілді. Бұлардың қатарында, азаматтардың сотқа жүгіну мүмкіндігін кеңейту, судьялардың тәуелсіздігін күшейту, сот ісін жүргізуді цифрландыру шараларын атауға болады. Президенттің айтуынша, бұл реформалардың мақсаты – сот төрелігінің сапасын арттыру және азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін күшейту болмақ.
Таяу жылдардан бергі статистикалық деректер елімізде азаматтардың өз құқықтарын сот арқылы қорғауға белсенділік танытып отырғандығын айғақтап отыр. Мысалы, сот органдарына түсетін талап-арыздар мен шағымдардың саны соңғы жылдары шамамен 18,1 пайызға артқан. Бұл өз кезегінде халықтың сотқа деген сенімінің артып келе жатқанын дәлелдесе керек. Осы тұста соттардың әділ шешім шығаруы дағдыға айналып келе жатқандығын қуанышпен атап өткен жөн. Дәлел ретінде бірер мысалға тоқталайық. Статистикаға жүгінер болсақ, азаматтық істер бойынша апелляциялық тәртіпте қайта қаралған істердің саны азайып, өзгертілген немесе күшін жойған сот актілерінің үлесі 1,7 пайыздан 1,4 пайызға дейін төмендеген. Бұл бірінші сатыдағы соттардың шешімдері көбіне дұрыс және заңды қабылданатынын көрсетеді.
Өмірде түрлі жағдайлар кездесіп отырады. Мұнда сотқа жүгіну мәселесі тек азаматтардың арасында ғана кездеседі десек, қателесеміз. Қарапайым халықтың бір өкілі мемлекеттік органдардың шешімдерімен келіспеу, немесе өзара жасалған келісімшарттардың бұзылуы нәтижесінде сотқа жүгініп жататын оқиғалар да жиі кездеседі. Мұндай даулы мәселелер туындаған кезде азаматтардың құқықтары сот арқылы қорғалып, істің шешімі жеке азаматтың пайдасына шешілген ахуалдар да көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бір сөзінде, қазіргі статистика бойынша азаматтар мен кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға қарсы сотқа шағымданған істерінің шамамен 60 пайызына дейінгісінде жеңіске жететіндігін тілге тиек еткені бар. Бұл соттардың тәуелсіздігі мен объективтілігінің артып келе жатқанының дәлелі болса керек.
Еліміздегі соңғы жылдары жүргізіліп жатқан маңызды саяси реформалардың қатарында сот жүйесін жетілдіру мақсатында жаңа институционалдық өзгерістер енгізіліп жатыр. Мысалы, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша жеке кассациялық соттар құрылып, сот шешімдерін қайта қараудың тиімділігі арттырылды. Бұл өзгерістердің мақасаты – сот төрелігінің қолжетімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғандығын атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында сот жүйесінің сапасын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Ол судьялардың жауапкершілігін күшейтіп, сот актілерінің сапасын бақылау тетіктерін жетілдіру қажет екенін дәріптеп, маңызды тапсырмалар жүктеп отыр. Президенттің пікірінше, «сот төрелігін атқару сапасын» бағалау жүйесін жетілдіру және апелляциялық институтты реформалау әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».
Бұл – еліміздің саяси өміріне қатысты маңызды әрі ауқымды тақырып. Бір анығы – Қазақстан Республикасында азаматтардың құқықтарын сот арқылы қорғау тетіктері біртіндеп жетілдіріліп келе жатқандығы болмақ. Президенттің бастамасымен сот жүйесін реформалау, судьялардың тәуелсіздігін күшейту және сот ісін жүргізуді цифрландыруға бағытталған маңызды қадамдар, қазір өз жемісін бере бастады. Статистикалық мәліметтер азаматтардың сотқа жүгінуі артып келе жатқанын және сот шешімдерінің сапасы жақсарып жатқанын көрсетеді. Бұл жағдай құқық үстемдігін нығайтып, қоғамдағы әділдікті қамтамасыз етуге ықпал етері сөзсіз.













