Биыл тағы 5 мәдениет үйін пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай өткен жылдың қорытындылары бойынша өткен алқа мәжілісінде баяндады. Бүгінде облыста халыққа мәдени қызмет көрсететін 506 мекемеде 3 648 қызметкер еңбек етуде. 2025 жылы 11 мәдениет нысаны пайдалануға берілді. 207 млн теңгеге 16 мәдениет нысаны ағымдағы жөндеуден өтті.
Биыл Жамбыл ауданында – 2, Талас ауданында – 2, Т. Рысқұлов ауданында – 1 мәдениет үйінің құрылысы жоспарлануда. Өңірде 202 мәдениет үйі мен клуб мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді. 819 клуб құрылымына 10 918 адам тартылған, оның ішінде балаларға арналған 620 үйірмеге 8 526 бала қатысады.
Аймақ халқының мәдени-рухани сұранысын қанағаттандырып отырған 275 мемлекеттік кітапхана жұмыс істейді. Жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарының электронды нұсқаларына еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Әулиеата кітапханасы» («Aulieata library») мобильді қосымшасы іске қосылды. Аталған қосымша «Google Play» және «App Store» платформаларында орналастырылып, 115 автордың 276 кітабын оқуға мүмкіндік береді.
2025 жылы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы ресми түрде іске қосылды. Биыл облыста 3 халықаралық, 9 республикалық және 40-қа жуық облыстық деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шара өткізу жоспарлануда.















