Жолы бірдің – жүгі бір,
Туы бірдің – түбі бір!
Биыл ел Тәуелсіздігіне – 35 жыл. Ұлан-ғайыр қазақ даласының ол шеті мен бұл шетіне жетуде ұшқан құстың қанаты талып, шапқан аттың тұяғы кетілетін қашықтық. Бұндай байтақ даланы қорғауда, Алаштың басын қосып, үш жүзді бір тудың астына біріктіріп, азат елдің айбынын көтерген – Абылай ханның кемеңгерлігі мен парасатты болжамы бүгінгі ұрпақ бақытының кепілі.
Аудан әкімінің іскерлігі
Біз осы бір бақытты да, азат шақтың аясында бабалар аманатына қаншалықты адал қызмет жасаудамыз?! Бұл сұрақ – әрбір саналы азамат пен елге қызмет атқарып, басшылық жасап отырған жандардың көкейіне орныққан, ісіне есеп беретін қағидаға айналуы заңдылық. Осы тұрғыда Зайсан ауданына 2023 жылдың маусым айында әкімдік қызметке келген Аэлита Ахметсәлімқызының Отанға деген адалдығымен туған жерге, аудан тұрғындарына деген қамқорлығы, атқарылып жатқан ісінің айғағы.
Атқарушы билік аудан әкімдігі мен өкілетті билік аудандық мәслихаттың мүддесі бір. Тұрғындардың сапалы өмір сүруіне қызмет жасап, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің экономикалық қуаттылығын арттырып, тұғырын нықтай түсу. Бұл мақсат пен мүдде бүгінгі ауданымыздағы әрбір ұлтшыл, отаншыл, елге жаны шынайы ашитын азаматтар мен белсенділердің ортақ мүддесі, ел игілігі үшін көтерген ауыр да болса, ортақ жүгі болуы тиіс. Жолы бірдің – жүгі бір болатыны да осында.
Батыс және Шығыс философтарының «Барлық жол Римге апарады» деген тіркесі төртінші ғасырдың аяғында Рим патшаларының империяның бүкіл аумағында 53 мың мильден астам жол салғандығынан шыққан. Бұл тіркес пен талап сол кезеңдегі батыс пен шығыс елдерін Римге жақындату еді. Ол дегеніміз – таспен төселген жол әр елдің мәдениеті мен сауда-саттығын Римге тарту. Рим қаласын өркениетті елге айналдырып, қала тұрғындарының әлеуметтік тұрмысын жақсарту болатын. Ол мұратына римдіктер қол жеткізді.
Өткеннен сабақ алып, өркениетті елдердің тәжірибесін өз жерінде іске асыруда аудан әкімінің іскерлігін анық байқауға болады. Ол жауапты да, жүгі салмақты қызметке келісімен, ауданның ішкі және бірнеше жылға созылған «Омск-Майқапшағай» тас жолының ауданға қарасты бөлігіне батыл әрі белшеше кірісті. Көктем шыға лай-батпаққа айналып, аудан орталығына қатынаған ауыл тұрғындарын, науқастанған жандарды «жедел жәрдеммен» ауруханаға жеткізуде, Майқапшағай бекетінде қызмет жасайтын кеденшілердің жұмысқа қатынауы, айналма жолдардың сапасыз қызметі тұрғындарға көп қолайсыздықтар мен кедергілер тудырды. Осы мәселені еш бүкпесіз облыс, республикаға жеткізіп, Сенат және Парламент депутаттарын Зайсанға шақыртып, тұрғындардың мәселесін көзбен көрсетіп, қолмен ұстатқан еді. Нәтижесінде жоғары мінбеде көтеріліп, «Омск-Майқапшағай» тас жолының ауданға қарасты аймағы өзгелерден бұрын бітіп, халық игілігіне берілді.

«Омск-Майқапшағай» жол құрылысында жүрген аудан азаматтарының еңбек ақыларын заң аясына келтіріп, айлап ала алмаған еңбектерін алуда да аянып қалмаған әкім, қиын сәтте тығырықтан шығар жол тауып, талаптылығының арқасында қарапайым еңбекшілердің нәпақасын қолдарына тигізді.
Сондай-ақ аудан әкімінің кәсіптік салада, серіктестік пен іскерлік орнатудағы ұзақ жылғы тәжірибесінің арқасында халықаралық деңгейде серіктестіктегі Қытайдың «Синь-Син» компаниясымен бірнеше дөңгелек үстелдер өткізілді. Жалпы дүние жүзінде Қытай мемлекетімен келіссөз жүргізіп, ортақ, тиімді мәмілеге қол жеткізу, әлемдік сарапшылардың айтуынша, оңайға соқпайды. Бұл саяси сындарлы сәтте де, қиысын келтіріп, тігісін жатқыза келісім жасалынды. Аудан басшысының арқасында ауданның ішкі жолына қарасты 12 км Шалқар-Қаратал-Үлкен-Қаратал ауылдарының орталық көшелері, құны 500 млн теңге, Зайсан қаласының орталық екі көшесі – Д.Қонаев пен Абылай хан, ұзындығы 5,5 км, құны 250 млн теңге болатын сапалы асфальтты мемлекет қаражатын шығындамай, «Синь-Син» компаниясының демеушілігімен төселді. Бұл аудан басшысының ауданға жасаған игі бастамасының бірі ғана, тұрғындарға деген адал қызметі.
«Омск-Майқапшағай» тас жолы жөнделеді деп басталғалы ауылымыздың Кеңес Үкіметі кезінде төселген орталық көшесін кеденге қатынаған ауыр жүк көліктері, жол жөндеудегі ауыр техникалар бұзып, жүруге жарамайтын етіп тастады. Бірнеше рет облыстық «ҚазАвтоЖол» мекемесіне хабарласып, жөндеп беруін сұрадық. Олар бұл бізге қарасты емес деп басында жалтарма жауаптар берді. Екі ауылдың арасына қатынаудан қалдық. Жол сапасын ауыр техникалар бұзғаны салдарынан жол-көлік оқиғасы жиі орын алды. Осы сәтте бізге қолдау көрсетіп, «Синь-Син» компаниясына үш ауылдың көшелеріне толық асфальт төсеттіріп, су өтетін 20-дан аса трубаларды жаңалап берген аудан басшыларына, күн-түн демей үш ауылдың асфальтының сапалы төселуін, жұмысты саябырлатпай, қыс көзіне қалдырмай тікелей бақылауында ұстаған мәслихат төрағасына алғысымызды білдіреміз. Сапалы, кең, жиегі жөнделген көшемізге қарап көзіміз тояды», – дейді Қаратал ауылының тұрғыны, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Бейсенбаев Бақытбек Бияхметұлы.
Шілікті де күре жолға қосылды
«Жол мұраты – жету» десек, сонау кеңестік дәуірден бері асфальт көрмеген, аудан орталығынан 60 км қашықтықта, шекара шебінде жатқан Шілікті ауылына бүгінгі таңға дейін көлікпен қатынау тұрғындардың басты мәселесіне айналған еді. 2020 жылдың желтоқсан айында «Шілікті-Омск-Майқапшағай» бағытындағы жолды асфальттауға тұрғындар атынан сол кездегі облыс әкімі Д. Ахметовке хат түсіріп, журналист-қоғам белсендісі ретінде қабылдауында болдым. Тұрғындар аманатын облыс басшысына дәлелдей отырып жеткізіп, мәселені оң шешіп қайтқан едім. 2021 жылы «Шілікті-Омск-Майқапшағай» бағытындағы жолды асфальттау жұмысы басталды. Жұмысты республика, облысқа танымал Нұрасылов Ғафур Болатұлы басшылық жасап отырған «Зайсан-Құрылыс» компаниясы жүргізді. Сол жылы 20 км асфальт төселіп, қалған 40 км, Шілікті ауылына кіреберіс 1 км жер жөндеусіз қалды. Шілікті халқының сүйіншілей жеткен қуаныштары су сепкендей басылды. Сол кездегі аудан атқамінерлері қалған шақырымға қаражат көзін таппады ма, жоғарыдан қолдау болмады ма, басталған жұмыс 2 жыл тоқтап, аяқсыз қалды. «Игі істің басына – жақсы келер қасына» демекші, А. Ахметсәлімқызы қызметке келісімен аяқсыз қалған «Шілікті-Омск-Майқапшағай» бағытындағы жолды бақылауына алып, құжатқа енбей қалған ауылға кіреберіс 1 км жолды қоса алып, облыстан қаражат бөлдіртті. 2024 жылы Алтын адам шыққан, қасиетті мекенге апаратын 60 км жолды «Зайсан-Құрылыс» компаниясы толық, сапалы аяқтады. Бүгінгі таңда асфальттың игілігін халық көруде.
Ұзақ жылдар күткен аудан орталығына қатынайтын Шілікті жолында асфальт жұмысы басталғанда, қуанбаған тұрғын болмады десем, артық айтқандық емес. Өзім 50 жыл Шілікті ауылында дәрігер болып, тұрғындарға қызмет жасадым. Осы аралықтарда жүкті әйелдерді, науқас жандарды аудан орталығына асфальтсыз жолмен жеткізу бізге бейнет болатын. Ауру тосып тұрмайтыны анық қой. Жолымызды қыста қар басып, көктемде су орып әуреге түсетінбіз. «Жол азабын жолаушы біледі» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Жолымыз екі жыл тоқтап, асфальт жұмысы аяқсыз қалғанда, «осымен бізге деген жақсылықтың біткені ме?» деп, халқымыз көңілсіз күйде жүрдік. Жақсылықтың жаршысындай болып ауданға басшылыққа келген А. Ахметсәлімқызы тұрғындармен кездесуінде жолымыздың толық аяқталуына уәде беріп, уәдесін орындады. Қазір жолымыз сайрап жатыр. Бұрынғыдай 1-2 сағаттап аудан орталығына қатынайтын біздер қазір сапалы жолмен айналдырған 30-40 минут айналасында Зайсан қаласына жететін болдық. Уақыт та үнемделді. Қыста жолымыз уақытында күрелуде. Жалпы аудан басшыларының Шіліктіге деген қолдаулары бізді қуантады, – дейді «Зайсан ауданының Құрметті азаматы», Шілікті ауылының тумасы, медицина саласының ардагері Мағажаева Назым.

Жол – өркениеттің бастауына бастар алғашқы қадамдар десек, А. Ахметсәлімқызы келгелі ауданның ішкі жолдары мен қала, ауыл жолдары асфальтталып, кейбірі жөндеулер көруде. Бұл дегеніміз шекара шебінде жатқан ауданымыздың өркениет жолындағы өнімді қадамдары. Ұзақ жылдар бұлай асфальт төсеу жұмыстары ауқымды болмағаны көпшілікке мәлім. Соның бір дәлелі – Зайсан қаласында бір жылда 9 көше, бұрынғыдай қысқа емес, толық асфальтталды. Оның 7-уі (Тәуелсіз Қазақстан, Жәнібек, Қ. Сәтбаев, С. Мантеев, О. Байсеитов, М. Ғабитов, Ғ. Сәрсекеев), құны 348,6 млн теңге бюджет тарапынан қаржыландырылса, 2-уі (Д. Қонаев, Абылай хан) демеушілікпен асфальтталды. Қала бойынша асфальтталған жеті көшенің ең ұзын үшеуі, жалпы қаражаттың 50 %-ы Заречный мөлтек ауданындағы С. Мантеев, О. Байсеитов, Ғ. Сәрсекеев көшелеріне бөлініп, асфальтталды. Бұл үш көшеде Заречный тұрғындарының мектепке қатынайтын оқушылары мен тұрғындардың негізгі көшеге шығатын жолдары болғандықтан, мөлтек аудан тұрғындарының сұранысымен атқарылды.
2024 жыл біздің Заречный мөлтек ауданының жылы деп айтқым келеді. Оқушылар мен мұғалімдеріміздің мектепке қатынайтын екі ұзын көшесі асфальтталып, қуаныштан майда асфальт жолмен жалаң аяқ жүріп, көрші-қолаң бір-бірімізден сүйінші сұрағандай болдық. Көшеміз жарқырап, асфальтталып, кешкісін балалы аналар қоларбасымен нәрестелерін серуендетіп, немерелеріміз велосипед, роликпен зуылдап жүйткіген көрінісіне еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін сүйсінбеген жан болмады. Өркениеттің дамуы біздің Заречныйға келгеніне өте қуандық. Алдағы уақытта да басқа көшелеріміз жөнделеді деген сенімдеміз. Осындай қуаныш сыйлаған, қаламыздың көшелерін жөндетіп, баспаналар салғызып, халықтың әлеуетін көтеріп жатқан аудан әкімі, қызымыз А. Ахметсәлімқызына Алла жар болсын, – деп аналық алғысын білдірген ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, «Зайсан ауданының Құрметті азаматы», мәдениет саласының ардагері Сүлейменова Алмагүл Төлегенқызы.
Ауыл да назардан тыс қалған жоқ
Мемлекетіміздің негізгі күре тамыры – ауыл! Ауыл өнімі, табиғи таза сүт өнімдері мен ет өнімдері үлкен қалаларда қолжетімсіз, құнарлы ас екені баршамызға аян. Қажырлы еңбек пен таза кәсіпті игеріп, аудан экономикасы мен еліміздің ауылшаруашылығы негізінде мал шаруашылығына үлес қосып, үлкен серпін беріп отырған ауылдарымыз. Ауылға да өркениеттің есік ашып енгеніне де көп бола қойған жоқ. Әлі де заман талабына сай қолдаулар күтіп отырған елімізде ауылдар бар. Ал біздің ауданымыздағы ауылдарымыз өзге аудан ауылдарынан көш ілгері. Осы тұрғыда ауыл көшелері де аудан әкімінің назарынан тыс қалмады.
2024-2025 жж. Сарытерек, Шалқар, Қарабұлақ, Дайыр, Қуаныш, Жалши, Қайнар, Біржан ауылдарында жалпы құны 500 млн тг ауыл көшелері асфальтталса, Қарабұлақ-Мұқашы, Жіңішкесу ауылдарының кіреберісі, Қаратал, Айнабұлақ, Біржан, Қуаныш, Кеңсай, Көгедай, Шілікті ауылдарының көшелері ағымдағы жөндеуден өтіп, жалпы құны 66 млн теңгеге қиыршық тас төселді. Көптен бері биліктің назарынан тыс қалып, қаражат та, көңіл де бөлінбей келе жатқан Біржан ауылы болатын. 2024 жылдан бастап ауыл тамырына қан жүгіре бастады. Округ орталығы Біржан ауылында негізгі төрт көше, Қуаныш ауылында екі көше асфальтталса, Ақарал ауылының ішкі көшесі, Біржан, Қуаныш ауылында қысқа көшелерге қиыршық тас төгілді.
Біздің ауыл көштің соңында қалып, ауданның көптеген игі істерінен қағылып, кенжелеп қалған еді. Ауылдан көшуде қарқын алып, ауылдың күйі кеткелі біраз жылдар болды. Бүгін сол қиындықтар көрген түстей болып артта қалды. Өзіміз сайлап алған ауыл әкімі, көз алдымызда өскен ұлымыз Дидар Бақытбекұлына дән ризамыз. Екі жылдың ішінде ауылымызды танымастай өзгертті. Негізгі төрт көшеміз асфальтталып, балшық боп жататын көшелерімізге тас төгілді. Ауданнан қаражат бөліп, алғашқы халықпен кездесуінде-ақ қамқорлық танытқан аудан әкімі Аэлита қызымызға рақмет. Бізде қаладағыдай асфальт көшемен жүрсек деп армандаған едік, оған да жеттік. Әр үйде ауызсу тартылған, әжетхана, ваннамыз үйде, көшеміз асфальтталған, жарық тартылып, ауылымыз түнде жарқырап тұр. Тұрмысымыз қаладан кем емес. Бізге әсіресе ауыл халқының тұрмыс-тіршілігіне үлкен назар аударып, қаражат бөліп, қолдау білдіріп жатқан Президентіміз Қ. К. Тоқаевқа, облыс әкімі Н. Сақтағановқа, аудан әкімі қыз да болса, азаматтар атқара алмаған жұмыстарды жасап жатқан А. Ахметсәлімқызына ауыл тұрғындарының атынан ризашылығымды білдіремін. Ұзақ жасап, елге қызмет ете берсін! – деп ақ батасын берген Біржан ауылының ақсақалы Жұмабек Сансызбаев.
Ел Тәуелсіздік алғалы 35 жылдың ішінде Сарытерек ауылына бірінші рет толық асфальт төселген көше – Бұланбай балуан көшесі. Осыған дейін бірнеше аудан әкімдеріне бұл мәселені халықпен кездесулерде айтқан едім. Амал не, уәде құр сөзбен қалған болатын. 2023 жылы аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызына ауыл тұрғындарымен кездесуінде мәселемді қайта көтеріп едім, бірден қолдау тауып, Бұланбай көшесі асфальтталды. Көшенің аяқ жағы жарықсыз қалған, ол да толық шешімін тапты. Сөзбен емес, іспен жұмыс атқаратын аудан әкіміне аудан, ауыл тұрғындары разы деп білемін, – дейді «Достық» газетінің қоғамдық тілшісі, «Зайсан ауданының Құрметті азаматы», ауыл ақсақалы Елжасов (Шәкен) Шайқымұрат.
Қала, ауыл көшелерін жөндеп, асфальттау өз жалғасын табатыны анық. 2025 жылы басталған Зайсан-Жаңатұрмыс-Шүршітсу, «Біржан-Ақарал» 24 км, жиыны шамамен 400 млн теңге бюджеттен қаражат бөлінген. Биыл бұл жолдар халық игілігіне беріледі. Жалпы осы екі ауылда көптен бері жол азабын тартып, машақатын көріп жүрген. А. Ахметсәлімқызы алғаш қос ауылдың тұрғындарымен кездесуінде мойнына алған аманаты болатын. Бұйырса, бұл аманат та сәтімен іске асып, тұрғындар игілігіне берілетін күн де алыста емес.
Әрине, бұның барлығы аудан билігі мен аудандық мәслихат депутаттарының бірлесе атқарып жатқан жұмысы. Әр округтің депутаттары сайлаушыларының аманатын билікке жеткізіп, қаражаттың тиімді бөлінуіне ықпал жасауда. Сонымен қатар қаражаттың бөлінуі мен облыс басшыларының қолдауының арқасында, аудан әкімінің сұраныс жасап, қажеттілікті тиімді жеткізіп, бюджет бекітуде ауданымыздан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Абжанов Дарын Қуатбекұлының аудан халқы мен экономикасына қажетті қаражатты қорғауының нәтижесінде жүзеге асатын игі істер. Әр көшенің құжатын әзірлеп, оның сараптамасын, қажеттілігін дәлелдей отырып, оң көрсеткіш алудың өзі біраз уақыт және үлкен жұмыс. Облыстан қанша аудан бар, солармен қатар тұрып, аудан сұранысын толық қанағаттандырып, қаражат тарту үлкен іскерлік пен табандылықты, жауапкершілікті талап ететіні анық.
P.S. Бақ бағалағанға қонады. «Бақ, қайда барасың? Береке-бірлігі жарасқан елге барамын» дегендей, бүгінгі таңда ауданымыздың әлеуметтік және экономикалық дамуында, тұрғындардың әлеуметтік тұрмысының артуына орасан еңбек жасап жатқан азаматтарымызды бағалай білейік. «Аяғы жаман төрді, аузы жаман елді былғайды» деген дана халқымыз. Барды бағалап, жоққа сабыр танытқан елде ғана бақ тұрақтап, береке болатыны анық. Осы мақаладан аз уақыт ішінде бір саладағы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды бағалап, пайымдауға болады. Бай-қуатты болайық, оқырман!
Еркебұлан ЗАҒЫПАРОВ,
Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Шығыс Қазақстан облысы















