1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Талғар ауданында заманауи үлгідегі екі мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Соның бірі – Қайнар ауылдық округіне қарасты Көктал ауылының Айғаным шағынауданында пайдалануға берілді.
Мектептің салтанатты ашылу шарасына Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов, аудан әкімі Танат Айдарбеков және жергілікті тұрғындар қатысты.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін ауыл балалары Талғар ауданындағы Еркін, Қызыл Ту ауылдарындағы және көршілес Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылындағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр болған. Енді олар өз ауылында сапалы білім алуға мүмкіндік алды.
Жергілікті тұрғын Нұрболат Келгенбаевтың айтуынша, ауыл тұрғындары мектеп құрылысы басталған күннен бастап оның жүргізілу барысын бақылауда ұстаған. Олар балалардың сапалы білім алуына жасалған жағдай үшін шынайы алғыстарын білдіріп, ауылдық жерде заманауи мектептің ашылуының маңыздылығын атап өтті.

Мектеп директоры Нұрбол Қоншыбаев өз сөзінде жаңадан ашылған білім ордасында заманауи техникамен толық жабдықталған 45 оқу кабинеті барын айтып, жергілікті тұрғындарға қуанышын жеткізді. Сондай-ақ ол бұл мектептің ауыл балаларына сапалы білім алып, жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік беретінін айтты.
Жалпы аумағы 88 мың шаршы метрді құрайтын, 600 орынға арналған білім беру мекемесі «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған. Мектеп робототехника, химия, физика және биология зертханаларымен толық жабдықталған. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы кабинет қарастырылып, спортпен және шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған.

Ал Тұздыбастау ауылында ашылған жаңа мектеп «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында бой көтерген. Жалпы аумағы 14 мың шаршы метрді құрайтын білім ордасы 1500 оқушыға арналған. Мектеп заманауи техникамен толық жабдықталып, робототехника, химия және физика кабинеттері қажетті зертханалармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, оқушылардың спортпен шұғылданып, дене шынықтырумен айналысуына қолайлы жағдайлар жасалған.
Алматы облысында балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барлық қажетті жағдайлар кезең-кезеңімен жасалуда. Мұндай заманауи мектептердің ашылуы – өскелең ұрпақтың болашағы үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың айқын көрінісі. Ендігі кезекте, жаңа білім ордаларында білім алатын оқушыларға сапалы білім алып, биік белестерді бағындырып, ел дамуына үлес қосатын білімді де білікті азамат болып қалыптасуына тілектеспіз. Болашақтың кілті – білімде, ал бүгінгі жас ұрпақ – еліміздің ертеңгі жарқын келбеті.















