Үздік ондықтың қатарына енетін «Орал құс фабрикасы»

Үздік ондықтың қатарына енетін «Орал құс фабрикасы»

«Орал құс фабрикасы» атауы ел тұрғындарына кеңінен таныс екені белгілі. Бұл кәсіпорын бүгінде құс еті өнімдері және жұмыртқа өндірісін қолға алып, тұтынушыларға қызмет көрсетіп келеді. 

Жиырма жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасап келе жатқан фабрикада 250 мың жұмыртқалаушы тауық пен 100 мыңнан астам балапан өсірілуде. Негізгі бағыт – сапалы, экологиялық таза тауық жұмыртқасы мен құс етін тұрғындарға ұсыну. Осы бағытта жүйелі жұмыс атқарған мекеме еліміздегі жұмыртқа өндіретін құс фабрикаларының ондығының қатарында. Фабрика аумағында заманауи құралдармен жабдықталған жем дайындайтын, жұмыртқа сақтайтын және құс соятын арнайы нысандар жұмыс істейді. Өнім сапасын сақтау үшін кәсіпорын аумағына кіру қатаң бақылауда ұсталады. Бұл шаралар құстар арасында таралуы мүмкін деген қауіпті аурулардың алдын алып, тұтынушылар денсаулығын қорғауға бағытталған. «Орал құс фабрикасы» – сапа мен қауіпсіздікті басты орынға қойған отандық кәсіпорын ретінде өңір экономикасына елеулі үлес қосып келеді.

​«Орал құс фабрикасы» ЖШС директоры Тимур Жұмағамбетовтың айтуынша, кәсіпорында 2020 жылы үлкен серпіліс жасаған маңызды жобалардың бірі – №8 цехтың іске қосылуы. Бұл жаңа өндірістік нысан Германияның жетекші өндірушісі жасаған жаңа буындағы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Атап айтқанда, «Унивен» атты торлы жүйе арқылы құстардың денсаулығын сақтау мен экологиялық тепе-теңдікті ұстау қамтамасыз етіліп, өнімділік айтарлықтай артыпты. 

– «Орал құс фабрикасы» 2003 жылдан бері еліміздегі құс шаруашылығы саласында тұрақты қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда кәсіпорын Қазақстандағы жұмыртқа өндіретін ірі он фабриканың бірі саналады. Мұндай нәтижеге жету үшін біз үнемі жаңғырып, заманауи технологияларға басымдық бердік. Фабрикада бірнеше автоматтандырылған құрылғылар іске қосылды. Атап айтқанда, жұмыртқа жинау және сұрыптау құрылғылары толықтай енгізілді. Бұл жабдықтар өндірістік процесті жеңілдетіп, адам еңбегін оңтайландырды. Сонымен бірге өнім сапасын арттырып қана қоймай, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға мүмкіндік берді. 2022 жылы фабрикада тағы бір маңызды кезең жүзеге асты, яғни өндіріс толықтай автоматтандырылып, жұмыртқаларды қаптау және буып-түю процестері цифрландырылды. Бұл өзгерістер есеп жүйесін жеңілдетіп, бақылауды күшейтті, – деді «Орал құс фабрикасы» ЖШС директоры Тимур Бижанұлы. 

Аталған кәсіпорында 33 жоғары білімді маман еңбек етеді. Басшылық кадрлардың кәсіби дамуына ерекше көңіл бөліп, жыл сайын 14-16 қызметкерді арнайы оқыту курстары мен семинарларға жібереді. Өйткені заманауи өндірісті басқару үшін білім мен тәжірибе қатар жүруі тиіс. Фабрикадағы өндіріс жағдайлары халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылған. Нәтижесінде «Орал құс фабрикасы» «Алтын сапа», «Сапалы өнім», «Парыз» секілді республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Бұл – өнімге деген тұтынушылардың сенімі мен мемлекеттік деңгейдегі жоғары бағаның дәлелі. Кәсіпорын тек сапалы өнім өндірумен ғана шектелмей, ауыл шаруашылығы мен өңірлік дамуға да елеулі үлес қосуда. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, жаңа цехтар мен жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Негізгі міндет – халықты сапалы, қауіпсіз және экологиялық таза өніммен қамтамасыз етіп, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті отандық бренд қалыптастыру. 

«Орал құс фабрикасының» қойма жетекшісі Сейтжан Қоженов соңғы бес жылда жұмыс жасау едәуір жеңілдегенін жеткізді. Себебі автоматтандырылған жүйе сапалы қызмет көрсетуге ықпалын тигізген. 

– Осы жерде жұмыс жасағаныма он бес жылдан асты. Ұжымымыз өте тату әрі ұйымшыл. Қызметімді жақсы көремін. Соңғы жылдары фабрикаға көп техника мен жаңа құрылғылар сатып алынды. Мысалы, автоматтандырылған қойма жүйелері, тауарларды тез және дұрыс сақтау үшін арнайы құралдар енгізілді. Бұл жаңалықтар жұмысты айтарлықтай жеңілдетті, қоймадағы есеп-қисап пен тауар айналымы дәл әрі жүйелі болды. Осындай қолдау арқылы біз өндірістің үздік сапада болуына өз үлесімізді қосудамыз, – деді қойма жетекшісі.

Фабрика 250 мың жұмыртқалаушы тауық пен 100 мың балапан өсіруге арналған. Кәсіпорын аумағында жұмыртқалаушы тауықтарға арналған жеті цех пен балапан өсіруге арналған 2 цех жұмыс істейді. Оған қоса жем дайындайтын, жұмыртқа сақтайтын және сою цехтары да қарастырылған. Сапалы өнім өндірумен қатар өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосатын ірі кәсіпорындағы жаңа технологиялар мен заманауи жабдықтар нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктерін арттырып, тұтынушылардың сенімін жоғарылатуда. Дейтұрғанмен, фабрикада құстардың денсаулығы ең бірінші орынға қойылады. 

– Әр кезеңде құстарға бірнеше деңгейлі арнайы тексерулер өткізіліп, аурулардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылданады. Олардың жай-күйін қадағалау үшін заманауи диагностикалық құралдар мен әдістерді қолданамыз. Вакцинация, дезинфекция жұмыстарын жүйелі түрде өткізіп, өніміміздің сапасы мен қауіпсіздігін жоғары деңгейде ұстап тұрамыз. Бұл – біздің басты мақсатымыз және жауапкершілігіміз, – дейді «Орал құс фабрикасының» бас ветеринары Гүлмира Қабирова.

«Орал құс фабрикасы» тұтынушыларды жоғары сапалы, диеталық құндылығы жоғары жұмыртқамен, құс етімен қамтамасыз етіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс орындарын ұсынып келеді. Өткен жылы фабрикада өндірілген жұмыртқа көлемі 95 миллион данаға жетті. Ал балапан өсіруге арналған цехтарда 227,5 мың бас балапан сәтті өсірілді. Бұл көрсеткіштер – кәсіпорынның өнімділігінің жоғары деңгейін және нарықтағы тұрақты орнының айқын дәлелі. Мұнда қазіргі таңда орта есеппен 145 қызметкер жұмыс істейді. Фабриканың ұжымы негізінен Орал қаласына қарасты Зашаған, Серебряков, Круглоозерный елді мекендерінің, сондай-ақ қалаға жақын Щапов, Үлкен Шаған ауылдарының тұрғындарынан құралған. 2009 жылдан бері «Орал құс фабрикасы» ISO 9001 және ISO 22000 халықаралық стандарттарына сай интеграцияланған менеджмент жүйесін енгізіп, өнім сапасы мен қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар тағам қауіпсіздігін басқару жүйесі – ХАССП (қауіптіліктерді талдау және маңызды бақылау нүктелері) стандарттары бойынша сертификатталған. 

Ләззат Салауатқызы,

БҚО Орал қаласы

 

31.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20001
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19819
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34968
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33529
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37343