ҰМЫТЫЛҒАН ҰЛТ ДӘСТҮРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ҰМЫТЫЛҒАН ҰЛТ ДӘСТҮРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Шілде айының 30-31 жұлдызында Ырғыз аудан орталығында «Арай» мәдениет үйінде ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған «Төркіндеу» дәстүрі аясында ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісінің, «Еңбек ардагері» орденінің, «Пирогов» төс белгісінің, «Денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі еңбегі үшін», «Ардақты ардагер», «Әлемнің үздік әйелдері», «Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының ардагері» төс белгілерінің иегері «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» ҚБ мүшесі, Ырғыз топырағында дүниеге келген Қарымсақова Несібелі Сақтағанқызымен тағылымды кездесу өтті. «Төркіндеу» дәстүрімен еліне, туған жеріне 80 жастан асқан шағында Несібелі Қарымсақоваға бастамашы болған «Қазақстандық, салалық, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы – Табылдинова Сәрсенбайқызы және Омарбекова Баршагүл Орынбайқызы – «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Ырғыз ауданы бөлімшесінің жоспарлы бастамасы еді. Бұл игілікті іс-шараның жарасымды өтуіне Ырғыз аудан әкімшілігі, аудандық Ішкі саясат бөлімі, Мәслихат, аудандық мәдениет, оқу бөлімі, музей ұжымы зор ықпал етті. 

«Төркіндеу» дәстүрі – ұмытыла бастаған дәстүрлеріміздің бірі. Бұл дәстүрдің астарында жатқан болашақ ұрпақтарымызға берері көп тәлімі зор тәрбие – шаңырағынан ұшырған қыз балаға деген құрмет пен сыйластық жатыр. Осы дәстүрді жаңғырту мақсатында «Қазақ аналары: Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Ырғыз бөлімшесі жоспарға алып өткізуге қолдау жасап, зор ықпал етті. 

Бұл күндері аталмыш «Төркіндеу» дәстүрі аясында біршама дәстүрлер жаңғырып, жатты. «Бестің шәйі», «Шашу» «Дәм ауыз тигізу», «Сарқыт», «Сыбаға беру», «Байғазы» салт- дәстүрлері халықтың көз алдында жасалып, ынтымағы жарасқан Ырғыз елінің тәрбиелі ұйтқысын көрсетті. Ырғыз, Қалыбай, Қызылжар, Жайсаңбай Аманкөл ауылдық округтерінің «Қазақ аналары: Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі төрайымдары Нағымкүл Ешмұратова, Күлән Әбділдина, Айнагүл Әлиева, Рсалды Дәуселбаева, Людмила Тәмпішева ұжымдарымен осы іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысты. Қолөнер түрлерінен көрме, ұлттық тағамдардың түрлері «Қазан жаппай» нан, «Сірне», «Үлпершек», «Бұжы» қазақ қызына ұсынар «Құйымшақ» және түрлі қазақ дастарқанының сәнін алар сүт тағамдарынан жасалған құрт, ірімшік, сарысу т.б. сусын түрлері ұсынылды. Бұл қоғамдық бірлестік өткен айларда «Қымызмұрындық» дәстүрін жасап, үлкен істің үдесінен шыға білген еді. 

 «Арай» мәдениет үйінің салтанатты залында алғаш сөз алған Ырғыз аудан әкімі орынбасары Қонақбаев Серік Көбекұлы көпшілікке аудан әкімі Қызбергенов Нұрлан Қасымханұлының құттықтау сәлемін жеткізді. Туған жеріне төркіндей келген абзал апаның өмір жолы мен халқына сіңірген еңбектерін, еңбектегі толағай табыстарымен таныстырды. Рухани байлықпен көптен озатын ұрпақты көргіміз келсе, дәстүрімізді қайта оралтуымыз керек. 

Аталмыш шараға қатысушы қонақтар алдымен аудандық мәдениет үйінің фойесіне қойылған фотокөрме мен бейнекөрсетілімді тамашалады. Алыс-жақыннан келген қонақтар Аудандық тарихи-өлкетану музейінде, Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте, Аудандық кітапханаларда ұжымдармен кездесіп, құнды ұсыныстар мен пікірлерді ортаға салды. Сахна төрінен жергілікті өнерпаздардың орындауында әндер шырқалып, сол киелі сахнада құрметті қонақ Несібелі апаның немересі Жәния Ұзақбергенқызының орындауында домбырадан бірнеше күй орындалды. Салтанатты жиында құттықтаушы жерлестерінің қошеметіне бөленген абзал апа Ырғыз елінің құрметіне разылығын білдірді. Кеш соңында модераторы Ырғыз аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Әттиев Мейірхан бүгінгі салтанатты кештің құрметті қонағы болған Несібелі Сақтағанқызына микрофон ұсынды. Көптің құрметіне бөленіп, халқының мақтанышына айналған абзал ана өзінің Ырғыз топырағынан өсіп-өнгенін бақытты санайтынын толқыныста айтып өтті. Тарихи киелі жерден шыққан небір тұлғалар тура еске алды. Сонау қиыншылық заманда ата-ана қамқорынан ерте айырылып Ырғыз балалар үйінде өскен абзал әке Сақтаған Қарымсақұлы туралы да айтып өтті. 

Жиынға облыстық, аудандық БАҚ өкілдері де қатысып, сұхбат жүргізді. «Төркіндеу» рәсімінің басты кейіпкері, туған жеріне табан басқан Несібелі Қарымсаққызы жанына ерген облыс орталығынан келген қонақтар Аудандық тарихи-өлкетану музейінде, Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте, Аудандық кітапханаларда ұжымдармен кездесіп, құнды ұсыныстар мен пікірлерді ортаға салды. Ырғыз аудан әкімінің орынбасары Қонақбаев Серік Көбекұлы Несібелі Сақтағанқызына алқызыл гүл шоқтарымен, «Ырғызға 180 жыл» медаліне қоса «Алғыс хат», қазақи шапан иығына жауып, сый-сияпат ұсынып, мәртебесін көтеріп, ел-халықтың атынан алғыс айтты. 

 Жібек АБДУЛЛИНА,

 филолог-өлкетанушы,

 Ақтөбе облыстық

 тарихи-өлкетану музейі  

«Руханият» танымдық-патриоттық 

клуб төрайымы,  Ырғыз ауданы

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27078
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26547
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43876
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39668
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44227