Қонаев қаласында облыс әкімі М.Сұлтанғазиевтің қатысуымен 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты мерекелік іс-шара аясында «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Іс-шараға Алматы облысының Мәслихат хатшысы Қ.Байғоджаев, Ардагерлер ұйымының төрағасы Е.Тұрымбетов, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Беспаев, Қонаев қаласының әкімі А.Бердіханов, Алматы облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Р.Ибраев, облыстық Полиция департаменті мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылары – М.Әбікеев, Р.Кәрімжан, Қонаев қаласының Гарнизон командирі Б.Аманқалиев пен 50 әскери қызметші, облыстық мәслихат депутаттары, партия төрағалары, этномәдени орталықтардың төрағалары, жастар, 40 мектеп курсанты және қала тұрғындары қатысты.

Осылайша халық «Даңқ» мемориалының алдында жиналып, ел үшін жанын қиған жауынгерлер мен бүгінде арамызда жоқ ардагерлерімізді құрметпен еске алды. Шара Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларымызды еске алу үшін «Үнсіздік минутымен» басталды. Одан әрі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні шырқалып, облыс әкімі М.Сұлтанғазиев халықты Жеңіс күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. М.Сұлтанғазиев өз сөзінде: «Бүгінде арамызда санаулы ғана қалған қарт жауынгерлерге құрмет көрсету – баршамыздың қасиетті борышымыз. Осы бағытта Алматы облысы әкімдігі тарапынан жыл сайын әлеуметтік, материалдық және моральдық қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Қазіргі жастар үшін бұл тарихи шындық тек өткеннің естелігі емес, үлкен тәрбие мектебі болып табылады. Бүгінгі бейбіт өмірді бағалау, ел дамуына өз үлесін қосу – әрбір жас азаматтың қасиетті міндеті. Осы қастерлі күні біз Отан үшін от кешкен ержүрек жауынгерлеріміздің рухына тағзым етіп, олардың асқақ рухына бас иеміз!...» деп атап өтті.

Облыс әкімінің сөзінен кейін Қонаев қаласы гарнизонының әскери оркестрінің сүйемелдеуімен мемориалдың Мәңгілік алауына әскери қызметкерлер 3 метрлік лента гүлін ал, шақырылған ресми тұлғалар мен қала тұрғындары әскери қызметкерлердің ұстауымен гүл себеттерін тағзым етіп қойды.
Тағзымнан кейін мерекелік іс-шара Қонаев қаласының Б.Соқпақбаев атындағы Орталық саябақта қонцерттік бағдарламамен жалғасты.
Жалпы, Жеңіс күніне орай, жергілікті әкімдіктердің ұйымдастыруымен облыс бойынша соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштер мен обелисктерге гүл шоқтарын қою рәсімдері, еске алу кездесулері, «Ардагерлерді ардақтайық» патриоттық акциялары, концерттік бағдарламалар және басқа да тағылымдық шаралар өтті. Бұл күні облыс аумағында барлығы 73 іс-шара өткізіліп, іс-шараға 25 мыңнан астам адам қатысты.

Айта кетейік, Ұлы Отан соғысының жылдары елімізден 1 миллион 366 мың жауынгер майданға аттанса, оның 120 мыңнан астамы Алматы облысының тумасы болды. Өкінішке қарай, олардың 47 мыңнан астамы туған жерге оралмады. Қайтпас қайсарлығымен танылған жерлестерімізден 40 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл – халқымыздың Отан қорғау жолында танытқан ерлігі мен табандылығының айқын дәлелі.
Бүгінде Алматы облысында көзі тірі 4 соғыс ардагері: Солтанбай Жарықбасов (Еңбекшіқазақ ауданы), Тәңірберген Толғанбаев (Іле ауданы), Федор Ковалев (Жамбыл ауданы), Алым Кибиров (Ұйғыр ауданы) және 2 038 тыл ардагері өмір сүруде.
Біз, қазіргі ұрпақ, Ұлы Отан соғысында Жеңіске жеткен ардагерлер алдында әрдайым басымызды иеміз. Олардың Отан үшін көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы, ел мен жерге деген адалдығы – кейінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге. Батырлардың есімі халық жадында сақталып, жанқиярлық ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеле бермек. Бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің қадірін ұғындыру – ардагерлер аманатына адал болудың айқын көрінісі.
Әсем ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы















